Қолдау ілгерілеуге жол ашты

704

0

Облыста жыл өткен сайын медицинаның мүмкіндіктері молайып келеді. Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің сапасы да жақсара түсуде.

Бүгінде өңірдегі 808 225 тұрғынға қызмет көрсететін 18 стационарлық, 22 амбулаториялық-емханалық медицина ұйымында 2557 дәрігер, 9443 орта буын маман  еңбек етеді. Әрбір азаматты сапалы және қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жоба аясында күтілетін өмір сүрудің орташа ұзақтығы 2021 жылы 70,83-ті құрады. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытында да көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде республикалық бюджет есебінен  жалпы құны 2,3 млрд  теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін  250 келушіге арналған емхана құрылысы аяқталды. Наурыз айында шалғай медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды. Сонымен қатар,  «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 140 млн теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория (Жалағаш ауданы Таң ауылы) құрылысын қабылдау актісі алынды.

Медициналық мекемелер құрал-жабдықтармен толықтырылды. Биыл жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1523,9 млн теңге қаражат қаралды. Бөлінген 536,8 млн теңгеге компьютерлік томограф  (Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханасына), №3 қалалық емханаға,  Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына 443,9 млн теңгеге видеоэндоскопиялық жүйесі, қалалық орталық емханаға 36,5 млн теңгеге цифрлы стационарлық флюорографиялық рентген аппараты, №3 қалалық емханаға 48,1 млн теңгеге радиографиялық рентген жүйесі, №5 қалалық емханаға 49,5 млн теңгеге маммографиялық рентген жүйесі аппараттарын  сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 83,5 пайыздан 85%-ға дейін көтерілетін болады. Одан бөлек,  облыстық жедел жәрдем стансасына лизинг арқылы 20 санитарлық автокөлік алынды.  Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек орнына арналған көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) салу  бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң  қорытындысы алынды.

Әкімдік тарапынан Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесін енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды.  Осыған орай,  облыстың жедел және шұғыл қажеттілігін, Арал өңірі аймағы үшін маңыздылығын ескере отырып, аталған нысан құрылысын бастауға 2023 жылға 750 млн теңге республикалық бюджет есебінен бөлінді. Қазіргі таңда конкурс рәсімдері жүргізілуде. Ең қуантарлығы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасымен облыс бойынша ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны 9,7 млрд теңгеге 27 нысан (24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет) құрылысының тізімі бекітіліп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған болатын, бұл қолдау тапты.

Қазіргі кезде құны 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы Бөген, Қызылжар, Қазалы ауданы Кәукей, Абай, Бозкөл, Қармақшы ауданы Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Ақжар, Жалағаш ауданы Есет батыр, Мырзабай, Сырдария ауданы Н.Ільясов, Шиелі ауданы Досбол би, Бала би, Бұланбай бауы, Жаңақорған ауданы Қаратөбе) және 1 медициналық бекет (Арал ауданы Көктем елді мекені) құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Аталған 16 нысанның құрылысы  келер жылы басталады. Қалған 9 дәрігерлік амбулатория (Арал ауданы Тоқабай, Жалағаш ауданы Қаракеткен, Шиелі ауданы Ортақшыл, Тәжібаев, Тартоғай, Бестам, Алмалы, Жаңақорған ауданы Талап, Әбдіғаппар) мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет (Қармақшы ауданы Қармақшы және Қуаңдария) құрылысына келер жылы типтік жобаға байланыстыру жүргізілетін болады.

Арал туберкулезге қарсы диспансері ғимаратын «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы етіп реконструкциялау» жобасының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Жобаның жалпы құны  360 043,5 мың теңгені  құрап отыр.

Қазіргі таңда әкімдік тарапынан аталған тапсырманы орындау үшін жоба бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы»  Заңына сәйкес, конкурстық рәсімдер жүруде, қайта жаңғырту жұмыстарына келер жылға  338,7 млн теңге бөлу жоспарланды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласында жылына 5000-10000  жоспарлы донациялық IV санаттағы облыстық қан орталығының құрылысы жалғастырылмақ. Одан бөлек, келер жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде.

Бүгінде Сыр медицинасының елдегі абыройы асқақ. Олай дейтініміз, өңірде тұрғындардың денсаулық деңгейі жоғарылап, аймақ дәрігерлері күрделі оталарды жасауда да біліктілік танытуда. Бұрын шет елдерде немесе Астана мен Алматы қалаларында жасалатын күрделі оталар өз дәрігерлеріміздің бастамасымен сәтті жүзеге асуда.

Аймақ басшысының қолдауы, саланы қаржыландыру облыстың денсаулық сақтау саласының айрықша ілгерілеуіне жол ашты. Ал аймақтың ақ халатты абзал жандары тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге өздерінің білімі мен мүмкіндіктерін сарқа жұмсауда. Кардиохирургия, нейрохирургия салалары қарыштап дамуда.

Медицина қызметкерлерінің жұмысының қаншалықты ауыр және жауапты екені баршаға мәлім. Заман талабына сай қазіргі кезде медицина қызметкерлерінен үздіксіз ізденіс, үнемі білімін жетілдіру, жоғары интеллект  қажет етіледі. Ол үшін алыс- жақын шет елдерде білімді толықтыру, конгрестерге қатысу үшін қосымша қаражат қажет. Бұл тұста мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар да аз емес. Дәрігерлердің шетелде тәжірибе алмасу жұмыстары ширап келеді. Өткен жылы Түркия  Республикасында 7, Біріккен Араб Әмірліктерінде 14 бас дәрігер және олардың орынбасарлары тағылымдамадан өтті. 17 медициналық ұйым аккредиттеуден өтіп, сапа стандартына сай деп танылды. Сол себепті емдеу ұйымдарымыз талапқа сай, дәрігерлеріміздің білімі мен тәжірибесі ұштасқан деп айта алар едім.

Маман тапшылығы  қазір қай салада да кездеседі. Дегенмен, дәрігер тапшылығын жоюда біздің аймақта қарқынды жұмыстар жасалуда. Медицина саласында сұранысқа ие «Жалпы медицина» мамандығы бойынша маман даярлауға  облыс әкімінің 127 гранты бөлінді. Сонымен қатар өткен жылы 84 дәрігер жұмысқа қабылданды. Бұл мамандар халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп, елдің алғысын алып жүр.

Ал маманға жағдай жасау – үлкен мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы елдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге бет бұрғызып отыр. Биылғы өткен референдум халқымызға  күш-жігер сыйлады деп ойлаймын. Қор ашылып, сирек кездесетін ауруларды емдеуге қаражат мәселесі оңынан шешілді, медицина қызметкерлері үшін бұл – үлкен қуаныш.

Алдағы уақытта да денсаулық сақтау саласындағы игі істер өңір халқының игілігіне айнала бермек.

Сәбит Пазылов,

облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<