Қор білім базасын жаңартты

451

0

Жаңа оқу жылының басында Жаңақорған ауданында №286 орта мектебі «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен заманауи құрал-жабдықтармен жаңартылды.

«Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының екінші кезеңі аясында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен «Білім беруді тұрақты дамыту» қоры арқылы 250 млн теңге қаржы бөлініп, білім ұясының базасы толықтай жаңғыртылды.

Шараға «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары Лаззат Шыңғысбаева, «Білім беруді тұрақты дамыту» қорының жетекшісі Данияр Тоқтарбаев, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердаулетов, аудан әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов қатысты.

Мұнда 26 жаңа негізгі пәндік және 10 қосымша білім беруге арналған кабинет, жалпы 36 кабинет жаңартылған. Олардың қатарында STEM-лабораториялар, робототехника мен арнайы арт-студия, киностудия бар. Сондай-ақ акт залы мен мектеп кітапханасы толықтай заманауи техникамен қамтылған. Келешекте бұл мектеп тәжірибесін аудандағы шағын комплектілі мектептерге көрсетуге үлкен мүмкіндік туды. Сонымен қатар бала шығармашылығын дамытудың таптырмас тетігі. Ең бастысы мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстары тұрақты өткізіліп тұрады.

Нәтижесінде негізгі пән ұстаздарының да жұмысы жетіле түседі. Физика пәні мұғалімі Ақмарал Садырқызының айтуынша енді олар барлығын іс жүзінде жасай алады.

– Мектеп бағдарламасын тәжірибелер арқылы жасауға мүмкіндігіміз бар. Мәселен, Roqed панельдер, Энштейн лабораториясы, математикалық маятник тербелісі мен формуласын іс-жүзінде көрсете аламыз. Бұл балаларға түсіндіруімізді жеңілдетіп, олар да өз кезегінде жылдам меңгеріп алады, – дейді ұстаз.

– «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы білім беру кеңістігі мен үдерістеріне жаңа әдістерді әкеліп, ауыл баласының жоғары деңгейде білім алып, біліктілігін қалыптастыруға бағытталған. Былтыр Аралдағы мектепті жаңарттық. Биыл Жаңақорған ауданына тоқталып отырмыз. Алдағы уақытта Қармақшы ауданында толыққанды тірек мектебі пайда болады, – дейді «Қазақстан халқына» қоры төрағасының орынбасары өз сөзінде.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<