Құқық құрығы

344

0

Жүргізуші куәлігінен 7 жылға айырылды

Қалалық полиция басқармасының қызметкерлері жол жүру қағидаларын бұзған жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Құжаттарын тексеру барысында мас жүргізуші 2019 жылы желтоқсан айында сот шешімімен 3 жылға куәлігінен айырылғаны анықталды. 31 жастағы жүргізушінің тағы да мас күйінде автокөлік басқарғаны анықталып отыр. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды, автокөлік айып алаңына қойылды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Интернет алаяқтар құрықталды

Өңірімізде өткен жылдың қараша айынан бастап тұрғындарға белгісіз біреулер телефон арқылы хабарласып «жақының есірткі затымен ұсталып тұр, оны жазадан босату үшін біз айтқан есепшотқа дереу қаражат аударуыңыз керек» деп үрейлендіріп, алаяқтық жолмен қаражаттарын жымқырып келген қылмыскерлер пайда болған еді. Осы күнге дейін ұқсас фактілер бойынша облыс аумағында 32 қылмыстық іс тіркеліп, жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеге жуықтады.       

Жедел тергеу тобы 15 шілде күні бір мезетте Алматы, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында арнайы іс-шара өткізді. Әр облыста бір-бірімен сыбайласу арқылы алаяқтықпен айналысып келген 8 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Алаяқтардың мекен-жайын тінту барысында қылмыс құралы ретінде қолданылған 17 дана ұялы телефон, бейтаныс тұлғалардың атына жасырын тіркелген 15 дана абоненттік нөмір, 60 азаматтың ЖСН, аты-жөні жазылған тізім, ақша айналымдарын тіркеген блокнот анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленген.

Жол ережесін елемей

Облыс көлемінде өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» айлығының алғашқы 13 күнінде 3891 құқық бұзушылық анықталды.

Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысудың 14, медициналық қарап-тексеруден өтпеген 9, заңсыз қайта жабдықтаудың 121, міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген 330 дерегі тіркелген. Көлік басқарып келе жатып ұялы телефонмен сөйлесудің 150, мас күйінде көлік басқарудың 39, қауіпсіздік белдігін тақпаудың 788 сәті анықталған. Сондай-ақ жаяу жүргіншіге жол бермеудің 98, құжатсыз автокөлік басқару 229, жаяу жүргіншілер жолағынан өтпеу 195, маневр жасау ережесін бұзған 156 дерек бар.

48 жастағы әйел қолға түсті

Облыстық полиция департаментіне 51 жастағы Сырдария ауданының тұрғыны алаяқтық іс бойынша арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, азаматша «несие алып беремін» деп 550000 теңге көлемінде ақша алып, алдап кеткен.

Жедел іздестіру шаралары барысында 48 жастағы Сырдария ауданының тұрғыны ұсталды. Сонымен қатар, күдікті азаматшаның бұл қылмыстан бөлек тағы алаяқтық жасағаны анықталып, қылмыстық істер бір өндіріске біріктірілді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуық. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің  190-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Полицейлер оқиғаның мән-жайларын анықтауда.

Автошеру өтті

Қызылордалық полицейлер автошеру ұйымдастырды. Іс-шара «Пәтер ұрлықтарының алдын алу мен бөтен мүліктің қауіпсіздігін сақтауда күзет қызметін пайдалану қылмысты болдырмаудың бірден-бір амалы» тақырыбында өткен. Шеру жеке үйлер мен пәтерлердің және нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұйымдастырылған.

Іс-шара барысында «Арай-2» мөлтек ауданында орналасқан көпқабатты үйлер тұрғындары мен сол аумақта орналасқан нысан иелеріне жеке күзет ұйымдарының тиімділігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Күзет-дабыл қондырғыларын орнату жөнінде түсіндірме жұмыстары бойынша Тәкей батыр, Н.Назарбаев, Абай даңғылы, Ғ.Мұратбаев көшесі мен сол жағалауда орналасқан көпқабатты үйлердің ауласы аралығында автошеру өтті.

Дайындаған:

Гүлбану МАҚАЖАН

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<