Құрылыс: Межелі міндеттің сұранымы қатаң

594

0

  Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Қазалы және Арал аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Алдымен Әйтеке би кентіндегі салынып жатқан 250 орындық мектеп құрылысын көрді.

Өткен жылы басталған білім ордасының құрылысы жоспар бойынша биыл аяқталуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейтіп, мектепті уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

Мұнан соң аудан орталығындағы «Айгөлек» балабақшасына ат басын бұрып, апатты жағдайдағы ескі ғимараттың жайын талқылады.

Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр атындағы №70 мектепке де қосымша ғимарат салу – күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі. Облыс әкімінің орынбасары білім ордасына арнайы барып, жай-күйімен танысты. Одан кейін Қ.Пірімов ауылындағы спорт кешені мен Әйтеке би кентіндегі 600 орындық мәдениет үйін, Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасының құрылысын көрді. Сондай-ақ, ортағасырлық Жанкент шаһарына да арнайы барып, археологтармен пікірлесті. Мамандар қазір Германия мен Ресей мемлекеттерінен келген археологтармен бірге қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Нұрымбет Аманұлы Арал қаласында орналасқан емханада да болды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін емдеу мекемесінің 140 маманы 15360 тұрғынға қызмет етеді. Емхананың үш қабатында 2 егу бөлмесі, 2 егуге дейінгі зал, 2 егуден кейінгі зал және 2 дәрігер бөлмесі орналасқан. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындар игілігі үшін оңалту орталығын ашуды қолға алып, алдағы уақытта ауыл халқына сапалы медициналық қызмет көрсетіп, ана мен бала денсаулығына ерекше назар аударуды жүктеді. 

Сапар кезінде апатты жағдайдағы «Жазира» балабақшасы мен №1 қалалық кітапхана ғимараттарының жағдайын көрді. Аудандағы 5 балабақша мен 4 кітапхана ғимаратына апатты жағдайда деген қорытынды берілген. Апатты деп танылған балабақшаның үшеуі Арал қаласында орналасқан. Жауапты басқармаларға қаржы бөлінуі үшін өтінім жіберілген. Кітапхана ғимаратын салу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, тиісті басқармаларға тапсырылған. Қаржы бөлінген соң, құрылыс жұмыстары басталып екі кітапхана ғимараты осы нысанға біріктіріледі деп жоспарлануда.

Сонымен қоса, Н.Сақтағанов №19 Арал аудандық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде болып, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Аталған нысанда бүгінде 23 жаттықтырушы  14 спорт түрінен дәріс береді. Кешенде 92 топта 1196 бала әртүрлі секцияларға қатысып, спортпен шұғылданады.

Мұнан соң сапар жаңадан бой көтерген №71 мектеп-интернат ғимаратында жалғасты. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2021 жылы сәуір айында бастаған. Нұрымбет Аманұлы 100 орындық интернатымен қоса, жаңадан салынған 200 орындық мектеп ғимаратының ішін аралап, алдағы жаңа оқу жылына дайындықты күшейтіп, балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге күш салуды міндеттеді. Қазір  мектептің ішкі жұмыстары аяқталып, оқу процесіне қажетті парта, орындық сынды жиһаздары құрастырылуда.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде болды. Қазіргі күні құрылыс заттарының қымбаттауы жұмысқа тоқтау салып тұрғаны сөз болып, оның түйінін шешу мәселесі жан-жақты сараланды. Бұл жөнінде жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, нәтижесі өз бақылауында болатынын ескертті.

Облыс әкімі орынбасарының Арал ауданындағы жұмыс сапары Қамыстыбас елді мекеніндегі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында салынып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешенінде қорытындыланды. Нысанның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысын бағамдаған Н.Сақтағанов ғимараттың сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Округ әкімі мен жауапты сала басшыларына келешекте бұқаралық спорт түрлерін дамытуға және ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалануға үлкен мүмкіндік туғанын, сол мақсатта аянбай еңбек ету жауапкершілігін жүктеді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<