Қыс мезгілінде өрттен сақ болу керек

698

0

Мұндай ескертуді қала әкімдігінің Баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов жеткізді. Жылу беру маусымында өрттен қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған ол Қызылорда қаласында жылу беру маусымы басталғалы осы кезеңге дейін тұрғын үй секторында 52 өрт оқиғасы орын алғанын мәлімдеді.

– Орын алған жағдайларды талдайтын болсақ, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі шараларына салғырт қарауы, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағдайына мән бермеуінен, электр сымдардың дұрыс жалғанбауы мен ескіруінен, балаларды қараусыз қалдыруынан және ішімдік ішіп масаң күйде болуынан өрт оқиғалары орын алған.Сонымен қатар, газға қосылмаған тұрғын үйлер талаптарға сәйкес жылу беру маусымында пештің түтін шығу жолдары жылына екі-үш рет тазалануы қажет. От жағу барысында тазаланбаған пеш өз деңгейінде дұрыс жанбауы салдарынан бықсып тұрады. Осылайша түтін моржа жолына жиналып өзінің бір деңгейіне жеткенде түтін үй ішіне тарайды. Алайда, тұрғындар жылу беру маусымында түтін жолдарын мүлдем тазаламай салғырттық танытуда, – деді басқарма бастығы.

Өткен жылу беру маусымында әлеуметтік тәуекел топтарына кіретін отбасылардың тұрғын үйлеріне көмірқышқыл газын анықтайтын датчиктердің 330 данасы орнатылса, биыл аталған құрылғы 350 отбасыға орнатылған.Газдан келетін оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында тұрғын үйлерге түсіндірме жұмыстары, сондай-ақ мейрамханалар мен тамақтану орындарында рейдтік шаралар тұрақты ұйымдастырылуда.

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<