«Қызылорда облысының құрметті азаматы» ұсынылған кандидаттар қолдау тапты

811

0

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязовтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезектен тыс XVІІІ сессиясы өтті. Сессияны мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов жүргізді.

Облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары қатысқан жиынның күн тәртібінде 4 мәселе қаралды. Әр мәселе бойынша жауапты сала басшылары баяндама жасады.

Алғашқы мәселе – «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағын беру бойынша аппарат басшысының міндетін атқарушы Ерлан Қарабалаев баяндама жасады. Құрметті азамат атағына жеті кандидат ұсынылды. Ерлан Қарабалаев депутаттарға «Құрметті азамат» атағына лайық деп ұсынылған азаматтардың еңбегі мен өңірге жасаған жетістіктерін тізбелеп берді.

Жиында Серік Қожаниязов ұсынылған жеті кандидаттың әрбірі Тәуелсіз Қазақстанның даму жылнамасында өзіндік із қалдырып, мемлекет мүддесіне қызмет етудің абыройлы жол екенін дәлелдеп, қоғам құрметіне ие болған тұлғалар екенін айтып, депутаттарды қолдауға шақырды.

– Биыл үміткерлердің саны көп көрінуі мүмкін. Бұл атаққа кезінде осындай көлемде бірнеше рет ұсыныс жасалып, берілген болатын. Құрметті атаққа лайықты қайраткерлеріміз жеткілікті. Осы уақытқа дейін жинаған абыройларының жемісін көргені жақсы дәстүр деп санаймыз. Бұл марапаттарды атаулы күндерде, яғни, педагогтердің Тамыз мәслихаты, Конституция күнінде, «Алтын Күз» және «Рәміздер күнінің 30 жылдығы» мерекелік даталарда салтанатты түрде табыстайтын боламыз, – деді Серік Қожаниязов.

Ұсынылған кандидаттар арасында саналы ғұмырын білім саласына арнаған қос ардагер Төлепберген Қасымов пен Марк Подольский, ауыл шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ел игілігі жолында қызмет еткен Жарылқасын Шәріпов, белгілі сәулетші, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков пен Түркі әлеміне ортақ жауһар туындылардың әлемге танылуына және кейінгі ұрпаққа насихаттауда айрықша қолтаңбасы бар профессор Алмасбек Алматов бар.

Сонымен қатар, А.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығының директоры, ғалым Болатбек Баймаханов және туған жерді түлетуге зор үлес қосқан кәсіпкер Имамзада Шағыртаев ұсынылды.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе – Қызылорда облысындағы жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, қалалар және елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың қағидаларын бекіту бойынша облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Марат Құрманбаев хабарлама жасады.

Аталған қағидалардағы негізгі өзгертулер мен толықтырулар жасыл желекті күтіп-ұстау шараларын қамтамасыз ете отырып, жауапкершілікті қатаңдатуды көздейді.

Депутаттар қабылданып отырған құжаттың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, елді мекендердегі тазалық мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Бүгінде облыстағы 145 қоқыс полигонының 7-уі ғана экологиялық талаптарға сай келеді. Соңғы 30 жылда төрт рет өзгерген экологиялық заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, ауылдық елді мекендердің тазалық жұмыстарын бәсекелестік ортаға шығару керек. Биыл жыл басында күшіне енген заң бүгінде үлкен мәселе болып отыр. Сессия барысында депутаттар жергілікті биліктің мүмкіндігіне қарай мәселемен арнайы айналысса деген ұсыныс айтты.

Жиында облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту мәселесі қаралды. Оған қатысты 2019 жылғы облыстық мәслихат шешіміне енгізілетін өзгерістерді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Жанұзақов баяндады. Сондай-ақ, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов облыстық сайлау комиссиясының құрамын сайлау туралы мәслихат шешіміне толықтырулар енгізу бойынша хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі төрт мәселенің де шешім жобалары бір ауыздан қабылданды. Мұнан бөлек, кейбір мәселелер бойынша депутаттар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Сондай өзекті проблеманың бірі – өңірде жанар-жағармай жетіспеушілігі байқалып отыр. Энергетика министрінің қаулысына сәйкес 20-тамыздан бастап дизель отыны сараланған бағамен сатыла басталмақ. Депутат Ибадулла Тілептің айтуынша, соңғы екі ай көлемінде жергілікті кәсіпкерлер содан зардап шегіп келеді.

Сараланған баға бойынша жүк көлігін тізгіндегендерге жүргізуші куәлігі мен техникалық құжатын көрсеткен жағдайда тәулігіне 300 литрге дейін дизель алуға рұқсат. Бағасы шамамен 230-260 теңге аралығында. Белгіленген мөлшерден көп алғысы келетіндерге баға басқа – шамамен литрі 450 теңге. Салдарынан кәсіпкерлер жанар-жағармай сата алмайды. Оған қоса, зауыттардан сатып алу үшін 5 мың тоннадан кем емес болуы, алдын ала төлем жасалуы керек. Алдын ала төлем көлемі шамамен 1,5 млрд теңге. Сондықтан кәсіпкерлердің қаржылық жағдайы оған мүмкіндік бермейді.

Алда жылу маусымы басталады. Ал, аймақ кәсіпкерлерінің жергілікті мемлекеттік мекемелермен, мектептермен, балабақшалармен келісім- шарты бар. Оларды жанармаймен қамтамасыз ету қазіргідей жағдайда мүмкін емес.

Жылу маусымы қарсаңындағы тағы бір мәселе – аймаққа көмір жеткізуден туындап отыр. Сессия барысында депутаттар Жангелді Ысқақ пен Расул Есенов вагон тапшылығы мен ішкі нарықта көмір тасымалдауға өтінімдердің қабылданбауы, вагондарды жалға алу құнының өсуіне байланысты мәселелер барын атап өтті.

Жалпы, облыстың жылу маусымына көмір қажеттілігі – 176 мың тонна. Оның 142 мың тоннасы тұрғындарға тиесілі. Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, қазіргі таңда өңірге 68 мың тоннадан астам көмір жеткізілген.

– Аймақ тұрғындары көмір сапасы нашарлап кетеді деп, шілде-тамыз айларында емес, күздің алғашқы екі айында алады. Сондықтан аудан әкімдіктерімен бірлесіп, бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға қажетті көмірді алу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ал, вагон жетіспеушілігіне келсек, «Қазақстан темір жолы» басшылығы келтірген мәліметке сәйкес, вагон саны 167 процентке орындалып отыр. Сондықтан мәселені қосымша зерттеу қажет, – деді Мархабат Жайымбетов.

Жиын соңында «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атағына ұсынылған облыстық мәслихат депутаты, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев өскен өлке, туған жер құрметі үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ, алдағы уақытта  құрметті азамат атағын елден шыққан қарапайым еңбек адамдары – шаруаларға, күрішшілерге, механизаторларға беру мәселесі ескерілсе деген ұсыныс білдірді.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<