Сәулет пен дәулет қалағандарға құрмет

649

0

Қызылорда қаласының орталық алаңында Құрылысшы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты жиында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшыларды кәсіби мерекесімен құттықтап, осы саланың майталман мамандарына арнайы марапат табыстады.

– Қазақ «Еңбекшіл болсаң, елге пайдаң тисін!» деген. Сіздердің мемлекет мүддесіне арнап салған әрбір нысандарыңызда айқын қолтаңбаларыңыз бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі» деп халыққа жеткізді. Бұл ретте еңбекқорлық құрылысшылар қауымының алтын қағидаты деуге болады.

Кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, амандық тілеймін! Егемен еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді облыс әкімі.

Кейінгі 5 жылда өңірде тұрғын үй құрылысының көлемі 108 пайызға өсіп, 2017 жылы 612,3 мың шаршы метрден 2021 жылы 661,2 мың шаршы метр көрсеткішке жетті. Қызылорда қаласының өзінде 12 шағын аудан бой көтеріп, 270 көпқабатты тұрғын үй салынды. 6908 азамат жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын тойлады.

Биыл аймақта «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың 2020- 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1294 пәтерді құрайтын 31 тұрғын үй құрылысын жүргізіп, жыл соңына дейін аяқтау жоспарда бар.

Мерекелік салтанатта аймақ басшысы Тәуелсіздік жылдары облысымыздың өсіп-өркендеуіне, көптеген әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне ерекше атсалысқан 10 азаматқа «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісін, 7 азаматқа Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрмет грамотасын, 2 азаматқа аталған министрліктің Алғыс хатын табыстады.

Сонымен қатар 4 құрылысшы облыстың Құрмет грамотасымен, 3 құрылысшы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

Салтанат сәні қазақ эстрадасының белгілі әншілері тарту еткен ән-думанмен әрлене түсті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<