Сайын даланың сұлуы немесе киік саны қанша?

2485

0

Қазақ даласында 334 мыңнан астам киік жүр. Бұл санды ойдан шығара салғанымыз жоқ. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясының берген мәліметіне сүйендік. Айтпақшы, бұл былтырғы санақ қорытындысы. Біз көрші Ақтөбе, Қарағанды жері, одар әрірек Қостанай мен Ақмола облыстарының аумағында жосып жүрген киіктің Сырға қарай көбіне қыс түсе ауатынын ғана білеміз.

Аймақта Қызыл кітапқа енген жан­уар мен құс түрлері баршылық. Соның ішінде ерекше қорғауға алынғаны осы – киік аңы. Биологиялық мәліметте, киік жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайтаратын түз жануары. Халық «ақбөкен» деп сүйсіне ат таңған, сайын саланың сұлуы көбіне  шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етеді.

Мамыр айының ортасынан бастап жаппай лақтайтын киіктің саны жылма-жыл артуда. Мемлекет басшысы тікелей назар аударып отырған дала жануарын қорғау бұрынғыдан да күшейтілген. Ал жазасы тіптен ауыр. Мысал келтірсек.

Былтыр қараша айында қолданыс­тағы заң талаптары қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Заңсыз аңшылықпен немесе тасымалдаумен, сақтау, сату, сатып алумен айналысқан тұлғаларға қатыс­ты ҚР Қылмыстық кодексінің 337 және 339-баптарындағы жазалау санкциялары қатаңдатылған. Бұдан бөлек мемлекетке келтірілген шығынын да қосып есептейтін көрінеді.  Нақты айтар болсақ, бір киіктің текесін жазым етсеңіз 500 АЕК, яғни, 6 млн 250 мың 500 теңге айыппұл арқалау­ға мәжбүрсіз. Ал аналығы мен төлінің айыппұлы 350 АЕК немесе 4 млн 375 мың 350 теңге. Қарап отырсаңыз, мұнда да «еркек тоқты құрбандық» қағидасы жүріп тұр. Текелердің құны қаншалықты екенін жоғарыдағы айыппұлдан бағалай берерсіз. Мұнан басқа, киік атып, жазалы болғанның барлық пайдаланған көлігі мен қару құралдары тәркіленеді. 

Жануар біткеннің сұлуы – ақбөкеннің төлдеу, көбею кезінен бөлек, көшіп-қонуы, өріс ауыстыру уақытында арнайы шаралар жүргізіледі. Құзырлы органдардан жұмысшы топ құрылып, киіктің төлдеу, шоғырланған орындарындағы топырақ, ауа және судан биологиялық сынамалары алынып тұрады екен.

– Инспекцияның, жергілікті ат­қарушы органдарының, табиғат және құқық қорғау мекемелері бекіткен іс-шара жоспарына сәйкес, облыс көлемінде табиғат қорғау жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Жүргізілген рейд барысында, биыл 9 ай ішінде біздің облыс бойынша киікке қатысты 5 қылмыстық іс тіркелген. Оның екеуін сот органдары қарап, айыптыларға 2 жарым, 3 жыл бас бостандықтарынан айыру жазасы таға­йындалған. Бір қылмыс­тық іс бо­йынша тергеу мерзімі үзілген. Тағы біреуі басқа облыстардағы қылмыстық істермен біріктіріліп, Қарағанды облысына жолданса, бір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді облыстық орман шаруа­шылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекция­сының бөлім басшысы Олжабек Холов.

Былтыр, Құдай оңдап, киік аңына қатысты қылмыстық іс тіркелмепті. Оның алдыңғы жылы осы мәселеге қатысты 9 дерек сотқа жолданған. 16 адам бас бос­тандығынан шектеліп, келтірілген 95 млн теңге шығынды мемлекет пайдасына өндіруге үкім еткен. Оның ішінде қылмыс­тық құқық бұзушылық құралы – 2 дана Тойота Ланд Крузер, 1 дана Митсубиси Паджеро, 1 дана УАЗ, 2 дана мотокөлік және 7 дана аңшы қаруы тәркіленген.

– Бәрі бекітілген жоспарға сәйкес жүреді. Киікті, жалпы жануарларды қорғауда инспекторлар жаңа техника, арнайы киім және қарумен қамтылған. Қыз­меткерлерге іссапар шығыны төленіп, жылжымалы жатақхана берілген. Біздің инспекция, аудандық, қалалық полиция бөлімдері, орман және жануарлар дүние­сін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелер және «Охотзоопром» ӨБ филиалы қыз­меткерлерінен құралған мобильдік топ бар. Киікті қорғауға Арал мен Жаңақорған арасындағы облыс шекарасы белгіленген аймақ кіреді. Мойындау керек, заң күшейтілуіне қарамастан киік аулайтын қаскөйлер тыйылар емес. Біздің мақсат – жануарлар тыныштығын сақтау. Күшейтілген рейдтің арқасында 2018 жылға қарағанда киік саны 55 процентке өсті, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Бақытжан Елемесов.

Мақала басында ашып көрсеткендей, Қазақстанда 334 мыңнан астам киік бар десек, оның ішінде Үстіртте 5900, Бетпақдалада 111500, Орал популяциясында 217000 бас киік бары ғылыми ұйымдар жүргізген санақ жұмыстарынан белгілі болған.  Енді қараңыз. Соңғы 7-8 жылда киік өспесе азаймаған дейді мамандар. Анықтама ретінде  айтсақ, 2012 жыл бізде 135 мыңнан аса киік өрсе,  араға бес жыл салып, қайта санасақ, 2018 жылы 215 мыңнан асқан. Мамандардың былтырғы өсімнің 55 процентке артуын соңғы 2018 жылғы цифрмен байланыстырады. Ал биылғы киік саны әлі белгісіз.

Киік санының артуы 2012 жылғы ҚР Үкіметінің 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес жүзеге асқан шаралардың арқасы деп білеміз. Өйткені, қаулыда көрсеткендей, киікті 2020 жылға дейін аулауға тыйым салынған. Ал биыл бұл тыйым 2023 жылға дейін ұзартылып отыр.

Киікті түгендей отырып, қарақұйрық жайлы айтпай кетпеуге болмас. Ғылыми ұйымдар тарапынан республика көлемінде облыстар бөлінісімен қарақұйрық санын есепке алу жұмыстары жүргізілген. Қорытындысында біздің облыста 2017 жылы екі мыңнан сәл асатын қарақұйрық болған. 2018 жылы да өсім жоғары болмаған. 2050 бас қарақұйрық Сыр бо­йында жайылыпты. Былтырғы өсімге көз салсақ та сол, 20 бас қана қосылған. 2070 қарақұйрық. Иә, дала қорықшылары қорғайтын түз жануарлары там-тұмдап болса да өсіп келеді. Оған да шүкір делік.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<