Сапа мен мерзім – құрылыстың басты талабы

578

0

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Жаңақорған ауданында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Жаңақорған кентінің С.Сұлтанмұратов көшесіндегі 300 орындық мектептің құрылысын «Авангард» ЖШС жыл соңына дейін бітіруді жоспарласа, МАИ бекетіндегі 600 орындық мектеп құрылысы аяқталғанымен, анықталған кейбір кемшіліктерді жөндеу өте баяу жүруде. Осыған байланысты мердігер мекемелердің басшыларына кеткен кемшіліктерді тез арада жойып, қысқа мерзімде пайдалануға беруді қатаң ескертті.

Өзгент, Жайылма елді мекендеріндегі клуб құрылысы да осы жылдың соңына дейін аяқталмақ. Сонымен бірге, Мархабат Жайымбетұлы Жаңақорған кентінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 898,9 млн теңге бөлініп, құрылысы жүргізіліп жатқан 10/0,4 кВ электр желісін жаңғырту және тұрғын үйлерге су құбырын жеткізу жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес сапалы әрі тиянақты жүргізу қажеттігін ескертіп өтті.

Бірлік – Жаңақорған ауданындағы газдандырылып жатқан екінші елді мекен. Құрылыс жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс.

Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүріп жатқан №55 орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарын аймақ басшысының өзі бақылауға алған. Мұнда қазір 45 адам еңбек етсе, тағы 16 адам қосылуы тиіс. Облыс әкімінің орынбасары тиісті басқарма басшылары мен мердігер компанияға жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалғанын, сол себепті күрделі жөндеу жұмыстарын барынша сапалы жүргізіп, қысқа мерзімде аяқтауды тапсырды. Осы елді мекендегі 90 орындық балабақша жақын арада іске қосылатын болады. Кездесу қорытындысымен аудан көлеміндегі құрылысы жүріп жатқан барлық объектілер бойынша тапсырыс беруші облыстық басқарма басшыларына, аудан әкімдігіне, мердігер мекемелердің басшыларына құрылыстарды сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтау жөнінде тапсырмалар берілді.

***

Мархабат Жайымбетов жұмыс сапарымен Шиелі ауданында да болды. Аудан әкімі Нұржан Ахатовпен бірге Жақаев ауылында орналасқан №149, Шиелі кентіндегі №45 және Бидайкөл елді мекенінде орналасқан №148 мектептердің бу қазандықтарын газға ауыстыру жұмыстарымен танысты.

Осыған дейін Шиелі ауданында 6 мектеп пен осынша балабақша, биыл тағы 2 мектеп газға ауыстырылды, жылу маусымына дейін тағы бір мектеп газға қосылады деп жоспарлануда.

М.Жайымбетов Байсын елді мекенінде жаңадан салынып жатқан №207 мектеп құрылысының басына барып, мердігермен жолығып, жұмыстарды сапалы әрі уақытылы аяқтау керектігін ескертті.

Бидайкөл елді мекенінің кіреберісіндегі «Шиелі-Қарғалы-Байкенже-Жаңақорған» автомобиль жолындағы көпірді күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап, жұмысшылармен пікірлесті.

«Шиелі-Жеміс-жидек» автожолының 14,2 шақырымындағы көпірді және Жуантөбе ауылына кіреберістегі 6 шақырым автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстарына да көңіл бөліп, сала мамандарына нақты тапсырмалар берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<