Сапа мен сәулет қатаң сұралады

589

0

Қызылорда қаласының қарқынды дамуы құрылыс саласымен тығыз байланысты. Сол жағалаудағы ғимараттардан бөлек, газ және жылумен тұрғындарды толық қамтамасыз ету көптеген мәселелердің түйінін тарқатары анық. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов және қала әкімі Асылбек Шәменов шаһарда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралап, ондағы жұмыс барысын білуге келді.

Ең алдымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Қызылорда қаласына қарасты «Ақсуат» ауылдық округін газдандыру барысымен танысты. 4500-ге жуық тұрғыны бар ауылға газ құбыры толық жүргізілген. 500-ге жуық үй осы көктемде «көгілдір отынға» қосылады деп жоспарлануда. Алдағы күздегі жылу беру маусымында ауыл тұрғындары газ игілігін көреді деуге толық негіз бар.

– Қызылорда қаласы бойынша ауылдарды «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сәйкес атқарылуда. «Ақсуат» ауылдық округіне газ құбырын салу үшін 2022 жылы 4 млрд 403 млн теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 4 млрд 960 млн теңгені құрайды. Қазіргі таңда «Ақсуат» ауылдық округін газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Барлық көшелерді қазу, құбырлар орналастыру, қайта көму жұмыстары аяқталды.

Бүгінде ауылды «көгілдір отынға» қосу жөнінде «КазТрансГаз» АҚ тарапынан «Интергаз» АҚ-ға тиісті құжаттары ұсынылуда. Ағымдағы жылы сәуір айында халық игілігіне пайдалануға берілетін болады.

Қазіргі таңда жобаға енгізілмей қалған тұрғындардың өтініштері бойынша қосымша 7,2 шақырым төменгі қысымды газ құбыры жүргізіліп, 4321 үй табиғи газға қосылуға мүмкіндік алып отыр, – деді Серік Қожаниязов.

Сонымен қатар, Серік Салауатұлы Сырдария өзенінің сол жағалауындағы автономды блок модульді қазандығының жұмыс барысын көріп шықты. Мұның дарияның сол жағалауындағы барлық үйге жылу беруге мүмкіндігі бар.

Сыр халқын мазалап жүрген тұрғын үй мәселесі екенін жауапты сала мамандары жақсы біледі. Сондықтан, осы жылы сол жағалауда бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлер көпшіліктің қоныс той жасауына септігін тиігізбек. Облыс әкімінің бірінші орынбасары 10 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысын көріп, ең алдымен, сапасына мән беруді басты назарға салды. Бұл жоба – жалпы ауданы 29907,2 шаршы метр болатын 470 пәтерлі тұрғын үй құрылысы.

–Жалпы Қызылорда қаласында құрылыс жұмыстары қарқынды. Тек осы жүйелі әрекетті жандандыра түсу қажет, – деді С.Қожаниязов.

Осы жылы пайдалануға берілетін үйлердің құрылысы және дизайны тіпті бөлек. «Қызылордалық үйлер тек қызыл кірпіштен ғана емес, өзгеше, заманауи құрылыс материалдарымен де салынып, қала көркін ашуға тиіс» деді сала мамандары.

Әрi қарай Серік Қожаниязов «Евразия» мәдени-спорт кешеніндегі қайта жөндеу жұмыстарымен де танысты. Ондағы мекемелер мен жауапты тұлғаларға қыс мезгілінде құрылыс сапасына мән беруді, жұмысшылар жалақысын уақытылы төлеуді және нысандардағы жұмысты мерзiмiнде аяқтауды тапсырды.

– «Евразия» спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін демеушілік тарапынан 4 мердігер мекеме тартылды. Олар – «Промстройсервис-Е» ЖШС, «Асар» ЖШС, «Орион LTD» ЖШС, «ИнтерСтрой» ЖШС. Тиісті жұмыстар биыл 2 ақпаннан бастау алды. Жоба құны – 72 млн теңге. Дегенмен барлық қаржы демеушілік тарапынан алынды, – деп атап өтті қала әкімі Асылбек Шәменов.

Жауапты тұлғалар мен мердігерлер әрбір жобаны жүзеге асыруда мұқият болу керектігін жақсы түсінеді. Сол себепті де әр құрылысқа ерекше мән беріп, олқылықтар мен кемшіліктер, жетіспей жатқан дүниелердің барлығы ашық айтылды. Алдағы уақытта Серік Қожаниязов осы мәселелерді өзі қолға алып, шешу жолдарын бірлесе отырып табуға уәде етті.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<