Сапа мен уақыт қатаң сұралады

519

0

Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар әлеуметтік нысандар құрылысымен танысты.

Алдымен  «Талаптан» ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыс алаңына барды. Құрылысты «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізеді. Емдеу мекемесінде 19 қызметкер еңбек етеді.

Биыл республикалық бюджеттен ауданның 3 елді мекеніне дәрігерлік амбулатория  салуға  1,3 млрд  теңге бөлінген.  Осылайша Бала би, Бұланбай бауы, Досбол би елді мекендерінде жаңа амбулатория  құрылысы бастау алды.

Шиелі кентіндегі спорт-сауықтыру кешені жақын күндері пайдалануға берілмек. Нысанның келісім-шарт құны 524 млн теңге, бас мердігер «Промстройсервис» ЖШС.

Осында болған облыс әкімі «Жаңатұрмыс» ауылдық округіндегі №207 орта мектептің де құрылыс жұмыстарын көрді. Бас мердігер «Авангард ПГС» ЖШС 250 орындық мектеп құрылысын биыл қараша айында аяқтап, халық игілігіне табыстайды.

Еске салсақ, Шиелі ауданында Мемлекет басшысының қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 900 орындық білім ордасын салу жоспарланған. Мұнан бөлек, алдағы жылы Жансейіт елді мекенінде 100 орындық мектеп құрылысы басталады.

ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ

Шиелі кентіндегі Ы.Жақаев көшесін күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Аймақ басшысы жол құрылысын да назардан тыс қалдырған жоқ.

Кентте  Әл Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Бұдабай, С.Сейфуллин, Шәкәрім көшелері күрделі жөндеуден өтуде. Олардың жобалық құны 1 млрд 560 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан «Қызылорда жолдары» ЖШС жеңімпаз атанған. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі.  Биылға бөлінген қаражат 300 млн теңге. Осы жылы аудан орталығындағы 11,5 шақырым болатын 9 көше күрделі жөнделеді. Оған қоса 23 шақырымдық  59 көше мен тұйықтарға орташа жөндеу жұмыстары бар.

Айта кетейік, Шиелі ауданының аумағында 323,4 шақырым автомобиль жолдары бар. Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым жолдың 103,4 шақырымы (71,1%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтталған. Биыл республикалық бюджеттен «Самара – Шымкент – Сұлутөбе» кіреберісін күрделі жөндеуге 265 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмысы жүргізілуде. Облыстық бюджеттен Шиелі кентіндегі 19,8 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 564 млн теңге бөлінген.

Облыс әкімі Көкшоқы спорт кешеніндегі күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты. Сапар барысында әрбір құрылыстың сапалы жүргізіліп, мерзімінде аяқтау қажеттігін тиісті мамандар мен мердігерлерге қатаң ескертті.

КИЕЛІ ОРЫНДАР ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Облыс әкімі Шиелі ауданына жұмыс сапары кезінде «Оқшы ата» кесенесінде болды. Мұнда кесенені жөндеу, жаңғырту және абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

«Оқшы ата» кесенесі «Бәйгеқұм» ауылынан шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш-кешен.  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Жалпыұлттық қасиетті нысандар» тізіміне енген.  Мазаратты халық «Жеті әулие» деп атайды.

Аймақ басшысы кесенені қалпына келтіру жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Жаңақорған, Қармақшы аудандарына жұмыс сапары кезінде қасиетті орындар – «Қорқыт  ата» ескерткіш-кешеніне, «Хорасан ата», «Оқшы ата» және «Марал баба» кесенелеріне қайта жаңғырту, айналасын абаттандыру жұмыстарын жүргізуді пысықтап, киелі орындардың жай-күйін көрген болатын. Бұл облыстың 85 жылдығына арналған игі істің бір парасы саналады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<