Саулық жолында салғырттық жүрмеуі тиіс

623

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері талқыланған арнайы мәжіліс өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аумақтық департаменттерінің басшылары, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері, медицина ұйымдарының бас дәрігерлері және сала ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы өңірдің медицина саласындағы оң көрсеткіштерді де, кемшіліктерді де  атап көрсетті.

–    Өздеріңізге белгілі, былтыр дүниежүзін дүр сілкіндірген пандемиядан кейін медицина ұйымдары қалыпты жұмыс ырғағына көшті. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесі, денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштердің оң динамикасы байқалады. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға, ана өлімі  47,7, сәби өлімі 37,7, туберкулезден аурушаңдық көрсеткіші 7, өлім-жітім көрсеткіші 14,2%-ға төмендеген. Дегенмен, жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,3%-ға, қатерлі ісіктерден болатын аурушаңдық көрсеткіші 7,6, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 14,1%-ға өскен. Әлеуметтік желілерде денсаулық сақтау саласына қатысты шағымдар шамадан тыс көп екенін атап өткім келеді. Менің жеке қабылдауыма келген азаматтар да денсаулық сақтау ұйымдары басшыларына, медицина қызметкерлеріне қатысты шағым айтады. Бұл дертіне шипа сұрап барған тұрғындардың жағдайына немқұрайлы қараудан, кейбір жағдайларда қолда бар мүмкіншіліктерді пайдаланбай, салғырттық танытудан туындауда, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі кейбір ұйымдардың өз мүмкіндігі бола тұра, медициналық қызмет түрлерін басқа бірлескен орындаушыларға (соисполнитель) негізсіз жолдағанын қатаң сынға алды. Бұл онсыз да қаржылық қиын жағдайдағы ұйымдардың кредиторлық қарызын одан сайын арттырады.

Мониторинг кезінде анықталғандай, №3 қалалық емхана өзінде УЗИ дәрігері, УЗИ аппараты бола тұра зерттеулердің 20%-ын, лаборант қызметкерлері бола тұра лабораториялық қызметтің 46%-ын бірлескен орындаушыларға жолдаған. Бұдан кейін халыққа көрсетілетін медициналық көмек сапасы мен қолжетімділігі туралы қандай сөз айтуға болады?

Облыс әкімі басқарма басшысына өз мүмкіншілігін пайдаланбай, жеке медицина ұйымдарына жіберу деректеріне мониторингті әрі қарай жалғастыруды, анықталған жағдайларды құзырлы органдар тексеруіне беруді тапсырды.

Жалпы кейінгі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына көп сын айтылуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс алатын жеке ұйымдардың саны көбеюде, бұл бөлінген қаржының ұсақталуына алып келеді. Бұдан бөлек, өңірлер арасында салыстырмалы түрде алғанда  облыста «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы жүргізетін мониторинг нәтижесімен қысқартылатын қаражат көлемі де көп. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда республикалық көрсеткіш 22,9 пайызға азайған болса, біздің өңірде керісінше 31,8 пайызға артқан. Жеке медициналық ұйымдардың қызмет сапасы мен санитарлық талаптарға сәйкестігі санитарлық-эпидемиологиялық, медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменттері тарапынан қадағаланбайды. Қалада тұрғын үйге арналып салынған коттедждерді жеке медициналық ұйым етіп ашып алғандар көбейді. Ғимараттардың санитарлық нормаға сәйкестігіне, лицензия берудегі заңдылықтардың сақталуына қатысты да сұрақтар жетерлік. 

Мәжілісте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов былтыр және биылғы 8 айда атқарған жұмыстары және алдағы міндеттері туралы баяндама жасады.

Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласының жұмысы «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы аясында атқарылуда. Қазіргі кезде облыс халқына 2860 дәрігер, 10 721 орта буынды  және 2785 басқа да мамандар қызмет көрсетеді. 2016 жылдан бастап өңірге аса қажетті медицина мамандықтары бойынша 131 резидентке облыс әкімінің гранты тағайындалып, бүгінде 82 жас түлек емдеу ұйымдарында қызмет атқаруда. Биыл да үрдіс жалғасын тауып, өңірде тапшы нефролог, радиолог, ревматолог, т.б. мамандықтарға облыс әкімінің 24 гранты бөлінді.

–    Биылғы жылдың 1 қыркүйегіне облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарына 817 600 тұрғын тіркелген. Оның 82,4%-ы мемлекеттік медициналық ұйымдарға тіркелсе, 17,6%-ы жеке медициналық ұйымдарға тиесілі. Денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту бойынша биыл жалпы құны 47,6 млрд теңгені құрайтын  21 денсаулық сақтау нысанының құрылысы басталды. Оның 15-і  Ұлттық жоба аясында, 2-уі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде, 2-уі республикалық,  2-і жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, ол саланың инфрақұрылымын дамыту, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, мамандар біліктілігін жетілдіру бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді жан-жақты баяндады.

 ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Дәурен Шәріпбаев денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелерде анықталған кемшіліктерді айтып өтті. Өкілдің айтуынша, тексеру жүргізілген  емдеу ұйымдарында науқастарға берілетін тамақтың сапасына, нормасына қатысты және ғимараттардың, палаталардың санитарлық жағдайына байланысты бірқатар кемшілік бар.

Жиында алғашқы медициналық-санитариялық көмек саласын жаңғырту, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Денсаулық сақтау мекемелеріндегі кадрлық және қаржылық мәселелер,  «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауруханалар мен медициналық бекеттердің құрылысын салудағы түйткілдер де назардан тыс қалмады.

Мәжіліс соңында облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, сала ардагері Асылбек Тоғызбаев сөз сөйлеп, аталған мәселелер бойынша пікірін бөлісті.

Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басшыларға ҚР Үкіметі анықтаған негізгі бағыттарға, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізудегі жұмысты жандандыруды, қаржыны тиімді пайдалануды,  ресурстарды үнемдеуді тапсырды. Мұнан бөлек, аурудың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыруды кең көлемде насихаттау жұмыстарын үйлестіру, медицина ұйымдарында енгізілген Байқау кеңестерінің, корпоративті басқару жүйесінің жұмысын ашық, нәтижелі жүргізу және кадрлар біліктілігін үздіксіз жетілдіру, креативті, білікті жастар резервін даярлау бойынша міндет қойылды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<