Сексеуілге газ баратын күн жақын

1031

0

Ел тілегі еленді. Аралға қарасты Сексеуіл кентіне газ құбырын тарту жұмыстары басталды. 12 мың халықтың көптен күткен қуанышымен ортақтасып, ең маңызды жобаның басталу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов сексеуілдік ағайынды құттықтап, республикалық және облыстық бюджет есебінен жүргізілетін жаңа құрылысқа сәттілік тіледі.

– Бүгін –  Сексеуіл халқы үшін тарихи күн. Тұрғындар ұзақ уақыт бойы күткен қуанышына қол жеткізуде. Кентте табиғи газ құбырын тарту жұмыстары бастау алмақ. Осынау айтулы жобаның тез арада жүзеге асуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тікелей араласып, зор қолдау көрсетті. Газдандыру жобасы халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына да оң әсер ететіні белгілі. «Көгілдір отын» игілігін көрулеріңізге тілектеспін. Жаңа Қазақстандағы жарқын істер жалғасын таба берсін, – деді аудан әкімі.

Аудан басшысының лебізінен соң ауыл ақсақалы Бақытжан Жалмырзаев сөз алып, игілікті іске атсалысқан азаматтарға кент халқының атынан ризашылығын жеткізіп, ақ батасын берді.

Аталған газдандыру жұмыстарына жауапты мердігерлер – «STROYGAZCОMPANY» және «AKBARYS STROY LTD» ЖШС. Жоба бойынша Сексеуіл кентіндегі 2300 тұрғын үй, 24 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысандарға газ тартылып, 11620 тұрғын «көгілдір отынды» тұтынады. Ал бүгінге дейін Арал қаласы 96, Жақсықылыш кентінің 87,7 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұған Сексеуіл кенті қосылса, халық саны бойынша өңірді газбен қамту көрсеткіші 62,7%-ға жетпек.

Айта кетейік, облыста биыл елді мекендерді газдандыру бойынша 13 жобаны іске асыру басталса, оның 7-і осы жылы аяқталады. Нәтижесінде 15 мыңнан астам халқы бар 7 елді мекен табиғи газға қол жеткізіп, оны тұтынатын халық санының үлесі 68%-ға жетпек.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<