Шаһарға шырай қосқан «Крез-сервис»

887

0

Құрылыс саласы сөз болғанда, әдетте жобалаушы мамандар елеусіз қалып жатады. Шынында, жобалаушы – маңызды мамандықтардың бірі. Себебі, қазіргі таңда неше түрлі зәулім, көздің жауын алатын ғимараттар толассыз салыну үстінде. Ал, жобалаушы – осы ғимараттардың жобасын сызып, оның толық есебін жасап шығаратын маман. Бір ғимаратты салу үшін құрылыстың 15 мыңға жуық нормалары ескеріліп, соның барлығы тұтас бір жобаға айналуы керек. Осы бір қадірлі мамандық иелерінің бірі – Тәуелсіздік жылдары Сыр өңірінде бой көтерген жүздеген нысанда өз қолтаңбасын қалдырған жобалаушы Мәриям Дәрменқұлова.

Мәриям Ергенқызы 1978 жылы Қазақ химия технология институтының құрылыс факультетін инженер-құрылысшы-технолог мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1978 жылы «Казгипросельхоз» институтының Қызылорда филиалында инженер-конструктор қызметінен бастаған. Әр жылдары Қызылорда қалалық атқару комитетінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында, Қызылорда облыстық атқару комитетінің күрделі құрылыс бөлімінде, «Қызылордамемсараптама», «Кызылордагосэкспертиза» мекемелері, облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы облыстық консультациялық-диагностикалық орталығында қызмет етті.

Осы уақыт ішінде Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» және «Мерей» шағын аудандары, Қазанғап көшесі бойында көпқабатты тұрғын үй құрылыстарының салынуына техникалық қадағалаушы ретінде қатысты. Қызылорда қаласындағы көпқабатты үйлердің, қалалық инженерлік жүйелерінің және жолдардың күрделі жөндеуден өтуін қадағалап, шаһарды көркейтуге атсалысты. Аймақтың күрделі құрылыс объектілерін сараптамадан өткізіп, қадағалап, оның сапалы жүргізілуіне қатысты. 2004 жылдан бері «Крез-Сервис» ЖШС директоры.

Келешегі кемел компания

Білікті маман басшылығымен мекеме бүгінгі күнге дейін аймақтың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына айтарлықтай үлес қосуда. Мекеме жобалау, сараптама жасау, техникалық қадағалау жүргізу тәрізді негізгі жұмыс тетіктерін өз мойнына алған. Қандай жұмысы болмасын сапасы жағынан ешкімге дес бермейді.

Серіктестік Жаңақорған ауданындағы өнеркәсіптік уран кен орнын өңдеу құрылысы, «Нұралы кен орнын жайластыру», «Ақшабұлақ» кен орнындағы газды дайындау қондырғысын кеңейту, «Нұралы-Ақшабұлақ» кен орындарында мұнай құбырын жүргізу және жаңғырту жұмыстары бойынша техникалық қадағалау жұмыстарын атқарды. «Жүз мектеп, жүз аурухана», «Қолжетімді тұрғын үй-2020» және өңірдің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында жүздеген нысанның жобасын әзірледі.

Атап айтқанда, қаламыздағы элиталық «Самал» тұрғын үй кешені, 140, 200, 250, 600 орындық мектептер, 90, 280, 320 орындық бала-бақшалар, 150 орындық клубтар, судан құтқару станциясы, «Сыр сүлейлері» аллеясы, 600 орындық мәдениет үйі, 150 орындық емхана, спорттық және денешынықтыру комплекстері, көпқабатты тұрғын үй құрылыстары, басқа да көптеген құрылыс кешенінің жүзеге асуына атсалысты.

Бүгінде «Крез-Сервис» ЖШС мекемесі – облыстың құрылыс индустриясының дамуына зор үлес қосып келе жатқан мекеме.

Кеше ғана іргетасы қаланған Неке сарайының жобасы – Мәриям Ергенқызының қалаға қосқан үлесі. Аймақтың бас шаһарында неке қиюды жоспарлаған жандар ескі ғимаратта орналасқан азаматтық хал актілерін тіркеу мекемесіне жүгінетін. Жас жұбайлар үшін ең маңызды және тарихи салтанатты рәсім ұйымдастыратын кабинетімен жабдықталмаған ғимаратқа қатысты тұрғындар мен жаңа өмірге бірге қадам басқан жастар тарапынан да ұсыныстар жиі айтылып келді. Осыны ескерген аймақ басшысы «Неке сарайы» салтанатты ғимаратын салу туралы тапсырма берген.

Аймақтың құрылыс-индустриялық сәулетін арттырумен қатар, жастардың өміріндегі ең маңызды сәттерін әсерлі етуге зор мүмкіндік сыйлайтын нысан жобасын өз мерзімінде орындаған.

– Қаламыздағы тұңғыш «Неке сарайының» жобасы екі қабаттан тұрады. Күмбезді, іші-сырты мәрмәрмен қапталған. Қасбеті травертин. Алдындағы саябақ алаңын қосқанда жалпы аумағы 0,75 гектар. Нысан ақпан айында пайдалануға берілуі керек. Қазіргі таңда мердігер мекеме «Авангард» ЖШС құрылысын бастап кетті, – дейді Мәриям Дәрменқұлова.

Жобаны жасау барысында архитектуралық дизайнға ерекше мән берілген. Әлеуметтік нысан пайдалануға берілген соң мұнда облыс тұрғындарына АХАТ қызметімен қатар, отбасы құндылықтарын дәріптейтін әлеуметтік-мәдени іс-шаралар да жүргізіледі деп күтілуде.

ТМД-да теңдесі жоқ нысан

Мәриям Дәрменқұлова – Сырдың сол жағалауында іргетасы қаланған тағы бір нысан – облыстық қан орталығы жобасының авторы. Елімізде, тіпті, ТМД көлемінде баламасы жоқ нысан – «Крез-Сервис» ЖШС-ның төл туындысы.

Техникалық тұрғыдан күрделі нысан саналатын орталық екі блоктан тұрады. Барлық талаптарға сай орталықта 180 адам жұмыс істейтін болады.

Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын орталық жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейін жеткізеді. Орталық өңір халқына сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Жалпы, талай құрылыс алаңында, түрлі нысандарды салуда қолтаңбасын қалдырған «Крез-Сервис» ЖШС-да білікті мамандар мен құрылысшылар шоғыры қалыптасқан. Сыр еліне сымбат сыйлаған серіктестік ғимараттарды жобалау ісінде республика көлемінде үздіктер қатарында.

Арманға айналған ауыр атлетика кешені

Отандық құрылыс саласындағы озық үлгідегі технологияларға жетік мекеменің тың идея, жаңашыл жобалары жетерлік. Қаламыздағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік, индустриялық құрылыс нысандарын салып, халық игілігіне пайдалануға беріп келеді. Қаншама жылдар уақытпен санаспай, дауыл мен жаңбырда тасаға тығылмай жасаған еңбектің нәтижесі бүгінде Алаш анасының көркіне көрік қосып отыр.

Солардың бірі – екі дүркін Олимпиада чемпионы Илья Ильин атындағы ауыр атлеттерге арналған спорт кешенінің жобасы. Кезінде заманауи талаптарға сай келетін спорт кешені «Мұз айдыны» жанынан бой көтеруі керек болатын. Дегенмен, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды, республика және Азия біріншіліктерін өткізуге мүмкіндік беретін нысан құрылысы түрлі себептермен кейінге қалдырылды.

Өңірдегі өміршең бастаманың бірі саналған жоба, жүзеге асар болса, Сыр спортына серпіліс әкелер еді. Кезінде кешен жобасын Илья Ильин, ауыр атлетика бойынша Қазақстанның бас бапкері Алексей Ни, басқа да спорт саласының майталмандарымен ақылдаса отырып, барлық талапқа сай етіп әзірлеген Мәриям Дәрменқұлова дайын жоба қайта қолға алынарына сенеді.

Сапа мен сәулет сай болуы тиіс

Бұл – ұзақ жыл өңірді өркендетуге өз үлесін қосып келе жатқан майталман маманның басты ұстанымы. Мәриям Дәрменқұлованың айтуынша, қазірдің өзінде қала құрылысы саласында көптеген мәселелер бар. Бұл қаланың сыртқы келбетіне ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігіне де, ыңғайлылық пен эргономикаға да әсер етеді.

– Сондықтан облыс әкімдігі жанындағы сәулет және қала құрылысы кеңесінің жұмысын қайта жолға қою керек. Бұрын барлық жобалар сарапқа салынып, талқылаудан өтетін кеңес жұмысы қазір тоқтап тұр. Қалада сәулет өнері жағынан бірегей ғимараттар жеткілікті. Дегенмен, жеткілікті көңіл бөлінбесе, шаһар біртіндеп келісті келбетін жоғалта береді, – дейді ол.

Білікті маман басшылығымен сонау 2004 жылы өңірдегі алғашқы монолиттік құрылыс жобасы жүзеге асқан. Мәриям Дәрменқұлова алдағы уақытта да барлық ғимарат бір типті болмай, әдемі құрылыстар салынса екен дейді.

Қаламызға көрік беретін, заманымызға сай ғимараттар салынса Сырдың бас шаһары Орталық Азия мен Еуропа мемлекеттеріндегі қалалардан кем түспесе деп армандайды кейіпкеріміз.

Қадірі асқақ, маңызы терең

Мәриям Дәрменқұлова қазіргі заманға сай білікті де білімді, іскер де қабілетті маман ретінде өзгелерге үлгі-өнеге болып, қаламыздың әлеуметтік-экономикалық деңгейінің артуына үлес қосуда. Оның саладағы еселі еңбегі елеусіз қалмай, өңірді дамытуға белсене қатысқаны үшін Қызылорда облысы әкімінің және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды.

Қызылорда облысының 70 жылдық мерейтойына құрмет медалімен, «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» төсбелгісімен марапатталды. Ал, 2014 жылы Кедендік Одақтың жүргізген бизнес рейтингінің нәтижесінде «Қазақстан даңқы» орденін, «Қазақстан көшбасшысы», «Сала көшбасшысы-2014» медальдарын омырауға тақты. Ол басшылық ететін «Крез-Сервис» ЖШС құрылыс мекемесі «Қазақстан көшбасшысы-2014» ұлттық сертификатына ие болған. Қазақстан Республикасы құрылыс саласының дамуына зор үлес қосқаны үшін 2014 жылы, Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрінің Алғыс хатымен марапатталды. 2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығына үміткер ретінде қатысып, Президент Әкімшілігінің Алғыс хатына ие болды.

Міне, аймағымыздағы құрылыс қарқыны мен сапасына атсалысып, ел мерейін үстем етіп отырған Мәриям Ергенқызының жемісті еңбек нәтижесі көңілге қуаныш ұялатады. Жобалаушы мамандығының қадірі асқақ, маңызы терең. Кез келген мемлекеттің, қоғамның ілгері басуын оның құрылыс, сәулет саласына қарап баға беруге болады. Жылдар ғана емес-ау, ғасырлар бойы адамзатпен бірге жасасып келе жатқан нысандар, ғимараттар бар. Солардың әрқайсысында құрылысшылардың қолтаңбасы қалған. Дегенмен, терең білім мен білгірлікті, жанкештілік пен жігерлікті бойына сіңіріп, құрылыс саласында қажырлы еңбек етіп жүрген жобалаушы мамандар үлесі қандай құрметке де лайық.

Әлі де еліміздегі талай құрылыс нысандарында, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханалардың, мұражай қабырғаларында шаһар жобалаушысының еңбек іздері алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Ал, Мәриям Дәрменқұлова басшылық ететін «Крез-Сервис» ЖШС мекемесі талай құрылыс нысандарының салынып, өлке тарихын жасауға өз үлесін қоса бермек.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<