Шымырлар шыңдалған фестиваль

830

0

Республикалық «Tartyl Fest» турникте тартылу спорт фестивалі Қызылорда қаласында тартысты өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Дара» дарындыларды қолдау қоры ұйымдастырған сайыс барысында 307 адам бақ сынады.

Қала тұрғындары кешкілік мәдениет және демалыс паркіне жиналды. Жарысқа қызылордалықтар тарапынан қызығушылық ерекше болды. Оған қатысуға ниет білдірген азаматтар арасында ең егдесі 75 жаста болса, ең кішісі 6 жаста.

Іс-шараның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бұқаралық сипат алған сайыстың жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

– Талай таланттарға жол ашқан Сыр өңірінде сергектікті серік еткен жастар аз емес. Олардың арасында жоғары көрсеткішке қол жеткізуге мүмкіндігі бар азаматтар жетерлік. Сондықтан оларға зор сенім артамыз. Бүгінгі бәсеке тартысты өтеді деген сенімдемін, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Биыл 75 жасқа келген Александр Ким қарттығына қарамастан сайысқа қатысуға бел буған екен. Турникке тартылу барысында жас кезінде бұл спортқа жақын болғаны көрініп тұрды. Ол кісі 16 мәрте тартылып, көпшілік тарапынан қошеметке ие болды.

– Мен  жас   кезімнен  спортқа жақынмын. Әлі де сергектікті серік етіп келемін. Соның арқасында денсаулығыма айтар шағымым жоқ. Жастарға айтарым, әрдайым спортқа жақын болсын, – дейді ол.

Сондай-ақ, 6 жастағы Жандәулет Бағдатұлы 16 мәрте тартылып, жарысты ұйымдастырушылар тарапынан оң бағасын алды.

Сайыс үш сағаттай уақыттан кейін мәресіне жетті. Ұйымдастырушылар жүлдегерлерді анықтауға назар аударды. Қатысушылардың кейбірі бірдей көрсеткішке жетті. Сондықтан олар тағы бір мәрте бақ сынауға мүмкіндік алды. Сол арқылы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Айта кетерлігі, қызылордалық сайыскерлер арасынан 18-30 жастағылар (65-80 келі) аралығында сынға түскен Ақберен Қуандықов бұған дейінгі рекордты жаңартуға жақын қалды. Ол турникке 40 мәрте тартылды. Ал 25 жастағы Елжан Меңлібаев пен жасөспірімдер санаттағы Родион Цой әрқайсысы 38 ұпайдан жинады. Айта кетсек, бұдан бұрын шымкенттік тұрғын Азамат Сапар турникте 41 рет тартылып, рекордтық көрсеткішке жеткен еді.

Фестиваль соңында көпшілік эстрада жұлдызы Мирас Жүгінісовтің қатысуымен өткен концертті тамашалады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Жағыпар Тәжмаханов, «Дара» таланттарды қолдау қорының басшысы Нұрлан Қоянбаев, жоба амбассадоры, қоғам қайраткері, жаттықтырушы әрі актер Айтым Жақыпов марапаттады.

Еске салсақ, «Tartyl Fest» турникте тартылу бойынша республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталған болатын. Бұған дейін Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалаларында жалғасын тапты. Фестиваль еліміздің 20 қаласында ұйымдастырылып, әр қаладан 27 жеңімпаз анықталады. Олар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады деп күтілуде.

Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге. Ал, гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша Әлем чемпионатына қатысады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<