Спорт жаңалықтары

580

0

Халықаралық турнирде топ жарды

16-25 шілде аралығында Сербияның Белград қаласында шахматтан «SVETOZAR GLIGORIC MEMORIAL» халықаралық турнирі өтті.

Турнирге 28 мемлекеттен 320 спортшы қатысты.

Интеллектуалдық ойын қорытындысымен шахматтан Әлем чемпионы, Сыр мақтанышы Назерке Нұрғали өз мықтылығын тағы да дәлелдеп, 1-орын иеленді! Жас гроссмейстеріміз Әсел Серікбай жүлделі 3-орын алды.

Зілтеміршілер тағы да жүлде еншіледі

Бұған дейін де 15-25 шілде аралығында Өзбекстанның Ташкент қаласында ауыр атлетикадан 20 жасқа дейінгі жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатқанын айтқан болатынбыз. Сол байрақты бәсекеде Сыр спортшылары тағы да тұғырдан көрінді.

Жерлесіміз Айсамал Сансызбаева  (+87 кг) жұлқи көтеруден 104, серпе көтеруден 130 келіні бағындырып, қоссайыс нәтижесімен (234 келі) 2-орын алды. Сондай-ақ, Динара Қыпшақбай (81 келі)  жұлқи  көтеруден 89, серпе көтеруден 111 келіні еңсеріп, қоссайыс нәтижесімен (200 келі) 3-орын иеленді.

Олардың жаттықтырушылары – Альберт Хакимулин, Азамат Мақаш, Мұхаммед Тұрысбеков, Арман Абдраев, Айдос Базарбайұлы.

Чемпионаттан олжалы қайтты

21-24 шілде аралығында Ақтау қаласында самбодан 2006-2007 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті.

Чемпионат қорытындысы бойынша Сыр спортшылары 6 алтын, 6 күміс, 5 қола жүлде еншілеп, командалық есепте ұлдар 2-орын, қыздар 1-орын алды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<