Қоғам жанашырлығының көрінісі

882

0

Кейінгі жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер көп. Қоғамның қай саласын алсақ та ілгерілеудің, алға жылжудың өзгеше жолына түскен. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жаңалықтар, толымды тірліктер баршылық.

Мұның барлығы әрине, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен, қолдауымен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Мәселен, Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды.

«Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда. Осы орайда ауылдық жерлерде тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігін, сапасын арттыру бағытында арнайы ұлттық жоспар әзірленіп, бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде де ұлт денсаулығын қорғау, тұрғындар саулығын сақтау мәселесіне арнайы тоқталғанын білеміз. Оған қоса әлеуметтік осал топтағы азаматтардың жағдайына да алаңдаушылық білдіріп, оларды қолдаудың жолын көрсетті. Атап айтқанда, адам капиталын дамытуға қатысты  бір мәселе – Денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы.

Осы орайда Президент еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін, оның жай-күйіне қатысты түйткілдер аз емес екенін айтты. 

«Мемлекет соның бәрін біртіндеп шешіп жатыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі.» деп нақтылай түсті. Сондай-ақ Президент медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет екенін де баса айтты және  әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс екенін ескертті.  Президенттің бұл сөзі әрине, әріптестеріме серпін беріп, қанаттандырғаны сөзсіз.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау басты міндеттің бірі екенін айтып, осы орайда 1 қыркүйектен бастап асыраушысынан айырылған азаматтардың жәрдемақысын 14,5% өсіруді ұсынды.  Мемлекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы осындайда көрінеді. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлініп келеді.

Жалпы, әлеуметтік және денсаулық сақтау саласына деген мұндай үлкен қамқорлық, қолдау тұрғындармен қатар дәрігерлер қауымын да қуантады.

Гүлстан Мақсұтова,

 №3 қалалық емхана бас дәрігері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<