Сыр халқы Қостанайға көмек жөнелтті

2721

0

Алтын астықтың отаны – Қостанай өңіріндегі оқыс оқиға еліміздің барша тұрғындарын алаңдатты. Өрт шарпыған алқап, одан зардап шеккен ауылдардың, тұрғындардың жағдайын мемлекет бақылауға алды. Төтенше жағдай жарияланды. Әйтсе де шарасыз қалған тұрғындарға, сондай-ақ, өрт сөндіруге жұмылған күштік құрылымдар мен ерікті азаматтарға шұғыл көмек қажет екені айтпаса да түсінікті. «Көп тілегі – көл» деген, қостанайлықтарға барша халық қолдау танытып жатыр. Сыр елі де алғашқылардың бірі болып көмек қолын ұсынды.

Қызылордалықтар атынан Қостанай өңіріне гуманитарлық көмек ретінде 11 тоннадан астам күріш,10 тоннадан астам ұн, май, макарон секілді азық-түлік өнімдері, 6 тонна құрылыс материалдары, 4 тонна ауызсу, сондай-ақ гигиеналық  заттар, дәрі-дәрмек, жылы киім-кешектер мен ыдыс-аяқтар, тұрмыстық-техникалық тауарлар жөнелтілді.

– Жалпы Қостанай өңіріндегі жағдайға байланысты «AMANAT» партиясы жылдам шешім қабылдап, 4 қыркүйектен бастап барлық өңірлерде гуманитарлық көмек жинау пункттерін ашқан болатын. Осы мақсатта партияның облыстық филиалы мен Қызылорда қаласы, 7 аудан және Төретам кентінде, барлығы 9 аумақта арнайы қабылдау пункттері ашылып, азаматтардан келген түрлі көмектерді қабылдады. Бас-аяғы 3 күн ішінде фракция мүшелері, партия белсенділері, жергілікті жомарт азаматтар ең қажетті және жолға жарамды заттарды қабылдау пунктіне жеткізіп, игілікті іске үлкен үлес қосты. Айта кету керек, қызылордалықтардың қайырым-көмегі мұнымен толастамайды. Бүгінде қаржылай және материалдық жәрдем көрсету шаралары жалғасуда, – дейді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Л.Төрешова. 

Бұдан бөлек, облыс әкімдігінің басшылық құрамы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұжымы қостанайлықтарға бір күндік жалақыларын аударды. Өңірдегі бастауыш партия ұйымдары мен партия белсенділері қаржылай көмек көрсетті. Бұл қаражат төтенше жағдай салдарын жоюға және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіруге, басқа да шұғыл қажетті жұмыстарды атқаруға жұмсалады.

Аталған көмекті Қостанай облысына дейін жеткізу «Жастар рухы» жастар қанаты аймақтық филиалының белсенділеріне жүктелді.                                    

  Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<