Сырдың сыйы – Сарыарқаға

413

0

Бүгін және ертең, яғни, 10-11 қыркүйек күндері Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана Арена» спорт кешенінің жанында Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы күні кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеме жасады.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша ұйымдастырылатын жәрмеңке бұл жолы да өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленбек.

Жәрмеңкеде аймақта өндірілетін өнімдерді қолдау мақсатында арнайы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Көрмеге Сырдың дара дақылы – күріш, әйгілі қауын-қарбызы, Арал теңізінің теңдессіз балығы мен өзге де жергілікті өнімдер қойылады.

Жәрмеңкенің дәстүрлі жарастығына сай қызылордалық өнерпаздар ән-жырдан шашу шашпақ.

Бұдан бөлек, облыс тарапынан қайырымдылық қоры аясында жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері таратылады.

Жалпы жәрмеңкеде 70-ке жуық Сыр диқандары және кәсіпорын иелері тарапынан 50 жүк автокөлігімен құны 200 млн теңгені құрайтын 500 тоннадан астам өнім ұсынылады.

Айта кетейік, биыл облыста барлығы 188,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде дәнді дақылдар 91,7 мың гектар, майлы дақылдар 5,9 мың гектар,  малазықтық дақылдар 71,3 мың гектарды, картоп, көкөніс, бақша 19,6 мың гектарды құрайды. Осы жылы Сыр диқандары 78,6 мың гектар күріш екті. Қазір басты дақылды ысырапсыз жинап алудың қызу қарекеті жүріп жатыр.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<