Тәрбие тізбегі үзілмеуі тиіс

401

0

Адамзат баласының ежелден келе жатқан міндеті – саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Кемелұлы «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек» деп өз сөзінде атап көрсетті. Өскелең ұрпақ бойына отансүйгіштік, азаматтық және имандылық сезімін қалыптастыруға қоғам болып атсалысуымыз қажет.

Жас ұрпақ тәрбиесі – қай уақытта да өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын маңызды мәселе. Халқымыздың ғасырлық тарихында рухани-адамгершілік тәрбие идеялары қазақтың ұлы ойшылдары мен ағартушыларының еңбектерінде де көрініс тапқан.

Тізбектеліп келе жатқан тәрбие беру бағытын үзбей, келер ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғырын қалыптастыру керек. Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» кешенді жоспары аясында мектеп-интернат директоры Берікбол Төлеуовтің бастамасымен көптеген іс-шара өткізілуде. Төле бидің 360 жылдығы, Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығы, Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойларына сәйкес сынып сағаттары, еске алу кештері өткізіліп, оқушылар театрландырылған көріністер қойды.

Сонымен қатар «Біртұтас тәрбие жоспарымен», «Тоғыз айға – 9 іс-шара» тұжырымдамасы негізінде ай сайын челлендждер өткізіледі. «Төрт тоқсанға – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасымен жұмыстар жүргізілуде.

Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бір шыбық, жас күнде қай түрде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп тұжырым жасаған екен. Бүгінгі жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, оларды мәдениетті, адами қасиеті мол тұлға етіп тәрбиелеу – басты парызымыз.

Бала тәрбиесінің ең негізгісі – оны еңбекке баулу. Еңбекшіл жас қана ең үздік азамат болып қалыптасады. Ата-аналармен күш-жігерді біріктіру арқасында мұғалімдер балаларға бағыт береді. Жоспардың сапалы орындалуы – мектеп-интернат ұстаздарының үздіксіз, ізденіспен жасаған жұмыстарының нәтижесі.

Тәрбие – адам тағдырын шешетін ұлы іс. Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беруді қоғам болып ілгерілетуіміз керек.

Ержан ТЕМІРОВ,

№8 облыстық арнайы санаториялық мектеп-интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<