Тауар белгісін заңдастыру – кәсіпкер құқығын қорғайды

428

0

Сурет ашық дереккөз

Қазақстанның әр өңірі өзіндік табиғи байлықтарына, табиғатының  айырмашылықтарына, орналасу реттілігіне, тіпті халықтың өмір сүру салтына дейін бір-бірінен ерекшеленеді. Сонымен қатар, әр облыс өз аумағында өндірілетін атақты тауарларымен де айрықшаланады. Мысалы, Алматының апортын, Тараздың шұжығын, Шымкенттің сырасын, Қызылорданың күрішін білмейтін қазақстандық жоқ шығар. Бұл өнімдер тұтынушылардың көңілінен шығып, «өздерін мойындатқан» өнімдер.

Қызылорданың күріші бүгінде әлемдік нарықта кеңінен танымал. Бұл «бренд» өнім әлемнің 14 еліне экспортталады. Облысымызда жиырмадан аса кәсіпкерлік нысандары күріш өндірумен айналысады. Күріш біздің мақтанышымыз. Ауыз толтырып айтарлықтай өндіру және даму деңгейі жоғары өндіріс саласы. Әр өндірілетін күріштің халыққа танымал атаулары, яғни өзіндік тауар белгілері бар. Айталық, «Лидер», «Янтарь», «Сыр маржаны» тағы басқа да атаулар бәрімізге етене таныс.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 01.09.2023 жылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде, зияткерлік  меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды», – деп атап өткен болатын.

Зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың құқықтық құралдарының бірі осы саладағы бұзұшылықтардың жолын кесу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру болып табылады.

Яғни, бөтеннің тауар белгілерін заңсыз пайдалануды болдырмау бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.  Осы орайда, 2022 жылғы 20 маусымда ұлттық заңнамаға «географиялық нұсқама» жаңа өнеркәсіптік меншік объектісі енгізілді.

Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңына сәйкес географиялық нұсқама дегеніміз – географиялық объектінің аумағынан шығарылатын, белгілі бір сапасы, репутациясы немесе басқа да сипаттамалары едәуір дәрежеде оның географиялық шығу тегімен байланысты тауарды сәйкестендіретін белгілеме. Осы географиялық объектінің аумағында тауардың сипаттамаларының қалыптасуына елеулі әсер ететін, оны өндірудің кем дегенде бір сатысы жүзеге асырылуға тиіс.

Белгі тек белгілі бір аумаққа қатысты өнімнің шыққан жерін көрсететін болса ғана географиялық нұсқаманың қызметін атқара алады.

Географиялық нұсқамаға берілген құқық оның иелеріне өнімдері қолданыстағы стандарттарға сәйкес келмейтін үшінші тұлғалардың географиялық нұсқаманы пайдалануына жол бермеуге мүмкіндік береді.
Алайда, қорғалатын географиялық нұсқама өз иесiне осы нұсқамаға арналған стандарттарда белгіленген технологияны пайдалана отырып, басқа тұлғалардың оған ұқсас өнiмдердi өндiруiне тыйым салу құқығын бермейдi. Әдетте, географиялық нұсқаманы қорғау нұсқама қызметін атқаратын белгіге құқықтарды алуға негізделеді.

Географиялық нұсқама әдетте ауылшаруашылық өнімдеріне, тамақ өнімдеріне, шараптар мен спирттік ішімдіктерге, қолөнер мен өнеркәсіп өнімдеріне қолданылады.

Тауар шығарылған жердің атауына қарағанда, негізінен географиялық нұсқама осы зияткерлік меншік объектісінің болашағына әсер ететін бірқатар артықшылықтарға ие.

Осылайша, белгіні географиялық нұсқама ретінде тіркеу үшін тауардың ерекше қасиеттері болмауы мүмкін, ал өтініш беруші негізінен географиялық аймақтың табиғи жағдайларымен және (немесе) адами факторларымен анықталатын ерекше қасиеттерді дәлелдеуге міндетті емес.

Сонымен қатар, географиялық объектінің аумағында тауар өндірудің барлық кезеңдері жүргізілмеуі керек, бір ғана кезең жеткілікті. Қорғанысқа тек ауызша емес, біріктірілген белгілер (бейнелі, ауызша, әріптік және т.б.) жатады.

Осы артықшылықтардың барлығы жалпы алғанда өтініш берушілер үшін икемді қорғаныс талаптарын қамтамасыз етеді.

Қызылорда облысының аумағында өндірілетін күріш өнімі «ұлттық бренд» ретінде танымал екені жоғарыда аталып өтілді. Ал, әр кәсіпкерлік иелерінің өздері өндіретін күріш өнімдерінің тауарлық белгілерін құжаттар арқылы заңдастырып, яғни мемлекеттік тіркеуден өткізіп, тауар иесінің ерекше құқығын куәландыратын куәлік алуы, тауар өндірушінің  тауар белгісін  заңсыз пайдалануды болдырмаудың бірден-бір жолы.

Қазақстан Республикасының «Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 4 бабының 4 тармағына сәйкес, тауар белгісінің иесі куәлікте көрсетілген тауарлар мен қызметтерге қатысты өзіне тиесілі тауар белгісін пайдалану мен оған иелік етудің айырықша құқығына ие болады. Қазақстан Республикасында қорғалатын тауар белгісін оның иесінің келісімінсіз ешкім де пайдалана алмайды.

Географиялық нұсқаманы пайдалану құқығын алу үшін алдымен сараптама ұйымына, яғни Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жанындағы «Ұлттық зияткерлік меншік институтына» өтініш беру қажет.

  • Тіркеуден кейін географиялық нұсқаманың құқық иеленушісі оны пайдаланудың айрықша құқығына ие болады, ол географиялық нұсқаманың Мемлекеттік тізілімінде үзінді көшірмемен куәландырылады.
  • Географиялық нұсқаманың тіркеу мерзімі тауардың белгілі бір сапасы, беделі немесе басқа да сипаттамалары сақталған жағдайда және олардың географиялық шығу тегімен едәуір дәрежеде байланысы болса мерзімсіз әрекет етеді.
  • Географиялық нұсқаманы пайдалану құқығы сараптама ұйымына өтінім берген күннен бастап он жыл бойы жарамды.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес еліміз құқықтық мемлекет. Құқықтық мемлекеттің басты қағидасы – заңға бағыну.

Елімізде кәсіпкерлікті дамыту мен кәсіпкерлер құқығының қорғалуы турасында бағдарламалар мен жоспарлар жеткілікті. Осы ретте, әр кәсіпкерлік өкілдерінің заңмен  бекітілген өз құқықтарының сақталуына, қорғалуына айтарлықтай мән беруі – елімізде көлеңкелі экономиканы болдырмауға, кәсіпкер құқығының қорғалуына және бизнестің дамуына үлкен әсерін тигізбек.

Шахар  БЕГЕЖАНОВА,

Қызылорда облысы Әділет

департаментінің бөлім басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<