Тауар тапшылығына жол берілмейді

646

0

«Nur Otan» партиясы жанындағы экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелері Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік дүкендерді аралап, ондағы азық-түлік бағасы мен сапасына мониторинг жүргізді.

Партия әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын тұрақтандыру, тұрғындарға қолжетімді болу үшін сайлауалды бағдарламасында әлеуметтік дүкендер санын арттыруды мақсат еткен. Кейінгі кезде Қызылорда қаласында 5, Қармақшы ауданында 2 дүкен ашылды.

Қызылорда қаласы мен оған қарасты кент, ауылдық округтерде жалпы саны 34 әлеуметтік дүкеннің жұмысын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ үйлестіріп отыр. Қосымша құрастырмалы типтегі 5 әлеуметтік дүкеннің құрылысын салу үшін акционерлік қоғаммен мемлекеттік сатып алу шарттары жасалды. Нақты кезеңде құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, әлеуметтік дүкендердегі өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізіледі. Тауарлар белгіленген бағада сатылуда.

– Әлеуметтік дүкендердегі өнімдер бағасы нарықтағыдан төмен. Сондықтан, тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеуіміз қажет. Бұған қоса, өнімдер жеткілікті болу үшін тапшы тауарларға шектеу енгізілді. Мәселен, бір сатып алушыға қант 2, картоп  3, сәбіз  2, тауық еті 2 келіден, жұмыртқа 10 данадан,  ал өсімдік майы 1 литрден берілуі тиіс, – деді мониторинг жұмыстары барысында қоғамдық кеңес төрағасы Қожахмет Ілиясов.

Айта кетейік, бүгінде әлеуметтік дүкендерде нан – 55, қанттың келісі – 270, өсімдік майының литрі – 630, картоп – 130, сәбіз – 170, бас пияз бен қырыққабат 80 теңгеден босатылуда.

Бірінші  сортты ұнның келісі – 135, қарақұмық жармасы – 400, күріш  – 210, макарон  – 200, сиыр еті  – 1650, тауық еті (окорочка) 785 теңгеден, тұз  – 40, жұмыртқаның бір данасы – 26, сүттің литрі – 280 теңгеден, айран – 225, сүзбе – 1283 теңге және сары майдың келісі – 2504 теңгеден сатылуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<