Үшбу хат

552

0

Жеңіс күні болса есіме нағашыларым түседі дейді оқырманымыз Жаннат Жылқыбаева. Сырдария ауданы Амангелді ауылынан бір бума сарғайған хаттарын алып редакцияға келіпті.

«Қармақшы жерінен соғысқа аттанған жауынгерлер арасында нағашыларым Әбдібек Жабагиевпен Сәндібек Нахаев болды. Қармақшы ауданы Т.Жүргенов атындағы ауылда дүниеге келген. Әбдібек нағашым 1942-1943 жылдары жиі үшбу хат жазып тұрған. Сарғайса да әлі күнге дейін сақтаулы тұр. Жыл сайын жеңіс күінде сандықтың түбінен шығарып, жазбаларын оқып, сағына еске аламыз. Әсіресе қарындастары Қанза мен Қазынаға сағынышты сәлемін, ағалық қамқорлығын жетізіп отырған» – дейді ол.

Суретте Әбдібек Жабағиев.

Жауынгердің үшбу хатын қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

21.01.1942 жыл. Қармақшыдан мініп төмен қарай барамыз. Жері суық, қары қалың тізеден келеді екен. 12 сотке жүріп Орынбордың аржағында Кувандык деген станцияға келдік. Моншаға түсіріп киім берді. Еңбекшідегі 7 бала біргеміз. Сәндібек, Әбірей, Серікбай, Досыман, Әбдіраш, Тұрмағанбет. Күнделікті жолығып тұрамыз. Бізде тұрақты жер жоқ. Жазық далаға қонып, түстеніп, соғыс жаққа кетіп баражатырмыз. Иықта ауыр зат бар. Белгілі ғой.

Армия полевая почтавая станция 1797

1-й батольон 2-рота. Жабағиев Әбдібек, Нахаев Сәндібек.

«Құр жылаудан ештеңе өнбейді. Қор болмай тамақ асыраудың қамын ойлау керек. Қанза сабақтан қалма. Жақсы болудың қамын ойла. Осы хатты Қасеннен беріп жібердім. Құттыбайдан кастьюмді бердім. Апа, Қанза оқуға қалай қатысып отыр? Қазына Өмірзақтың дені сау, ойнап жүр ме? Біздің де деніміз сау бұрыңғы жерден басқа жаққа кеттік. Жағдайымыз жақсы. Уайымдамаңыздар. Құдай деп, көппен бірге көрен ұлы той деп отырасыңдар ғой. Апа менің екі арманым орындалмай тұр. Біріншісі жастайыңнан бейнет көріп бағып едің, сөйткен шеше қызығымды көре алмай кете ме деймін. Екіншісі аяғым ауырып жүргізбейді. Соғыс бітіп, ыстық құшағыңа жүгіріп жетікм келеді. Бұрыңғы жеріміз Москваның маңы еді. астрахан қаласына 8 күн жүріп жеттік. Қазақ жастар көп қыршын кетуде. Бәрі бізден соң алынғандар. Соғыс орнына жақындаған сайын бізге де қауіп бар…»

«Осылай жақындарына үшбу хат жазған жауынгер Әбдібек соғыстан оралмаған. Бертін келе «Боздақтар» кітабына есімі енген. Ал Сәндібек елге аман-есен жетіп ұрпақ өрбіткен. Соғысқа қатысып, ел ертеңі үшін күрескен нағашыларымды мақтан етемін» дейді жиені.

Жазбалар жауынгер Жабағиевтың қарындасы Қазынаның қызы Жаннат Жылқыбаеваның жеке мұрағатынан алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<