Ұлт саулығы жақсы болса, қоғам орнықты дамиды

667

0

Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда.

Жалпы елімізде, оның ішінде біздің облыста денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, ауылдық жерде медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды істер қолға алынуда. Атап айтсақ, Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде республикалық бюджет есебінен  жалпы құны 2,3 млрд  теңгені құрайтын 80 мыңнан аса тұрғынға қолжетімді және жоғары сапалы бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 250 келушіге арналған  емхана  құрылысы аяқталды. Былтырғы наурыз айында шалғай  медициналық ғимараты жоқ елді мекендерде 2 медициналық бекет іске қосылды.

Медициналық мекемелер құрал-жабдықтармен толықтырылды. Былтыр салаға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен 1 523,9 млн теңге қаражат қаралды. Бөлінген қаражат шеңберінде 536,8 млн теңгеге Қармақшы және Шиелі аудандық ауруханасына компьютерлік томограф, №3 қалалық емханаға,  Арал және Жаңақорған ауданаралық ауруханаларына  443,9 млн теңгеге видеоэндоскопиялық жүйе, қалалық орталық емханаға 36,5 млн теңгеге цифрлы стационарлық флюорографиялық рентген аппараты, №3 қалалық емханаға 48,1 млн теңгеге радиографиялық рентген жүйесі, №5 қалалық емханаға 49,5 млн теңгеге маммографиялық рентген жүйесі аппараттарын  сатып алу жоспарлануда. Нәтижесінде құрал-жабдықтармен қамтылу көрсеткіші 83,5 пайыздан 85%-ға дейін көтерілетін болады. Одан бөлек,  облыстық жедел жәрдем стансасына линзинг арқылы  20  санитарлық автокөлік алынды. Осының нәтижесінде құрал-жабдықтармен  және санитарлық автокөліктермен жабдықталуы 100%-ға жетті. Ал биыл республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңгеге медициналық бұйымдар сатып алу көзделуде.

Былтыр наурыз айында Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсек-орынға арналған көпбейінді аурухана (онкологиялық бөлімшемен) салу жобасы бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң  қорытындысы алынды.

Әкімдік тарапынан Денсаулық сақтау министрлігіне 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен жоспарланған инвестициялық жобалардың тізбесіне енгізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылды.  Осыған орай, облыс үшін жедел және шұғыл қажеттілігін, сонымен қатар, Арал өңірі аймағы үшін маңыздылығын ескере отырып, аталған нысан құрылысын бастауға республикалық бюджет есебінен биылға 750 млн теңге бөлінді. Қазір конкурс рәсімдері жүргізілуде.

Жоғарыда Президент денсаулық сақтау жүйесін дамытудың ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырғаны жөнінде айттық. Осы орайда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба аясында облыс бойынша ауылдық инфрақұрылымды дамытуда жалпы құны  9,7 млрд теңгеге 27 нысан құрылысының тізімі бекітіліп, Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған болатын,  қолдау тапты. Олардың қатарында 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медициналық бекет құрылыстары бар. Қазіргі кезде құны 6,5 млрд теңге болатын 15 дәрігерлік амбулатория  және 1 медициналық бекет құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Нысан құрылысына жер учаскесі бөлініп, инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген. Аталған 16 нысанның құрылысы  биыл басталады деп күтілуде. Қалған 9 дәрігерлік амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет құрылысына осы жылы типтік жобаға байланыстыру жүргізілетін болады. Қызылорда қаласында жылына 5000-10000  жоспарлы донациялық IV санаттағы облыстық қан орталығының құрылысын жалғастыру да жоспарланған. Биыл республикалық бюджет есебінен   нысан құрылысына 250 млн теңге бөлінген.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<