Ұрпақ жадында жаңғырған есім

674

0

Ғ.Мұратбаев атындағы №171 орта мектепте көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, Қазақстан мен Орталық Азия жастарының жалынды жетекшісі Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай «Ғани тағылымы – ұрпаққа ұлағат» тақырыбында кездесу өтті.

Іс-шараның мақсаты – халқымыздың біртуар перзенті, халықаралық жастар қозғалысының қайраткері Ғ.Мұратбаевтың өнегелі өмірін, өшпес рухын жастарға дәріптеу, тарихи тұлғаның есімін мәңгі есте қалдыру, оқу-білімге тәрбиелеу.

Іс-шараны мектеп директоры Б.Ибраев ашып, тарихи тұлғаның өмірі мен еңбек жолына тоқталып, Ғани тағылымының жас ұрпаққа мәңгі сабақ болатынын атап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті А.Әбілов Шығыстың жарық жұлдызы, жастардың көшбасшысының болған қоғам қайраткерінің өнегелі өмірі мен қайраткерлік іс-әрекеті, елі үшін еткен еңбегі, еліміздің мәдени-ағарту саласына қосқан үлесіне тоқталды.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Т.Абылаев біртуар азамат жайлы тәрбиелік мәні бар естеліктер айтты. Сондай-ақ, Абылай хан атындағы №140 орта мектептің мұғалімі Р.Кенжеғұлова еліміздің тарихы, мәдениетінің дамуы жастарға байланысты екенін айта келе, оқушыларды заман көшінен қалмауға шақырды.

Іс-шара соңында тарихтағы ізі, жасаған ісі арқылы ел есінде сақталған ұлы тұлғаның өмірінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, мектеп оқушылары арнау өлеңдерін оқып, патриоттық әндер шырқады. Сонымен бірге оқушылар тарихи тұлға жайлы пікірлерін ортаға салып, ойларын бөлісті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<