Ұстаздар ұлағат төрінде

1035

0

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген ұлт зиялысы М.Жұмабаевтың сөзі осынау мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесін дәл айқындап тұр. Шындығында, қоғамның барлық саласы бойынша білікті маман тәрбиелеуде педагог қызметкерлердің еңбегі зор екені даусыз. Бұл орайда сала мамандарына мемлекет қолдауы жыл сайын артып келеді.

Өткен сенбіде аймақ ұстаздары төл мерекесін атап өтті. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, мәртебелі мамандық иелерінің ел дамуындағы еселі еңбегін атап өтіп, ерекше құрметін білдірді.

– Біз әрдайым Отанымыздың адал әрі абзал азаматтарын, шынайы патриоттарын тәрбиелейтін, Әділетті Қазақстанның жаңа буынын білім бәйгесіне қосатын ұстаздар қауымын ерекше қадірлейміз.

Сәт сайын жаңарып, беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермейтін құндылықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Бұл қос құндылықты да ұштастыра білген ұстаздардың қоғам алдындағы орны ерекше, мәртебесі мерейлі!

Әрбір мемлекеттің ең басты құндылығы – адам. Ал әр адам өз ұрпағының жан-жақты білімді, дарынды, қайырымды, адал, көшбасшылықта лайықты болса деп армандайды. Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, ұрпақ тәрбиесінде мұғалімнің таланты, біліктілігі мен жауапкершілігі, адами қасиеттері өте маңызды. Өнеге мен үлгі, құрмет сияқты ізгі қасиеттер адам бойына ата-ананың қанымен дарыса, ұстаздың тәлімі арқылы қонады деген сөз тегін емес, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы еліміздің білім саласын дамытуға, сондай-ақ, қоғамда мұғалім мәртебесін қалыптастыруда мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп отырғанын айтты. Осы бағытта биыл облыс бюджетінен білім саласына 204 млрд 800 млн теңге қаржы бөлінгенін, қаржыландыру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқанын атап өтті.

Расында, елімізде мұғалімдердің мәртебесін айқындай отырып, оларды әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселесі басты назарда. Соның дәлелі – Мемлекет басшысы таяуда жариялаған Жолдауында Жаңа Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екенін атап өтті. Жолдаудан туындайтын жаңа міндеттер бойынша балабақшадан бастап, орта білім беру ұйымдарында біршама қарқынды бастамалар қолға алынады. Сондай-ақ, отандық ЖОО-ларда заман талабына сай жаңаша реформалар жүзеге асырылады.

Салтанатты жиында сала үздіктері сахнаға көтеріліп, оларға ҚР Оқу-ағарту министрлігі және облыс әкімі атынан түрлі марапаттар, гүл шоқтары табысталды. Жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде  шынайы шығармашылық еңбегімен дараланған бірқатар облыс педагогтары «Алтынсарин» төсбелгісін иеленді. «Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағы, «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін жергілікті ерекшелік белгісі» мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталды.

Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіші бойынша республика көлемінде «Үздік 100 мектеп» қатарына енген білім беру ұйымдарына және осы санаттағы педагогтарға бағалы сыйлық – ноутбук берілді. Сонымен қатар, облыс әкімі жыл қорытындысымен шәкіртімен білім бәсекесінде топ жарған 10 ұстазға 900 мың теңгенің қаржылай сертификаты табысталатынын айтты.

Иә, өңірде педагог қауымға көрсетілер сый-құрмет жоғары. Жыл сайын шипажайларға жолдама беру, үздіктерге төсбелгі тағып, қаржылай сыйақы тағайындау өңірдегі мұғалімдердің мәртебесін арттырып келеді. Ал, биыл өңірде алғаш рет шәкірт тәрбиелеуде ұлттық ұстанымды биік қойып, ұстаздық қызметте табанды тер төккен екі ардагер ұстазға Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы берілді.

Мерекелік жиын ұстаздар қауымына арналған облыс өнерпаздарының концертімен жалғасты. Онда дәстүрлі әншілер, классикалық ән орындаушылары, Қазанғап атындағы жоғары музыкалық колледжінің солистері, хор ұжымы, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің «Нұргүл» би ансамблі, сондай-ақ, талантты шәкірттер өнер көрсетіп, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<