Ұтымды ұсыныс қолдаусыз қалмайды

761

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кезектілік тәртібімен азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Жеке қабылдауға 14 азамат келіп, мәселесін жеткізді. Басым бөлігі орта және шағын кәсіпке қолдау көрсетуді сұрады. Айталық, Алтынбек Өмірзақов Жаңақорған ауданынан шұлық тоқу цехын ашу жобасын ұсынса, Сәрсенкүл Мусаева көлік жөндеу бекетінің құрылысын толығымен аяқтауға қолдау көрсетуді сұрады.

Қабылдауға келген Талғат Телеубаев күріш қалдықтарынан фин қағазын өндіруді дамыту туралы айтып, Абдурагим Миржибаев Қызылорда қаласындағы өзінің шағын жеке кәсібіне көмек беру мәселесін көтерді.

Аймақ басшысы кәсіпкерлік саласын жандандыруға ниетті азаматтарды қолдау шараларын  жүргізу, қайтарымсыз гранттар беру барысын пысықтауды тапсырды.

Жалпы мемлекеттік гранттар кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға беріледі. Жобаны іске асыру үшін кәсіпкер 10 пайыз көлемінде жобаны бірлесіп қаржыландыруы, жұмыс орындарын құруы тиіс.

Мұнан бөлек, жеке қабылдауда денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек беру, облыс орталығының шалғай ауылдарындағы балаларға спорт алаңын салу, аяқ су жүргізу секілді маңызды сұрақтар көтерілді. Әсіресе, ИВЛ аппаратымен тыныс алатын балаға көмек сұрай келген көпбалалы ана мәселесіне облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасына мұқият зерделеп, тиісті деңгейде жұмыстарды үйлестіруді тапсырды.

Айта кету керек, осы уақытқа дейін аймақ басшысы 16 жеке қабылдау өткізіп, 144  азаматтың мәселесін қарады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<