Ынтымақты елдің ырысы мол

899

0

Жалағашта жарқын іс көп. Биылғы ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығында жергілікті тұрғындарды қуантқан іс-шараның бірі – жаңа баспаналардың иелеріне табыс етілуі болды. Ауданға жұмыс сапарында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындар қуанышына ортақтасып, жаңа үйдің кілтін тапсырды.

Салтанатты шарада аймақ басшысы барша тұрғындарды мерейлі мерекемен құттықтап, берілген тұрғын үйлердің құтты қонысқа айналуына тілектестігін білдірді.

– Баршаңызды алдымен қадірлі де қасиетті Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы және Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын!

Сыр елі қарқынды даму үстінде. Жыл сайын өңірімізде түрлі жаңа нысандар бой көтеріп, көркейіп-көріктене түсуде. Уақыт өткен сайын аудан халқының саны артып келе жатқаны сөзсіз. Бір шаңырақтан өрбіген ұрпақ бірнеше отбасы болып, жаңа отау көбеюде. Сондықтан, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету күн тәртібіндегі мәселе ретінде менің назарымда болады.

Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Іші шаттыққа толып, балалардың күміс күлкісіне бөленсін! – деді облыс әкімі.

Мұнан соң облыс басшысы 6 баланың анасы Әлия Қадырманованың шаңырағында болып, көпбалалы отбасына газ плитасын сыйлады.

– Ең біріншіден, Қазақ елінің Тәуелсіздігіне 30 жыл толған елеулі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Аталған мереке мен Жаңа жыл қарсаңында отбасымызбен баспанаға қол жеткіздік. 2014 жылдан бері үй кезегінде тұрып келгенбіз. Әкесі екеуміз алты баланы тәрбиелеп отырмыз. Бесеуі мектепте оқиды, арасында егіздерім де бар, ал кішкентайым 5 айлық. Әсіресе, балалардың қуанғанын көрсеңіз ғой. Облыс, аудан басшыларына, осы Жалағаштағы ел ағаларына көп алғыс айтамын. Осындай жақсы күндер, қуаныштар елімізде көп болсыншы, – деп ағынан жарылып тілек білдірді Әлия Қадырманова.

Сондай-ақ тұрғын үйлерді табыстау сәтінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев көрсетілген қолдауға тұрғындар атынан алғыс білдіріп, мерекелік лебізін жеткізді.

Айта кетсек, биыл облыс бойынша тұрғын үй құрылысына 9,8 млрд теңге бөлініп, 61,8 мың шаршы метр тұрғын үй табысталды. Жыл соңына дейін тағы 45 мың шаршы метр болатын баспана пайдалануға берілмек. Ал, Жалағаштағы 30 үйдің жалпы көлемі 1800 шаршы метрді құрайды.

Жалағашқа сапарында облыс әкімі жаңадан бой көтерген Рәміздер аллеясына барды. Биыл басталған құрылыстың бас мердігері – «Айбар-Ш» ЖШС. Ту тұғырының ұзындығы 25 метр, ал тудың ұзындығы 3,6 метрді құрайды. Аллея 50 сотық жерде орналасқан.

– Аллеяға аудандық бюджеттен 57 млн теңге бөлінді. Құрылысты маусым айында бастадық. Қыркүйек айынан бастап пайдалануға берілген нысанның кіреберісіне арка орнатылып, ішіне жарықшамдар мен орындықтар қойылды. Келесі жылы мұнда түрлі тал көшеттері егіліп, арнайы көгалдандыру жұмысын да мердігер мекеме жүргізетін болады. Аудан жастары мен келген қонақтар демалатын, жиі бас қосатын орынға айналады деген сенім зор, – дейді мердігер мекеме директоры Әділет Рысбай.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<