Жабық есік ішіндегі өмір

535

0

– репортаж –

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Погонды журналист» жобасы аясында журналист Ақтілек Бітімбай Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №68 мекемесінде (тергеу изоляторы) қиындығы мен қызығы қатар жүретін ҚАЖ қызметкерінің бір күндік жұмысын атқарып, арнайы репортаж жасады.

№68 мекемеде (тергеу изоляторы) еңбек ететін қызметкерлер қызметтің қиындығына қарамай құқықтық тәртіпті сақтап, өз міндеттерін адал атқаруда. Бүгінгі әңгіме ауаны сол жайында болмақ.

Ақ пен қара

Әдетте түрме, тергеу изоляторы дегенді естігенде сабырлы қалпыңды сақтап тұра бересің ғой. Алайда оның ішкі аурасын сезіну, көру секілді дүниелер санаңа салмақ салмай қоймайды екен. Төрт қабатты, сырты биік қабырғалармен қоршалған №68 мемлекеттік мекемеге (тергеу изоляторы) жеттік. Алғашында алып қор­ғанның сұлбасындай көрінген бұл мекеменің іші тіптен суық көрінді.

Мекемеге кіргеннен тексерістен өтіп, ішке беттедік. Байқағанымыз, мұнда айналаңдағылардың бәрі саған жат көзқараспен қарайды екен. Ал онда отырған әрбір адамның жүзінде қалың бір ой қылаң береді. Бір қарағаннан түсінгеніміз, түйгеніміз бұл. Мұнда тағдырдан теперіш көргендер де, талайдың тағдырын тәлкек еткендер де бар. Тек оны өз аузынан естуге еш мүмкіндік жоқ. Хош. Барлық ойды ысырып қойып, ҚАЖ қызметкерінің киімін кидік те, мекеменің  қызу тірлігіне кірістік.

Темір есіктен енгенде

Жұмыс мекеменің кіре берісіндегі фронт-офистен басталады.

Мекемедегі қызметкерлерден бастап, кіріп-шыққан әрбір келушіні жіті тексеретін режим және күзет бөлімінің қызметкерлері  мұнда маңызды рөл атқарады. Айыпталушылар мен күдіктілер, тергеудегілер және шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталған азаматтар ұсталынатын бұл мекеменің сыйымдылығы – 430 адам. Осыншама адамға келетіндерді қабылдап шыға­ратындар да осылар. Мекеме келушілерге таңғы сағат 8-ден бастап, 19-ға дейін қызмет көрсетеді. Мекемеге жақындарымен көрісуге не сәлем-сауқат жеткізуге күніне шамамен 120-ға жуық адам келеді.

Иә, мекеменің келушілерге алғашқы қызметі осы тұстан басталады. Мұндағы бақылаушылар, әсіресе аға бақылаушы «Режим және күзет» бөлімі (РжКБ) тексеру тобының аға жедел уәкілі Ерлан Ибраимов барлық келушілерді жылы жүзбен қарсы алып, азаматтардың сұрақтарын мұқият тыңдап, толық кеңес береді. Одан соң әр заңды өкіл мен адвокат не тергеушілерді кезекке тіркеп, кіру талондарын ұсынады. Кезек күту уақытында, күтушілер тарапынан ешқандай дау-дамайдың туындап кетпеуін қадағалайды. Сондай-ақ жабық мекемеге сырттан келушілерді тінту, тексеру жұмысын да жүргізеді. Әрі тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін қадағалау осылардың жауапкершілігінде. Аталған бақылау бөлімінің қырағылығының арқасында биыл ешқандай тыйым салынған заттардың ішке алып өту фактісі тіркелмеген.

Айлалы әрекеттер айғақталатын жер

Мекеменің екінші тексеру бөлімі «Сәлем-сауқат» бөлімі деп аталады. Мұндағы жұмыс таңғы сағат 8:30-18:30 аралығында жүреді. Мұнда келушілер темір тордың ар жағында отырған танысына тамақпен өзге де қажетті заттар әкеледі. Соны қабылдап, тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін РжКБ-ның қатардағы бақылаушылары Қанат Сақтағанов пен Гүлдана  Балбатырова қадағалайды.

Мұнда қырағы болмасаң қиын. Қиыннан қиыстырып, тағамның не сусынның ішіне тыйым салынған зат салып, қамаудағыларға жеткізетін келушілер де болады екен.

Мәселен, өткен мамыр айында сәлем-сауқат қабылдау бөлмесіне келген  бірнеше азаматтың азық-түліктері арасынан тыйым салынған зат тәркіленген.

Сөзімізге дәлел болсын, соның бірнешеуін осы тұста айта кетейік. Сырттай қарағанда бір литрліктен екі пластмасса құтысындағы салқын суды ешкім ажырата қоймайды ғой. Алайда, оны әкелген азамат мұндай сұйықтықтардың да ашылып тексерілетінін білмеген болуы керек. Сақ бақылаушы құтыны ашып көргенде спирттік ішімдіктің, нақтырақ айтсақ,  коньяктің исін бірден сезген. Енді бірі,  ет тамақ  ішінен  фольга қағазына орап 1 дана «INOI» маркалы ұялы телефоны мен 1 дана «билайн» сим картасын өткізбек болған. Екеуінің де ісі айғақталып, сотқа жолданған. Бақылаушы Қанат Сақтағановтың айтуынша, егер келушіден тыйым салынған заттар тәркіленсе, алғашында ескерту, сосын айыппұл салынады. Үшінші рет қайталаса, екі айға қамауға алынады. Ал егер алда-жалда іштен тыйым салынған затпен ұсталғандар болса, оларға шара көріледі. Ондайларға алдағы сот процесінде жеңілдіктер жасалмайды.

– Жалпы нұсқаулыққа сәйкес, 1 адамға 20 келіден аспайтын сәлем-сауқатқа рұқсат беріледі. Спирттік заттар мүлдем алынбайды. Не зат әкелсе де сол 20 келіден аспауы қажет. Оның ішіне суы, киім-кешегі мен тамағы кіреді. Сәлем-сауқатқа келген тамақтардың барлығын мұқият тексеріп аламыз. Шұжықты 3-4 бөлікке бөліп тастаймыз. Сулардың аузын ашып иіскейміз, ал іші көрінбейтін, түсі бөлек сулардың ішіне мынадай темірді салып, араластырып көреміз. Бұл ішінде артық зат болмас үшін. Одан бөлек, сүттерді коропкамен емес, арнайы құтыға құйып тексереміз. Назардан ештеңе тыс қалмайды. 500 дана кәмпит алып келсе, бәрін ашып тексереміз.

Мекемеде  айыпталушылар мен сотталғанға дейінгі азаматтар отыратын болғандықтан сәлем-сауқатты күнделікті қабылдай береміз. Жексенбі тазалық күні болып саналатындықтан басқа күндері күнделікті жұмыс істейміз. Ал мекеменің  шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар күнделікті сәлем-сауқат қабылдай алмайды. Оларға заң бойынша айына екі рет қана сәлем-сауқат алуларына рұқсат етілген, – дейді бақылаушы Гүлдана Балбатырова.

Айтпақшы, осы тұста айта кетейік, жақын­дарына келген адамдар мұнда сәлем-сауқатпен шектелмейді. Олардың кездесуіне де жағдай жасалған. Бұл жерде қысқа мерзімді кездесу 2 сағатты құраса, ұзақ мерзімді кездесу 2 күнді құрайды. Яғни әйелі күйеуіне, не күйеуі әйеліне және өзге де туыстары екі күн арнайы бөлмеде қона алады. Оның ішінде жатын бөлме, асхана және әжетхана бар. Алайда ұзақ мерзімді кездесуге 6 айда бір-ақ рет рұқсат етіледі.

Тінту – келер қауіптің алдын алады

Талай адамның тағдыры шешілетін бұл мекемеде ең бастысы – қырағылық. Мекеме(тергеу изоляторы) толықтай бейнебақылаумен қамта­масыз етілген. Ал режим және күзет қызметі ешнәрсені назардан тыс қалдырмайды. Өйткені сәл босаңсыса, қамаудағылар айласын асырып, ішке тыйым салынған заттарды алып кіруі бек мүмкін. Сондай айлалы әрекет болмас үшін бақылаушылар әрбір камераға тексеріс жүргізіп отырады. Тінту жұмыстарының қалай өткізетіндігі жайлы РжКБ-нің бастығы, әділет майоры Жаңаберген Мамай былайша баяндап берді.

– №68 мемлекеттік мекемесі(тергеу изоляторы) – қауіпсіздігі аралас мекеме. Бұл жерде күдіктілер, айыпталушылар мен  тергеу қамауындағылар және бес жылға дейінгі бірінші рет бас бостандығынан айрылған сотталғандар қамауда ұсталады. Міне, осы азаматтардан мекемеде ұстауға тыйым салынған заттарды тәркілеу  мақсатында, әр тоқсан сайын жылдық жоспарға сәйкес, жаппай тінту іс-шараларын өткізіп отырамыз.

Оған Қызылорда облыстық прокуратурасынан және департаментке қарасты осындай өзге мекемелердің жеке құрамы шақыртылады. Осыдан соң тексеру тобы мен арнайы темір іздегіш құралдармен жасақталған жеке құрам, мекеменің  арнайы контингент ұсталынатын ішкі ғимаратына кіргізіледі. Алдымен  қамаудағы азаматтар  арнайы алаңқайға шығарылып, олардың керуетіндегі көрпе-төсектері, шкафтарын жеке-жеке кезегімен қарап шығады. Одан кейін медицина бөлмелері, шаруашылық бөліміне қалдырылған сотталғандардың жатақханасы, асхана, монша, бу қазандықтары, тіптен санитариялық тораптарға дейін мұқият тексеріледі. Тінту жұмыстарына желілік емес локатор қолданылады. Барлық бекеттерге қызметкерлер, кинолог бақылаушылар жұмылдырылады, – дейді мекеменің режим және күзет бөлімінің бастығы, әділет майоры Жаңаберген Мамай.

Иә, мұнда әр адымыңды тексеріп отырады. Мекемеде қамаудағылармен қоса, қызметкерлер де жіті бақылауда. Яғни, сыбайластық болмас үшін әрі нақты дәлелдемелермен жұмыс істеу мақсатында қызметкерлерге де бейнетіркегіш орнатылған.

– Мұндағы қызметкерлер киіміне портативті алып жүретін бейнетіркегіш орнатылған. Бұл – ІІО қызметкері аудио-бейне жазбаны жүзеге асыру үшін арналған техникалық құрылғы. Қызметкердің кеуде тұсында тұратын бұл бейнежетон сотталғандар мен тергеу қамауындағылардың тарапынан болатын құқық бұзушыларды қолда бар жазбалар бойынша тексеру процесін жеделдетуге арналған. Санамалап айтсақ, бейнежетон аудио-бейне жазуға, сапалы дәлелді базаны қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықты анықтау мен жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмас үшін қажет. Жалпы тексеру іс-шаралары мен түсіндірме жұмыстарының жазбаларын сақтау мерзімі 12 айды құрайды, – дейді әділет капитаны, мекеменің инжинер техник маманы Дулат Нұрлыбаев.

Еске сала кетейік, бұл төрт қабатты тергеу изоляторында сотталған әйелдерге арналған камералар бар. Соның ішінде емізулі баласы бар аналарға бөлек бөлме қарастырылған.

Тіршілік көзі

Мұндағы бір күн біраз нәрсеге куә етті. Мұнда мекеме қамауындағыларды материалдық-тұрмыстық жағдаймен қамта­масыз ететін «Тылмен қамтамасыз ету бөлімі» бар. Мұндағы жұмыс қарбалас екен. Мекеме қамауындағыларды жылумен, тамақпен, күн­делікті тұрмысқа қажетті заттармен, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мұндағы қыз­меткерлердің басты міндеті.

Бөлім бастығы Руслан Жолмановтың айтуынша, тыл бөлімі сотталғандар мен тергеудегілерді арнайы тамақтану, киіну, жеке-гигеналық заттарды үлестіру, төсек-орын жабдығымен қамтамасыз ету бойынша жұмыс істейді. Мұнда тұтқындар тұтастай камералық жүйемен ұсталады. Ал камераларға теледидар орнатылған. Онда барлық санитарлық-гигиена­лық талаптар сақталады. Камералар жылу жүйесі­мен жабдықталған және түнгі уақыттарда электр жарығы берілген.

– Мекемеде тұтқындағылардың тұрмыстық жағдайы күн тәртібінен түспейді. Өйткені мұнда келіп түскендердің әрқайсысына бірінші кезектегі қажетті жеке төсек орын, матрас, жастық және жапқыш, жеке керует беріліп, оның ақ жаймасы апта сайын ауыстырылып отырады. Аптасына бір рет моншаға түседі. Шаш, сақал мұрттары алынып, бет-әлпетін жинақы ұстауына да жағдай жасалған, –  дейді  комендант Қайрат Сыздықов.

Жазасын өтеушілерді азық-түлікпен қамтамасыз ету  деңгейі  де өте жоғары. Мүгедектер мен белгілі бір сырқаты бар адамдарға  арнайы норма бойынша ас-су дайындалады. Сонымен қоса ауысым уақытында инфекциялық аурулар­дың алдын алу мен иммунитетті көтеру мақса­тында құрамында дәрумені мол тағамдар жиірек беріледі.

– Маған  ҚР ҚК-нің  272 бабы бойынша айып тағылған. Ісім тергеуде. Жұмыссыз бол­ғандықтан әр жерден тапқан табысыма артық таңсық тағамдарды сатып  алуға қаражатым жете бермейтін. Ал бұл мекемеде ас  әртүрлі мәзірмен дайындалады. Ыстық тағамдарға сиыр, тауық еттері үздіксіз қосылып жасалады. Бұдан бөлек, балық пен сүт өнімдері,  жұмыртқа, кофе мен компот, сок және жеміс-жидектер соның ішінде лимон мен алма күнделікті беріліп тұрады, –  дейді «С» есімді тергеудегі азамат.

Айта кетейік, мекемеде сотталғандар еңбекке тартылған. Мекеме 34 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Алайда бүгінде 11 сотталушы әртүрлі жұмыста қызмет етуде. Ал олардың айлық көлемі – 74 мың теңге. Айлықтың негізгі бөлігі бостандықтағы отбасына түсіп тұрады. Бір қызығы, сотталушылар мұнда да еңбек демалысына шыға алады.

Психологиялық көмектің жөні бөлек

Қоғамнан алшақтау – жазасын өтеуші үшін өте ауыр психологиялық стресс. Сондықтан психологтардың көмегенсіз сотталғандарды тәр­биелеу мүмкін емес. Содан да болар қылмыстық атқару саласындағы психолог маманның жұмысы сотталған не айыпталушы азаматтардың қамауға келіп түскен күнінен бастап, жаза мерзімін өтеу кезінен мекемеден босатылып шыққанға дейін жалғасады. Мұнда бұл іспен арнайы контингент арасында әлеуметтік психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі айналысады. Бөлім бастығы, әділет капитаны Ардақ Тұрманов мұнда 6 қыз­меткер жұмыс жасайтынын айтты. Нақтырақ айтсақ, жасақ бастығы, 2 теолог, 2 психолог және 1 кітапханашы бар.

– Мекемеде экстремизм мен радикализм идеологиясын ұстанған жазасын өтеуші сотталғандардар арасында мінез-құлқы мен көңіл-күйін бір  қалыпқа түсіру мақсатында жұмыс істейміз. Айта кетейін, мұнда діни мәселе бойынша түскендер бөлек ұсталады. Сондай-ақ олардың өзге пікірлестерімен қосылуына жол берілмейді.

Бұдан бөлек, кейде бірінші рет сотталғандар, сот үкімін естіген соң, терең күйзеліске түсіп кетуі мүмкін. Жаза үкімінің үрейі, алдағы темір торда өткізілетін бірнеше жылдар, міне осының бәрін жеңуі үшін қамаудағылармен профилактикалық және  психикокоррекциялық жаттығулар жүргіземіз. Бұдан бөлек майнд-машинаны қолдана отырып, релаксация жасалады. Сондай-ақ сурет салу арқылы ішкі эмоцияларын шығарып, жеңілдеулеріне түрлі көмек көрсетеміз, – дейді ЗК-165/1 тергеу изоляторының аға инспектор психологы, әділет капитаны Айзат Мырзалы.

Медициналық көмек маңызды

Мен үшін беймәлім бұл мекемеден айналдырған бір күнде көп нәрсе білдім. Әр бөліміне соғып, немен айналысатынынан хабардар болдым. Әр бөлім мекеме жұмысының жүйелі жүруіне әсер етеді. Мекемедегі тағы бір маңызды бөлім – медицина бөлімі. Медицина бөлімі Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қарамағында.

– Темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатқан адамдардың денсаулығын сақтау медицина қызметкерлері үшін маңызды мәселе. Сондықтан мұнда олар жіті тексеру жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде мекемеге жаңадан келіп түскендер мен айдауылданып кететіндер, босатылар алдында және 6 ай сайын флюграфиялық, АИТВ тексеруден өткізіліп, дене жарақаттарының бар-жоғы медицина қызметкерлері тарапынан тексеріліп тұрады, – дейді фельдшер Назар Талғат.

Иә, мұнда  сотталғандар мен айыпталушылар арасында ауру мен өлім жағдайларын төмендетуге бағытталған сақтық шаралары алдын ала жүргізіледі. Ауруға шалдыққандарға уақытылы диагноз қою мақсатында қалалық емханалардан арнайы мамандар шақыртылып, терапевт, стомотолог, хирург, уролог және  дерматолог пен психиятор дәрігерлердің тексеруінен өтеді. Бұл – дәстүрлі жұмыстар.

– Қалай десек те, түзеу мекемесі мен еркіндікте жүрген адамның арасында айырмашылық болады. Сондықтан уақытылы тексерістер жүрек-қантамыр ауруларын, қант диабетін, қан қысымы ауруларын олардың қауіпті факторларын, сондай-ақ гепатиттерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Ерте сатыда анықтау аталған сырқаттарды жеңіл емдеуге және инсульт, инфаркт, соқырлық, бауыр циррозы сияқты асқынулардың алдын алуға ықпал етеді. Цироздың пайда болуына ықпал ететін патологиялық өзгерістерді, сондай-ақ ерте даму сатысындағы ісіктерді анықтау үшін керек, – деді терапевт дәрігер Мөлдір Жақыпова.

Мекеме мамандарының айтуынша, облыстық медициналық орталық пен қалалық емханада қамаудағылар үшін арнайы 2 бөлмеден қарастырылған. Бір бөлмесі 10, екінші бөлмесі 4 адамдық төсек-орынмен жабдықталған. Терезелері темір тормен қапталған.

P.S. Алғашында бейқам кірген біз, еңсемізді зіл басқандай, күрсініп шықтық. Өйткені мұнда талай тағдыр түрме мен бостандықтың алдында тұрғаны ойдан бір шықпай қойды.

Хош. Бір күндік репортаж барысында осылайша №68  мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып, тергеудегілер, айыпталушылар һәм сотталғандардың хал-ахуалынан шет жағалай хабардар болдық. Мекемедегі әр бөлімнің маңыздылығын және нендей қызмет атқаратынын көзбен көрдік.

Жалпы мұнда отырған қамаудағылардың бірі білместіктен, бірі аңдаусызда қылмыс жасап, темір тордың арғы жағында отыр. Темір тордың арғы жағында да өмір бар. Дегенмен еркіндікке ештеңе жетпейді. Сондықтан қадамын қате басқандар қымбат уақытын ұрлаған қателіктерден сабақ алса екен дейміз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

Суреттерді түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<