Жалағаш ауданының бюджеті 10 млрд теңгеден асты

275

0

Фото: Облыс әкімдігі

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен аудандардың даму жоспарын қарау жөніндегі кеңесте Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимовтың ұсынған жобалары талқыланды.

Аймақ басшысы өткен жылдың қорытындысымен Жалағаш ауданында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді белгілегенде ескерілетін маңызды бағыттарды атап өтті.

«Жалағаш ауданының да өсу динамикасы тұрақты. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 17,4 млрд. теңгені немесе 144,4% құрады. Бюджет қаражаты 99,9% игеріліп, ауданның өз кірісі 2023 жылы 1,9 млрд. теңге болды, 2024 жылы 2,2 млрд. теңгеге өскен. Ауданның биылғы бюджеті 10,2 млрд. теңге болып бекітілді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Былтыр ауданның экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасып, өнеркәсіп өнімінің көлемі 100 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 100,3, инвестициялар тарту 144,4, бөлшек сауда 103,9, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 103,9 пайыз болды. Жалпы 5,6 млрд теңгенің 40 жобасы жүзеге асырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Кеңес отырысында облыстық басқарма басшылары аудан әкімі ұсынған жобаларға, олардың тиімділігі мен қажеттілігіне орай пікір білдірді. Ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Негізінен жобалардың ең алдымен жұртшылықтың өмір сүру сапасын арттыруға тигізетін оң ықпалы ескеріледі.

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы жүргізілген талдау нәтижесіне қарағанда, тұрғындар табысының төмендігі, жер және жергілікті химия зауытының экологиялық қауіпсіздік мәселелері жиі көтерілетінін айтты. Сондықтан жағдай мұқият зерттеліп, қажетті шара қабылданады.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<