Жалған бизнес үшін жаза тартты

421

0

Бүгінгі күні «Көлеңкелі» экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Бюджет есебінен сытылып, әлдекімнің қалтасына түсіп жатқан жасырын табыстарды анықтау, оны мемлекет қоржынына түсіру, соның  негізінде жемқорлықтың жолын кесіп, ашық қоғамға қадам басу маңызды мәселе болып отыр. Бұл тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта 2021 жылдан бастап көлеңкелі экономика деңгейін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдері деңгейіне, яғни 15-17%-ға төмендетуге тапсырма берген болатын.

Осы ретте  Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен тергелген жалған мәміле жасап, қаражатты криминалды қолма-қолға айналдыруға қатысты қылмыстық іске сот жаза тағайындады. Оның бірі Қызылорда қаласының тұрғыны Шыңғыс Ақболат 2018 жылы 3 бірдей жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрып, 2018-2020 жылдар аралығында бірнеше кәсіпкерлік тұлғаларымен заңсыз мәмілелер жасап, нақты орындалмаған жұмыстар үшін жалған шот-фактуралар жазумен айналысқан. Сонымен қатар әртүрлі қызмет көрсететін  фирмаларды осындай әрекетке тартқан кәсіпкер әр мәміле бойынша қолма-қолға айналдырылған сомадан 5-6 пайыз мөлшерінде сыйақы алып отырған. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандары ұсынған мәлімет бойынша Ш.Ақболаттың басқаруындағы «СТЛ Лимитед», «НурТоргСтрой LTD» және «Кемеңгер» фирмаларының 2018-2020 жылдардағы контрагенттермен өзара есеп сомасы 1 млрд. 815 млн58 мың теңгені құраған. Төленбеген салық түрінде бюджетке келтірілген залал 207 млн 317 мың теңгені құрап отыр.

Аталған іс бойынша тағайындалған бірнеше сот-қаржылық және сот-бюджеттік сараптамалар мамандардың бұл қорытындысын растады. Сонымен қатар, сотталушының кінәсі тінту хаттамаларымен, ашық және жасырын жүргізілген тергеу әрекеттерімен, іске тіркелген құжаттармен толық дәлелденді. Осы орайда Қызылорда қалалық №2 сотының үкімімен, Ақболат Шыңғыс ҚР ҚК-нің 216-бабы 2-бөлігі 1) тармағымен кінәлі деп танылып, оған 2 (екі) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Десе де, ҚР-ның «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңының 2 бабы 1 тармағы 2 тармақшасына сәйкес, Ақболат Шыңғыс бас бостандығынан айрылу қылмыстық жазасынан босатылды.

Дәл осындай қылмыстық іс азамат Мұрат Бекмағанбетовтің үстінен де қозғалды. Ол «МКА Плюс» ЖШС-на басшылық ете отырып, 2019-2020 жылдары бірнеше серіктестік басшыларымен келісімге келу арқылы, олардың талап еткен сомасына әртүрлі тауарларды сатып, қызмет көрсетіп, есеп айырысқаны жөнінде жалған шот-фактуралар мен оған тиісті құжаттарын жасап беріп, шот-фактураларда көрсетілген сомалардан түрлі мөлшерде сыйақы алып отырған. Алайда, «МКА Плюс» ЖШС-ның аталған қызметті көрсету үшін қандай да бір жұмыскерлер штаты, мүлкі, қойма орындары мен өндірістік-техникалық базалары болмаған. Алты  серіктестік жалпы сомасы 233 млн 809 мың теңгенің жалған шот-фактураларын сатып алған.  Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының есебіне және сот-сараптама қорытындысына сәйкес бюджетке барлығы 73 млн 367 мың теңге салық төленбеген. Сот шешімімен М.Бекмағанбетовке ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы 1-бөлігімен бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, ҚР ҚК-нің 44-бабы, 1-бөлігінің тәртібімен барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.

Қызылорда облысы бойынша

экономикалық тергеп-тексеру

департаментінің баспасөзі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<