Жас өрендер сайысқа түсті

572

0

«Мұз айдыны» спорт кешенінде каратэ-додан жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті. Жарыстың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Спорт жастарды салауатты өмір салтын ұстануға тәрбиелейді. Кейінгі жылдары облыста каратэ-до спортымен айналысуға ниет білдірген өрендердің саны артып келеді. Олардың арасында әлемдік және құрлықтық додада бақ сынап жүрген жастарымыз бар. Қызылордалық Мөлдір Жаңбырбай еліміздің атынан Токио олимпиадасында бақ сынады. Үкілі үмітті үздіктер қатары алдағы уақытта толыға түседі деген сенімдемін, – деді ол.

Облыстық каратэ-до федерациясының президенті Қайрат Боранбаев құттықтау сөзінде өңірдегі жетістіктерге қысқаша тоқталды.

– Қызылордадағы жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігінде ката және кумитэ бағдарламасынан жүлделер сарапқа салынады. Ел біріншілігіне 10-12 жас аралығындағы өрендер келді. Олардың арасынан болашақта әлемдік сайыстарға қатысуға үміткерлерді іздейміз. Жалпы Әлем және Азия чемпионатына баратын ел құрамасы 14 жастан бастап жасақталады, – деді жарыстың бас төрешісі Сансызбай Торғаев.

Айта кетейік, жарысқа еліміздің әр өңірінен 500-ге жуық спортшы 24 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<