Жасөспірімдер қауіпсіздігіне қатаң бақылау қажет

823

0

Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы  өтті. Жиынның мақсатыжасөспірімдерді отбасылықтұрмыстық және жеке басына қатысты зорлықзомбылықтан қорғау, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету.

Комиссия отырысында күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер талқыланды. Атап айтар болсақ, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар, демалыс кезеңінде балалар арасындағы өрт және су қауіпсіздігінің алдын алу мәселелері қаралды. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті реттейтін заңнаманы жетілдіру, балаларды қорғау тәсілдері, өмірлік дағдарыс жағдайына тап болған жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету шаралары туралы айтылды.

Осы орайда, облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Б.Молдабеков қылмыстардың алдын алу профилактикалық іс-шаралардың іске асырылуы туралы баяндама жасады.

Одан соң балалардың жазғы демалыс кезеңінде өрт және су қауіпсіздігін бақылау бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы, полковник А.Оразбеков пен облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы, полковник А.Тоғызбаевтың баяндамалары тыңдалды.

Сондай-ақ, ерекше тәртіп бойынша өрт-техникалық тексерулер жүргізу барысында анықталған кемшіліктерді жою және тиісті қаражат бөлу, кәмелетке толмағандардың бос уақытын ұйымдастыру, кешкі және түнгі беймезгіл жүрістерден тыю, олардың тарапынан қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларының жүргізілуі мен психолог жұмысының сапасын арттыру бойынша қабылданған шаралар сөз болды.

Жалпы, аталған деректерге қарағанда кәмелетке толмаған оқушылар арасында құқық бұзушылық қылмыс көбейген. Комиссия төрағасы тиісті мамандарға аталған қылмыстардың көбею себебін анықтап, алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, мұндай жағдайда жасөспірімдердің ата-анасы немесе білім беру ұйымдарының басшылары жауапқа тартылу керектігін айтты.

Жиын соңында қаралған мәселелерге орай комиссия мүшелері өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Комиссия төрағасы Нұрымбет Аманұлы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жат әдет-қылықтардан аулақ болуы, қажетті деңгейде білім мен тәрбие алуы, олардың құқықтарының қорғалуы жауапты мекемелердің ұдайы назарында болуын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<