Жастар айтар жаңалық көп

667

0

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың қызығушылықтарына ден қойып, дамытуға жол ашу аса маңызды жұмыстардың бірі. Осы ретте қала әкімі Асылбек Шәменов «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған еркін форматтағы кездесуге қатысты.

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай өткен кездесудің мақсаты – «QOSYL» қалалық жастар ресурстық орталығының жұмысымен танысу және қала жастарының түрлі бағыттағы мәселелері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдап, емен-жарқын әңгімелесу.

Кездесуде қала әкімі жастарға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетілетінін жеткізді.

– Бала кезімізде пионер болуға ұмтылып, жетістіктерге жетуді көздейтінбіз. Қазір жастар әлеуметтік желінің қыр-сырын түсіндіргенде өзіміз таңғаламыз. Ата-бабаларымыз «ақыл – жастан» деп бекер айтпаса керек. Өскелең ұрпақтың қалауын орындап, қаланы дамытуға қатысты ұсыныстары мен пікірлері болса, әрдайым бірлесе қызмет етуге дайынбыз, – деді шаһар басшысы.

Мұнан соң жастар қала әкіміне өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

– Мобилография – сұранысқа ие мамандық. Бұл өз кезегінде маркетинг пен жарнамаға үлкен көмегін тигізеді. Біздің қалада да өнерлі мобилографтар бар. Тек олар танылмай жүр. Сондықтан, қала күні қарсаңында белгілі мобилограф Қыран Талапбекті шақырып, сайыс өткізсек. Жастар қаланың көрікті жерлерін видеоға түсіріп, ғаламторға салса көптеген басқа қала тұрғындарының алдында имиджі артар еді, – деді жас буын өкілдері.

Сондай-ақ, жастар арасында өзінің озық ойларымен ерекшеленгендер де болды. Мәселен, Тасбөгет кентінен келген қоғамдық салада жұмыс істейтін қызметкер кент жастары атынан қала әкіміне алғысын білдірді. Оның айтуынша кент әкімі Семсер Сыздықов жастарды қолдау саясатын жүзеге асыруда аянбай еңбек етуде. Шаһар басшысы жастардың айтқан ұсыныстарын негізге ала отырып, мемлекет басшысының алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін білімдері мен күш-жігерлерін туған өлкенің өсіп-өркендеуіне жұмсауларына тілектестік білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<