Жасырын әлеуметтік желі

254

0

GetEmotions – кез келген адамға кез келген тақырыпта сұрақ қойып, соған сәйкес пікір алмасуға мүмкіндік беретін жасырын әлеуметтік желі. Бұл отандық IT мамандарының технологиялық өнімі.

Әлеуметтік желіні ойлап тапқан Ай­туған Омаровтың айтуынша, жоба екі мә­селені шешуге арналған. Айталық, адамдар күнделікті алуан түрлі жағдайға тап болып, дұрыс әрі тиімді шешім таба ал­май қиналып жатады. Міне, осыған кел­­генде аталған платформа желі қол­да­ну­шыларының көңілінен шығатын ке­ңес­тер беруге қолғабыс етеді дейді жо­ба­ның авторы.

«Біздің әлеуметтік желіде «Сұрақ-кеңес» деп аталатын арнайы блок қарас­тырылған. Мұнда өзіңізге қызықты және толғандыратын кез келген сұрақты жасырын түрде қойып, соған сәйкес желі қол­дану­шыларынан алуан түрлі жауаптар ала ала­сыз», деді А.Омаров.

Жоба авторлары айтқандай, бұл – то­лығымен жасырын әлеуметтік желі. Сол се­бепті жеке басты куәландыратын мәлімет­терді қажет етпейді. Қойылатын сауалдарды кім қоятыны да белгісіз күйде қалады деп алға тартты авторлар. Десе де сұрақтарды платформаның әкімгерлері көруге хақылы. Егер де белгіленген талапқа сай келмейтін сауалдар болса, ол бірден бұғатталады. Рұқсат берілген сұрақтар мәзірдің оң жақ бұрышында орналастырылады. Барлық пайдаланушы оны көріп, кез келген қолданушы оған жауап жазып, жасырын чат жүргізіледі. Сұраққа орынсыз жауап қайтарылса, қолданушы жауа­п иесін бұғаттай алады. Желі қолданушысы жолдаған сауалын кері қайтарып алса, онда осыған қатысты барлық хат-хабар да лезде жойылады.

А.Омаровтың пікіріне сүйенсек, қатысу­шылардың жеке деректерін желі әкімгерлері де көрмейді. Олардың құзыретіне тек сұрақ­тарды өңдеп, рұқсат беру кіреді. Әлеуметтік желі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылыпты.


© egemen.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз