Жаңғыруға жетелейді

290

0

Елбасы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналды. Халықтың табыс деңгейін арттыру, білім беру, медициналық қызмет көрсету қолжетімді баспана, инфрақұрылымды, өңірлерді тұрақты дамыту басты мәселелер екені атап көрсетілді.

Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметті мамандық. Саналы ғұмырын  ел ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған ұстаздар қауымын Жолдаудың жаңалығы бір серпілтіп тастады. Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту мақсатында біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақ­ша­дағы басқа да қызметкерлердің еңбе­гіне ақы төлеу жүйесін қайта қарау мақсатында Білім және ғылым министр­лігі әкімдіктермен бірлесіп «Жол картасын» әзірлеуі керек екені баса айтылды.

Орта білім беру жүйесінде жалпы білім беретін мемлекеттік мектептер Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесіне сәйкес бірыңғай стандартқа негізделуі тиіс.

Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеу мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып отыр. Ұстаздың міндеті – білімді жас ұрпақты дайындап шығару, өз ісін алаңсыз атқаруы тиіс екендігіне жете мән берілді.

Жоғары білім беру ісінде оқу орын­дарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтіледі. Грант­тардың саны көбейгенмен, жауапкер­шілікті сезінетін уақыт та жетті. Жоғары оқу орнының табыстылығын арттыру үшін білім берудің жаңа сапасы жаһандық ЖОО-мен серіктестік, ЖОО басқару үшін шетелдік топ-менеджерлерді тарту, әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату – сапалы білім беруді қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. 

Бұл Жолдаудың ерекшелігі – Елбасы сала министрлерімен тікелей сұраққа жауап ала отырып, міндеттерін жүктеп, атқа­рылатын істің бағытын айқындап берді.

Президенттің тағы бір баса назар аударған мәселесі тұрғындардың баспанамен қамтылу жайы, яғни «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы. Халқымызда «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген сөз бар. Еліміздің болашағы жастар дейтін болсақ, жас мамандардың бойындағы күш-қуатын, білімін мемлекеттің дамуына үлес қосу үшін тұрғын үйдің қолжетімділігі, қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы қажет.

Кез келген реформаны іске асыру барысында Мемлекет басшысының сарабдал саясатын қолдау әрбір қазақстандықтың міндеті әрі азаматтық парызы. Соның ішінде, жаңалыққа жаны құмар ұстаздар қауымы Елбасы саясатын үнемі қолдап, жүзеге асыруда күш-жігерін аямайды.

Айгүл МҰСАБАЕВА,

М.Шоқай атындағы №187 орта мектеп  директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<