Жергілікті өнімнің бәсі жоғары

784

0

Жаңақорғандықтар көктем келісімен кетпен-күрегін сайлап, дала төсін дүбірге бөлейді. Қасиетті Жер-ана жомарттығынан танған емес. Содан болар, Қаратау беткейдегі ағайын бейнетіне қарай зейнетін көріп жүр. Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Аудан орталығы да жаңарып, заманауи талапқа сай жаңғыра түскен. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз туры аясында көріп-білдік.

Ауылдағы алмабақ

Біз аялдаған алғашқы нысан – «Qaratau Fruits» шаруа қожалығы. Мұнда 140 000 түп алма ағашы отырғызылған. «Қыраш» елді мекенінің іргесінде орналасқан алмабақ ауыл маңайын жасыл желекке бөлеп, халыққа таза табиғи өнім тарту етпек. Мамандардың айтуынша, жас көшеттер аз уақыт ішінде бой көтеріп, топырағына тамыр жайып үлгерген. Тамшылатып суару әдісі пайдаланылады. Бұл суды 70-80 пайызға үнемдейді.

– Алма көшеттерін былтыр  көктем  айында отырғызғанбыз. Түркиядан сатып алынды. Ел асып келген соң көп күтім қажет етеді. Шығымы жақсы. Түркістан, Тараз өңірлеріндегі қожалықтармен әріптестік байланыс орнатып, кеңесіп отырамыз. Бақтың үстіңгі жағын сеткамен жаптық. Бұл құстан, желден қорғайды. Қажетті технологияларды барынша кеңінен пайдаланудамыз. Қазір жиырмаға жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Алғашқы өнімді тамыз айының екінші жартысында теру басталады. Су жеткізу мақсатында насос қондырғылары орнатылып, электр желісі тартылды. Бұдан бөлек, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі бойынан өнім сақтау қоймасы салынбақ, – дейді агроном Үмбет Әбибуллаев.

«Жайылманың» қарбызы жолға шықты

Келесі кезекте «Жайылма» ауылдық округіне қарасты «Шоқымазар» шаруа қожалығы жұмысын көрдік. Мұнда әртараптандыру бағытында суды аз пайдалану әдісімен қарбыз дақылын егуге басымдық берілген.

– «Жайылмадағы» қарбыз дәмінің ерекше болуы тың топырақта өніп, «Жиделі» су қоймасындағы таза тау суымен суарылғандықтан, – дейді ауыл тұрғындары.

Қарбызды қаржы көзіне айналдыра білген ауыл халқы өз істеріне жетік. Қарт Қаратаудың етегінде орналасқан «Жайылма» ауылының тіл үйірер тәтті қарбызына сұраныс жоғары. Осы ауылда өз кәсібін өркендетіп отырғандардың бірі – Шерехан Шідербаев.

Жастайынан еңбекке араласқан ақсақал өзімен бірге балаларын да адал еңбекке баулып жүр.

– Отбасымызбен жаз бойы егін даласындамыз. Алғашқы өнімді Астана қаласына жібердік. Енді қалғанын да осылай өз ретімен экспорттаймыз. Көбіне-көп Ресейге сатылуда. Су жеткілікті, топырақ құнары мол. Аймақ басшысының қолдауымен арнайы жер қарастырылып, осы кәсіпті кеңейтіп отырмыз.  Бұл – шаруаларға жасалған зор мүмкіндік, – дейді қожалық төрағасы.

Бақшаның берекесі

Келесі кезекте кентке кіреберіс аумақтағы егін алқабына аялдадық. Бізді қарсы алған ақсақал қолындағы кетпенін қос іргесіне қоя салып, саулық сұрасып жатыр. Жүрісі нық, қимылы ширақ. Бұл – еңбек ардагері Бархия Сыздықов.

Ол өткен жылы «Ордакент» маңайынан бақша, көкөніс дақылдарын өсіру мақсатында арнайы жер телімін алған. Шаруашылықта 2 гектар картоп, 1 гектар бақша дақылдарын егіп отыр.

– Картоп – екінші нан екенін білесіңдер ме, айналайындар. Бұл өнім – ауыл шаруашылығы дақылдарының ішіндегі ең құнарлысы. Өсу тәсілі қарапайым. Қажетті мерзімде арамшөбін жұлып, уақытылы суарып отырсаң болды. Агросалаға салынған инвестицияның үлкен қайыры бар. Бұл біз секілді ауыл адамдарын қуантады, – дейді ол.

Жылыжайдың жемісі

Әрі қарай жылыжаймен таныстық. «Ауыл аманаты» жобасы аясында кәсіп бастағанның бірі – Наурызбек Айымбетов. Ол есік алдынан жылыжай салып, қызанақ, қияр егіп, пайдасын көріп отыр. Сонымен қатар алмұрт, жаңғақ, тағы басқа да жемістер өсіруді қолға алған.

– Жылыжайдың басты ерекшелігі, ішкі температураны сол қалпында сақтайды. Өнім құрамына қосынды қосылмайды. Бұған дейін Алматыда әртүрлі жұмыс істедім. 2019 жылы оралып, әкемнің ақылымен осы жұмысты қолға алдым. Нәтижесі жаман емес. Қосымша жер алып, егіс көлемін кеңейтсем деген жоспарым бар, – дейді кәсіпкер.

Жаңа өндіріс іске қосылды

Жаңақорған кентіндегі «ИП ECO hanym» экотөсемше шығару орталығына келушілер қатары аз емес.

Кәсіпкер Айдана Исрайлова ұлттық жоба аясында мемлекеттік грант иегері атанып, алған қаражатына экотөсемше шығару өндірісін бастаған. Өткен жылы іске қосылған, 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Біз жұмысшы қыз-келіншектер атқарған іс барысын көрдік. Көңілде жас кәсіпкердің ісі берекелі болғай деген тілектестік тұрды.

Шағын ауданға газ келді

Жаңақорған ауданында газдандыру қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Кентке газ тартылғалы қоныстанушылар қатары көбейіп, аумағы кеңейген. Шағын аудандарда тұрғын үйлер көптеп бой көтеруде. Сондықтан кеңейтілген аумақтарға кварталішілік газ тарататын 26,7 шақырым желі және 5 ШРП орнатылмақ. Жоба толығымен іске асқан уақытта Жаңақорған кентінің «Саяжай», «МАИ бекеті», «Ипподром» шағын аудандарының 5 мыңнан аса тұрғынына «көгілдір отын» қолжетімді болмақ.

– Біздің Жаңақорған жылдан-жылға жаңарып жатыр. Жаңадан бой көтерген үйлерге газ тарту жұмыстары аяқталады. Ел ағаларына алғысымыз шексіз. Енді отын тасып, күл шығаратын кезең артта қалды, – дейді аудан тұрғыны Серік Мұсабай.

Баспасөз туры «Руханият» орталығының құрылыс алаңында қорытындыланды.

– «Руханият» орталығы тұрғындарға ыңғайлы  жерге орналасқан. Мұнда түрлі әдеби және мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрмақ. Аймақ басшысының бастамасымен салынып жатқан орталықта музей, кітапхана, ардагерлер үйі мен жастар орталығы жұмыс істейді, – дейді еңбек ардагері Ізәтіллә Нәрзілдаев.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының тапсырысы негізінде салынып жатқан орталық жергілікті бюджеттен қаржыландырылуда. Қос қабатты зәулім ғимарат жыл аяғында аяқталып, ел игілігіне берілмек.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауданда өткен жылы 74 жоба қаржыландырылды. Басым бағыт өңдеу өнеркәсібіне берілген. Оның ішінде жылыжай және мал, балық шаруашылығы да бар. Биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 300 жобаны дайындап отырмыз, – дейді Жаңақорған аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаев.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы».

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<