Жобалар ел игілігіне

331

0

Аймақ басшысының қолдауымен облыс орталығына ауқымды инвестициялар тартылып, тіректі салаларда серпінді қадамдар жасалуда. Жыл басында қала бюджеті 52,3 млрд. теңгемен бекітілген еді.

Жүйелі жоспарлардың жемісі, бүгінде оның көлемі 91,4 млрд. теңгеге жетті, яғни 175 процентке артты. Ал, облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жақсартуға бюджеттің барлық деңгейлерінен 101 млрд. теңге бөлінді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезекті VIII сессиясында қала әкімі Асылбек Шаменов айтты.

Қалада тұрғын үй құрылысын дамытуға қаржыландырудың барлық көздерінен қаралған 22 млрд. 782 млн. теңгеге 2 526 пәтерді құрайтын көпқабатты 42 тұрғын үй бой көтеруде.

Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес, қалада «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасымен заманауи үлгідегі 8 мектеп салынады. Оның 5-еуінің құрылысы биыл басталады. Сол жағалаудан 400 орындық физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Білім ошағы 300 орынға лайықталған жатақханамен қамтылады. «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Жоспар бойынша білім ұясы қазан айында оқушыларды қабылдайды. Тасбөгет кентінде 100 орынға лайықталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқын алды. Әлеуметтік нысан жыл соңына дейін ашылады. Дәл осындай ғимараттың құрылысы келер жылы Қызылжарма ауылынан да басталады.
​Сондай-ақ қала, оған қарасты кент және ауылдық округтердегі, шет аймақтардағы жалпы ұзындығы 225,4 шақырым болатын 278 көшеге орташа және күрделі жол жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолдары да салынуда. Айта кету керек, жөнделетін жолдардың 80 пайызы ауылдар мен шет аймақтарға тиесілі.
​ «Бәйтерек» тұрғын ауданына «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автомобиль көпірінің құрылыс жұмыстары аяқталып, алдағы айда пайдалануға беріледі. Ал, Ғ.Мұратбаев және А.Яссауи көшелерінің қиылысындағы темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысы бекітілген кестеге сәйкес жүруде.

​Тозығы жеткен электр желілерін ауыстыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, 136,2 шақырымды құрайтын жаңа электр желілері тартылды. Ауа-райының қолайсыз уақытында электр қуаты ажырап қалмас үшін қаладағы және ауылдардағы, шет аймақтардағы электр желілері мен ескі қосалқы станциялар жаңартылды.

​Сессия соңында күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланып, тиісті шешімдер қабылданды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<