Агрокешен: Шаруа қамы әркез маңызды

36

0

Кеше Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егін егу жұмыстарының қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

– Кейінгі жылдары аймақта вегета­циялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Мемлекет басшы­сының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсыр­масына сәйкес, биыл күріш көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға қысқарып, 70 мың гектарға егілді. Қысқарған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары дақылдар егу қолға алынды. Өсімдік шаруашылығын әртарап­тан­дыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 10 млрд теңгеге жуығы биыл бөлінді. Осыған байланысты 2028 жылға дейін егін алқаптарын әртараптан­дыру­дың Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Биыл облыста 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 70 мың гектарға күріш егіліп, суға бастырылды. 10 мың гектарға жүгері, 9,7 мың гектарға басқа дәнді дақылдар себілген. Ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 14 200 гектарға жетті. Су шығынын азайту үшін 65 мың гектар күріш алқабы лазерьмен тегістелген.

Сондай-ақ мал шаруашылығы сала­сында да тұрақты өсім қалыптасып, өндірілген өнім көлемі артты. Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Ал жыл басынан бері өңірде 11,7 мың тонна ет, 13,4 мың тонна сүт өндірілген.

– Бүгінгі жиында шаруашылықтарды әртарап­тандыру жайы айтылды. Біз өз тарапымыздан осы мәселеге қатысты бірқатар жобаны қолға алдық. Әсіресе, мал шаруашылығы, құс өсіру кәсібін кеңітіп жатырмыз. Бұған Үкімет қолдауы жеткілікті. Алдағы уақытта мал мен құс етін дайындап, жергілікті сауда сөрелерінен бөлек, өзге өңірлерге де жібереміз, – дейді «Абай-Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.

Белгілі болғандай, қазір республикада «Игілік», «Береке» және «Жайлау» мемлекеттік бағдар­ламалары іске қосылған.

– Алғашқы екі бағдарлама шетелден асыл тұқымды мал әкелуге бағытталған. 100-ден 1000 басқа дейін 6 пайыз мөлшерлемемен несие қарас­тырылып отыр. Ал «Жайлау» бағдарламасы алыс елді мекендерде мал өсірумен айналысатын шаруа­ларды қолдауға, яғни, фермерлердің инфра­құры­лымына қажет қаржыны төмен пайызбен қарас­тырады. Құдық қазу, бақташы баспанасы, электр желісін тарту сынды жұмыстар осы бағдарламаға кіреді, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орын­басары Дәулетбек Абдурасулов.

Қазір аймақта 800-ден астам мал бағытындағы шаруашылық бар. Жақын уақытта 30 шақты қожа­лық «Жайлау» бағдарламасымен құжат дайын­дап, қажетті орынға ұсынбақ. Аталған бағдарламамен тек инфрақұрылым қаржысын ғана емес, жергілікті мал тұқымын да жеңілдікпен алуға болады.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»