Ауыл – алтын бесік. Сол ауылдың бүгінгі бет-бейнесі, тыныс-тіршілігі көңілден шыға ма? Елдегі әрбір жетістік әсіресе инфрақұрылым игіліктерін атақоныс халқы да көруі тиіс. Бұл ретте атқарылып жатқан шаруа аз емес. Әйтсе де бір қайнауы кем қандай қарекет бар? Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Сырдария, Жалағаш, аудандарына сапарында бірқатар мәселе талқыланып, ұсыныс-пікірлер сөз болды. Кездесулерге облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары Серік Дүйсенбаев, Өмірбек Шәменов, Сұлтанбек Тәуіпбаев қатысты. Алдымен Сырдария ауданының Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауылдарында тұрғындармен және аудан активімен кездесу ұйымдастырылды. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындылары мен алдағы міндеттер талқыланды.
Жақында ауданда ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды инвестициялық жоба – жүгері дақылын терең өңдеу зауытының алғашқы кезеңі іске қосылды. Алда бұдан да басқа жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, салық базасын ұлғайту міндеті тұр.
Аймақ басшысы шаруашылық каналдарын бетондау жобасын жедел әзірлеуді, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайтуды тапсырды. Құрылыс сапасын бақылаудағы кейбір мәселелерге тоқталып, болашақта салынатын нысандарды бастан-аяқ қатаң бақылауды жауапты мамандарға жүктеді.
Бүгінде Сырдария ауданын газдандыру деңгейі 67 пайыз, Шіркейлі және Қоғалыкөл ауылдарына табиғи газ жеткізуге қаржы бөлінді. Бұл жұмыс мерзімінде әрі сапалы атқарылуы тиіс. Бесарық ауылын газдандыру жобасы дайын. Ендігі кезекте демеушілерді тарта отырып, қалған ауылдардың жобасы әзірленуі керек.
Кездесуде электр желілеріндегі апаттың алдын алу, жедел шара қабылдау, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыруға қатысты тапсырмалар берілді.
Сырдария ауданында 2024 жылы пайдалануға берілген полигонда қалдықты қабылдау, сұрыптау және залалсыздандыру процестері талапқа сәйкес болуы тиіс. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп назардан тыс қалмауы қажет. Биылғы төрт айда аудан экономикасында оң өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 38 млрд теңгеден асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артты. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 4,6 млрд теңге, ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында өндірілген жалпы өнім көлемі 2,2 млрд теңгеге жетіп, өсім көрсетті. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 21,3 млрд теңге, жыл басынан бері 6732 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Шағын және орта кәсіпкерлік саласы да тұрақты дамып келеді, ауданда 2368 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген, оның 98,3 пайызы белсенді жұмыс істейді.
Кездесуде ақсақалдар ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Облыс әкімі барлық ұсыныс назарға алынатынын және көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Басты талап – сапа мен мерзім
Облыс әкімінің Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалы мен «Қызылорда-Жалағаш» трассасының Тереңөзек кенті тұсындағы көпір құрылысы назарға ұсынылды.
Вокзал құрылысына тапсырыс беруші – «ҚТЖ» ҰҚ» АҚ «Қызылорда магистральдік желі бөлімшесі» филиалы, бас мердігер – «Р и А-Сервис ЛТД» серіктестігі, жалпы жобалық құны 695 млн теңге.
Бүгінде перрондағы брусчаткалар демонтаждалып, төменгі іргетасы құйылған. Плита жабындылары орнатылып, ғимараттың ішкі бөліктеріне кірпіш қаланды. Қабырғаларын әрлеу, қатты травертинмен қаптау және перронды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс біткеннен кейін Тереңөзек тұрғындарына, жолаушыларға қолайлы, жаңа теміржол вокзалы қызмет көрсетеді.
«Қызылорда-Жалағаш» облыстық маңызы бар жолдың 47,9 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу арқылы көлік қозғалысының қауіпсіздігін және жол инфрақұрылымының сапасын жақсарту көзделген.
1985 жылы салынған көпір толық жаңғыртылады, конструкцияларын күшейту, кірме жолдарды ретке келтіру және көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау жоспарланған. Көпір ұзындығы 30,43 метр, ал кірме жолдар 710 метр, құрылыс кезінде көлік қозғалысына кедергі келтірмес үшін 788 метр айналма жол салынған. Қазір қада қағылып біткен, бетон құю, құм-қиыршықтас қоспасын төсеу және нығыздау жұмыстары жүргізілуде. Айналма жол бойына белгілер орнатылған.
Аймақ басшысы мердігер мекемелерге көпірді сапалы етіп салып, белгіленген мерзімде аяқтауды ескертті. Аталған жобалар өңірдегі көлік инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, қауіпсіз әрі қолайлы жол қатынасына жағдай жасайды.
Көрсеткіш жақсы, ширататын шаруа да аз емес
Жалағаш ауданында облыс әкімі Мұрат Ергешбаев М.Шәменов, Қаракеткен, Аққұм ауылдарының тұрғындарымен және аудан активімен кездесті. Кездесулерде ел ағаларымен бірге Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев болды.
Қаракеткен ауылында іске қосылған «Харвест Агро» агроиндустриалды кластерінің алғашқы кезеңі – аудан экономикасына айрықша серпін беретін жоба.
Аймақ басшысы аудан әкімдігіне қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды, инвестицияның басқа да көздерін іздестіруді, салық базасын ұлғайтуды тапсырды. Шаруашылық құрылымдарымен бірге каналдарды бетондау жобаларын әзірлеу, оларды тез арада қаржыландыруға ұсыну, суды аз қажет ететін дақылдар көлемін ұлғайту да назардан тыс қалмауы тиіс.
Кейінгі төрт жылда Жалағаш ауданында 192 пәтер салынған. Салаға жетекшілік жасайтын аудан әкімінің орынбасары, құрылыс бөлімінің басшысы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің сапасын қатаң бақылауы керек.
Жалағаш ауданында газдандыру деңгейі 53 пайыз, Қаракеткен және Бұқарбай батыр ауылдарына газ тарту жобасы әзірленген, Аққұм және Мәдениет бағытындағы ауылдарға жоба дайындауға демеушілер тарту тапсырылды.
Мәжілісте электр желілеріндегі апатты болдырмаудың жедел шараларын қабылдау, тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару мәселелері де талқыланып, тиісті тапсырма берілді.
Аймақ басшысы «Руханият орталығында» ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобалары таныстырылды.
Жалағаш ауданында өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 120 пайызға орындалып, 12 млрд 269 млн теңгенің өнімі өндірілген. Ал инвестиция көлемі 8 млрд 290 млн теңге болып, есепті кезеңмен салыстырғанда 122,7 пайызға жетті. Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Нақтырақ айтсақ, биыл жалағаштық шаруалар 42178 гектарға егін еккен, оның 16800 гектары күріш.
Ауданда 2531 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 97,3 пайызы тұрақты жұмыс істейді.
Жаңа вокзал сәулеті
Жалағашта да теміржол вокзалы жаңадан салынып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылуда. Осы қатарға былтыр Нұрлыбек Машбекұлы аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы, яғни аймақтағы барлық вокзалдарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.
Құрылысы өткен жылы басталған Жалағаш вокзалына 755,7 млн теңге бөлінген. Жобаның бас мердігері «Р и А Сервис ЛТД» ЖШС құрылыс-монтаждау жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Атап айтқанда, жолаушылар алаңына төсеніш тас төсеу және ғимараттың шатырын жабу толық аяқталған. Қазір нысанның ішкі қабырғаларын әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау және аумақты абаттандыру жұмыстары қолға алынған.
Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға оң ықпал ететін нысан болмақ. Сондай-ақ заманауи талаптарға сай салынып жатқан вокзал Жалағаштың сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттардың біріне айналады. Осы ретте аймақ басшысы жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына ерекше назар аударуды, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
«СБ» ақпарат





