Чернобыль апаты

243

0

Фото: автордан

1986 жылдың 26-шы сәуірінде бұрынғы КСРО құрамындағы Украина жерінде орналасқан Чернобыль Атом электр станциясындағы төрт ядролық реактордың бірі жарылып, аса ірі ядролық апат орын алды. АЭС-тен радиусы 30 шақырымға дейінгі аумақта тұратын тұрғындардың бәрі басқа жерлерге көшірілді.

Апаттан соң Украинаның ауқымды жері және Ресейдің Брянск пен Калуга облыстарының аумағы адам өміріне қатер төндіретіндей деңгейде ластануға ұшы­рады. Апаттан кейін іле-шала КСРО-ның әр аймағынан 800 мыңдай адам – әскери қызметкерлер, резервтегілер, қарапайым азаматтарды жинап, оларды апаттың зар­дабын жоюға алып кетті. Сол кездегі КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов қол қойған №045 құпия бұйрықта «…залалсыздандыру жұмыс­тарына жасы 30-ға жеткен, әрі үйленген, екі немесе одан да көп баласы бар азаматтар ғана тартылсын. Бұл жұ­мыстарға тартылу мерзімі үш айдан ас­пасын…» деп атап көрсетілгенінің өзі, апат зардабының ауыртпалығынан хабар беріп тұрғандай еді. Алайда Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген 18-бен 20-ның арасындағы жас сарбаздарға бұл бұйрықтың әсері болмаған сияқты. Апат зардабын жоюға қатысқандардың 32 мыңы қазақстандықтар болатын. Солардың қа­тарында Украинаның Харьков қаласында міндетті әскери қызметін өтеп жатқан қаза­лылық Құрманов Жарылқасын да болды.

– 1986 жылдың көктемінде әскерге алынып, Украинаның Харьков қала­сын­дағы теміржол саласы әскери құрамасына түстім, – дейді Жарылқасын Чернобыль апаты зардабын жою қызметіне қатысқан жылдарын еске алып. – Апат болғаннан кейін көп ұзамай-ақ, еш ескертусіз, түн ішінде көлікке мінгізіп белгісіз жаққа ала жөнелді. Қауіпті аймаққа тереңдеп енген­нен кейін ғана қайда келгенімізді, мінде­тімізді қысқаша ғана түсіндіріп, бәрімізге кеуде тұсында аты-жөніміз жазылған қара түсті біртектес форма кигізіп, бірден жұмысқа кірісуге бұйрық берді. Апат зардабы айқын көзге көрініп тұрды, мау­сымның басы болса да, шыршалы өңірдің жасыл желегінің құр сүлдері қалып, жермен бірге сұрғылт түске енген еді. Неданчичи атаулы деревняға вагондарға орналасып, зиянды аймаққа күнделікті қатынап, күйіп кеткен рельс, темір-терсектен тазарту жұмыстарын атқардық. Жұмыс 4 сағат, 6 сағат демалыс, ауысым­мен. Күнделікті кешке арнайы құрылғымен тұла бойымызды, денсау­лығымызды тек­серіп тұрады. Осылайша үш ай жұмыс істеп, орнымызға басқа құрама келді. Бар­лық техниканы, құрал-жабдықты, арнайы форманы түгел тастап шықтық. Апат зар­дабын жоюға қатысушы ретінде әскерден қайтқанымызда еш әуреге салмай, бәрі­мізге де үшінші топ мүгедектігін тағайын­дап қайтарды. Ауданда апат зардабын жоюға қатысқан, бәрі де әртүрлі мүгедектік дәрежесі тағайындалған жиырма чер­нобыль­діктер бар едік, екеуі сол диагноз­дың ізімен өмірден озды. Чернобыль зардабын жоюға қатысушы азаматтардың қоғамдық ұйымының аудандағы басшысы ретінде жігіттерді ұйымдастырып, Жеңіс паркіне ескерткіш тақта қойдық. Сол кездегі ортақ Отанымыздың басына іс түскендегі жұдырықтай жұмылып жасаған қызметімізді міндет қылмаймыз. Тек соңғы кездері «қарнымыздың ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына» демекші, елеусіз қалып бара жатқанымызға налимыз, көңілімізге келеді.

Жарылқасын Құрманов елге келгесін жұмысқа жарамай денсаулығы сыр беріп, алты ай Алматыда, одан соң Қызылордада жатып ем қабылдады. Одан кейін де жыл сайын ем қабылдаумен жүрді, ауыр жұмысқа жарамады. Денсаулық диагнозы да жұмысқа орналасуына көп кедергі кел­тірді. 2006 жылдан бері әлеуметтік бөлімде қарауыл жұмысын атқарып келеді. Техни­калық қызметкер болып жұмыс істейтін жолдасы Жалғасбаева Гүлнар екеуі сырт жерде жұмыста жүрген ұлы Әсеттің тілеуін, ел-жұрттың айтып кел­мейтін тосын апаттан аман болуын тілеп отырады.

 Әлімжан ҚИЯС,

 Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<