Іскерліктің жарқын үлгісі

7

0

Биыл туған халқына, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен, тұтас елдің шынайы алғысын алған  Бердібек Машбекұлының дүниеден өткеніне үш жыл толды. Ағамыз кеткенде бір ғана әулеттің емес, Алтай мен Атырау арасындағы тұтас халықтың қабырғасы қайысты.

Бердібек Машбекұлының өмірі «ат­тың жалында, түйенің қомында» өтті деп айтуға болады. Еліміздің ең қиын салаларына жетекшілік етті. Бір-біріне ұқсамайтын 5 аймақты, қазіргі 6 облыс, 1 ірі мегаполис қаланы басқарған Қазақ­стандағы жалғыз тұлға. Көбіне жұмысы ақсап жатқан аймақтарға арнайы жіберетін.

Ел аузында қанатты сөзге айналып кеткен «Ер екеніңді білейін, Шымкентті басқарып көрші» демекші, жарық пен жылусыз отырған Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып барып, іргелі істермен айналысып, үміт отын жағып, ел еңсесін көтерді.

Түркістанның 1500 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтіп, тарих бетінде, ел есінде елеулі істерімен қалды. Уақыт пен ауа райына қарамай жұмыс істейтін ағамыз Шығыстың шырайын келтірді, Өскеменді өскелең қалаға айналдырды. Бір қызметтен бір қызметке ауысқан кезде, атқарған жұмысына риза болған халық алғысын айтып, қимай қоштасып, тіпті көздеріне жас алып, қошемет көрсеткенінің де куәсі болдық.

Ағамыз марқайып қалса да, шал­қай­майтын еді. Қазақ қоғамында адалдық пен іскерліктің феномені деп аталды. Халық пен билік арасында кризис менед­жері болып парасат­тылықтың өнегесін көрсетті. Қай өңірде болса да қазақ руханиятына қалтықсыз қызмет жасады.

Баяғы заманның батырлары сияқты өмірдің соңына дейін аттан түспеді, дамыл таппады, жастарға білгенін үйретті, жүздеген шәкірт тәрбиледі. Сол шәкірттері – қазір Қазақстанның өркен­деуіне үлес қосып жүрген майталман мамандар.

Ағаммен жолым түсіп аймақтарда бірге болғаным бар. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілді. Сол комиссияға төр­ағалық етті. Біз Тараз қаласына ай сайын барып тұратын едік. Сол кезде таңғалғаным, құрылысшылар мен идео­логтарға ақылын беріп, нысандарда қолтаң­басын қалдырды. Ауқымды жұмыс жасады.

Одан кейін Ақтөбе облысына барғанда 2016 жылы «Нұрлы жер» бағ­дарламасы басталған. Үкімет басшысы Бердібек Машбекұлына қолқа салып «Сіз басқа аймақтарға өнеге болатындай тұрғын үй құрылысын бастап беріп, кә­сіп­керлерге айтсаңызшы. Сіздің тәжіри­беңіз бар ғой» деді. Сонда аға­мыздың бірауыз сөзі мемлекеттік кепілдік сияқты еді, қазіргі кәсіпкерлердің тілімен айт­қанда госу­дарственная гарантия болды. «Мен өзім жауап беремін» деген бірауыз сөзіне құлақ асып кәсіпкерлер өз қаражатына тұрғын үйлер салды. Мил­лиардтаған қаржы 5-6 айдан кейін барды. Бір-екі ай ішінде жүздеген коттедждер, 3-5 қабатты үйлер, шағын аудандар бой көтерді. Ақтөбе облысында одан басқа «Анаға тағзым», театр, спорт кешендері, шығар­машылық үйлері, жал­пы әлеу­меттік нысандар кәсіп­керлердің демеуі­мен салынды. Үкімет басшысының басқа облыстарды семинарға жинап, «Ақтөбе облы­сынан үйреніңдер» дегені әлі есімде.

Астана қаласында 2019 жылы 5 бала қайтыс болып, көпбалалы аналар тол­қыған кезде, Үкіметтік комиссия құры­лып, Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі ретінде Бердібек Маш­бекұлы алғы шепте болды. Сол кезде 75 кездесу өткіздік. Еліміздің 50 елді мекенінде болып, Астананың өзінде 25 кездесу жасадық.

Ағамыздың абыройы асқақ болды. Халық сыйлады, сөзіне тоқтады. Сон­дықтан осы жағдайдың реттелуіне Берді­бек Машбекұлының абыройы себепкер болды деп ойлаймын.

Жамбыл облысына әкім болып барған кезде «Биофарм» зауытын салуға көп  еңбек сіңірді. Ковид өршіп тұрғанда мыңдаған адам өмірін сақтап қалуға осы вакцинаның үлесі тиді. Шетелдерден үлкен қондырғыларды алып келіп, зауытты іске қосқанда Бердібек Машбек­ұлының іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрдім.

Ағамыздың жүріп өткен еңбек жолы, адами, кәсіби қасиеттері жайлы шексіз айта беруге болады. Соңында қалдырған өшпес ізі, есімі мен жарқын бейнесі ел есінде мәңгі қалды.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты