Өмірі өнеге еді…

5

0

Дана халқымызда «Бар жоғалмайды, жоқтан бар құралмайды» деген тәмсіл бар. Бардың жоғалмауы үшін артында іздеушісі болғаны ләзім. Іздеушісі болмағандықтан та талай тарландарымыздың есімі ұрпақ жадынан аққан жұлдыздай өшіп жатқаны жасырын емес. Өкінішті.

«Ер есімі – ел есінде» де­ген қасиетті қағида елі үшін, от­басы мен өзі үшін аянбай ең­бек еткен тау тұлғалы аға буын өкілдерінің есімдерін реті кел­генде жаңғыртып тұрғанда ғана шындыққа айналады. Міне, ұла­ғатты ұрпақтарының әкеле­ріне деген риясыз құрметінің ар­қа­сында аяулы есімі тарихтан лайықты орын алып отырған аб­зал жандардың бірі – бүгін ту­ғанына 100 жыл толып отыр­ған майдангер Ордабай Кенже­байұлы. Ол кісі 1926 жылы Қа­залы ауданына қарасты «Өр­кенді» ауылында дүниеге кел­ген. Оның балғын балалық ша­ғы қылышынан қан тамған «қы­зыл империяның» адамға қар­сы бастаған зұлмат заманына тұс­па-тұс келді. Өткен ғасыр ба­сындағы саяси дүрбелең сал­дарынан қазақтың басына жо­йылып кету қаупі туғаны тарих­тан мәлім. Елді тұтас жайлаған ашаршылықтың ақыретін, Үкі­меттің халыққа қарсы жүргізген наразылықтарынан туындаған аласапыранның қасіретін жас­та­йынан көріп өсіпті. Әкесі Се­рімбетұлы Кенжебай 1930 жы­лы 47 жасында сол қуғын-сүр­гіннің қысымынан науқасқа шалдығып көз жұмғасын, апасы Зылиха екеуі аурушаң анасының қамқорлығында қалыпты. Ара­ға бес жыл салғанда шешесі Құт­тыбайқызы Нәби де бақилық бо­лады. Ата-анадан ерте айы­рыл­­ған қос жетім Ұлы Отан со­­ғысы басталғанша әкесінің туы­­сы Са­ғымбайдың үйін пана­лап­ты. О.Кен­жебайұлы осы үй­де жатып, ауыл мектебінен 7 жылдық білім алады. 1944 жыл­дың көк­темінде майданға ша­қы­ры­лып, одан 1949 жылы ора­лады. Апасы Зы­лиха тұрмыс құрады.

Орайы келгенде мына бір сұхбаттан үзінді келтірсем дей­мін. Бір-екі жыл бұрын 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Мир» телеарнасына берген сұхбатында «Әкем бас­қа да майдангерлер сияқты со­ғыс­та жасаған ерліктері, сәт­сіз­­діктері, жаумен алғашқы кез­­дес­кен сәті, қасындағы жа­уын­­герлердің батырлық іс­тері, үйге жеңіспен оралуға асық­қан­дары жайлы ашып әңгіме ай­­туды ұнатпайтын» деп әкесі жайлы сырымен бөліскен-ді. Ра­сында майдангер аға буын бос мақтанды жақтырмайтын. Олар жанкештілікпен еңбек­те­ну арқылы өз өмірлеріндегі же­тіс­­тіктерінің жемісін, сәтсіз­дік­терден алған сабақтарын кейінгі ұрпақтарына үлгі ете білді. Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағы фашизмнен өз азат­тығы жолында ғана жеңіс­ке жетіп қойған жоқ, ол қазіргі таңда өркениет ошағына айна­лып отырған Еуропаны да құл­дықтың құрсауынан құтқар­ды. Бұл әлем тарихындағы ең Ұлы Жеңіс еді… Бұл жеңіске бү­гінгі әңгіме арқауы болып отырған О.Кенжебайұлы да өз үлесін қосқан. Ерен ерлігі үшін майдан даласында үш мәрте ма­рапатталған.

Елге оралғасын жас май­дангер еңбек жолын 1950 жылы Қазалы депосында қатардағы жұмысшыдан бастайды. Ол өн­дірістен қол үзбестен еңбек оза­ты бола жүріп, Қазалы ауыл шаруашылығы технику­мының «бухгалтерлік» кур­сын үздік бітіреді. 1955-1961 жыл­дары «Қожабақы» ауылына бас бухгалтер болып қыз­метке ор­на­ласады. 1961-1965 жылдар ара­лығында Райпотреб­союз меке­месінде қойма меңгеру­шісі, одан кейін 3 жыл қата­рынан аудандық «Ремст­рой» мекемесінде бас бух­галтер болды. Осылайша бір­­­неше меке­меде қызмет ат­­қара жүріп, мол тәжірибе жи­нақ­­таған маманды аудан бас­шылығы 1970 жылы аудан­дық РАПО-ға (аудандық ауыл шар­уа­шылығы өнеркәсібі бөлі­мі) бухгалтерлік қызметке алды­ра­ды. Осында 4 жылдай қызмет еткен соң, 1974 жылдың ақпан айында «Құмжиек» қаракөл қой совхозының құрылуына бай­ла­нысты жаңа шаруашы­лыққа бас бухгалтерлік қызметке таға­йын­далады және 1986 жылы зей­нетке шыққанша осында табан аудармастан 12 жыл еңбек етті.

О.Кенжебайұлы бірнеше мәрте облыстық атқару коми­те­тінің, облыстық партия комите­тінің, республикалық кәсіп­одақ ұйымының «Құрмет грамота­ларымен» марапатталды. Бұған қоса, соғыс кезінде 3 медаль иеленген. Кейіннен «Еңбек ар­дагері» медалінің иегері атан­ды. Ардақты ел ағасы зейнетке шыққасын да қызмет­тен қол үзген жоқ. Кәсіби маман ретін­де аудандық қаржылық-есеп­теу орталығында бөлім бас­шы­сы болып тағайындалды. Тә­уел­сіз­дік алған тұста ауданда ал­ғаш рет жеке меншіктегі «Қа­залы сақ­тандыру агенттігін» ашты. Агенттік жұмысын жақ­сы жолға қоя жүріп, ауыр нау­қасы сал­дарынан 1994 жылдың 6 қыркүйегінде өмірден озды. Жұбайы Нұржанқызы Қалды­гүлмен 1950 жылы отбасын құ­рып, 10 бала тәрбиелеп өсірді. Бү­гінгі күні он баланың 7-нің көзі тірі. Олардан 22 немере, 38 шөбере, 13 шөпшек өрбіп отыр. Шүкіршілік.

Шынтуайтында, мұндай ауыр жағдайды соғыс көрген аға буын­ның әрқай­сысы өз бас­та­­ры­нан өткерді десек, шын­дық­тан алыс кет­пейміз. Десек те, Ордабай Кенжебай­ұлының бір ерекшелігі, оның мол адам­гер­­шілік қасиеттерімен қоса, кә­сіби біліктілігі мен іскер­лі­гінде деп ойлаймын. Ойымыз ор­нықты болу үшін осы жол­дар­дың авторы 2016 жылы Қы­зылордадағы «Тұмар» баспа­сы­­нан шығарған «Құмжиек ауы­лының тарихы» кітабынан үзінді келтірейін. Кітаптан «…Құм­жиек совхозының еңбек­керлері ішкі мүмкіндіктері мен ре­зерв­терін есептей келіп, ҚазССР Ком­партиясының 60 жыл­дық мерекесі құрметіне бес­жылдық тапсырмасын 4,5 жылда орын­дап шығуға бастама көтер­ген-ді. Нәтижесінде онын­шы бес­жылдықтың жоспары мал өнім­дерінен асыра орындалды… Бес­жылдықтың өткен төрт жыл алты айында мемлекетке 106403 дана қаракөл елтірісі, 5806 цент­нер жүн, 2264 цент­нер қымыз бен шұбат және 18071 центнер ет сатылып, бұл жө­ніндегі жоспар қаракөл елті­рі­сінен – 142,5 процентке, жүн­нен – 112,1, қымыз бен шұ­баттан – 100,1, еттен – 101 про­цент­ке орындалды» деген мә­лімет­терді оқуға болады. Бір қа­рағанда, сол кездегі кез келген шаруашылықта бола­тын есеп, социалистік жарыс­тың қоры­тын­дысы. Ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің төккен тері мен еткен еңбектерінің жемісі. Ра­сымен солай. Алайда осы сан­дардың астарында қай салада болмасын ең бір жауапты ма­мандар саналатын есепшілер қа­уымының көзге көрінбейтін және уақытпен өлшеуге келмей­тін қыруар еңбектері жатқаны шындық. Ордабай әкеміз, мі­не, сондай аса жауапты қыз­мет атқарғандардың алдың­ғы қатарында болды. Қазіргі тіл­мен айтқанда, жемқорлыққа жол бермей, есепке шорқақ әр ең­­бек­шінің нәпақасын шаруа­шылық­тың ортақ қоржыннан адал айы­рып беріп отырды. Ол кісінің бі­тім-болмысындағы салқын­­қан­­­дылық, ұқыптылық, нақты­­лық, уәдеден ауытқымау, тура­шылдық сияқты қасиеттер кәсіби қыз­метіне де байланысты қалып­тасқан адами тұрпаттар болса керек.

Жаратушыдан түс­кен қа­сиетті кітаптардың бә­рін­де, олар­дан кейін жаса­ған атақ­ты ғұламалардың шығар­ма­ла­рын­да, қиссалар мен дас­тандарда адам­­дарды пендеге тән мінез атау­лының көркемі – сабырға ша­­қырады, тәкап­пар­лықты тәрк етіп, мүсілімге лайық, Алла­ға ұнамды ұстамды­лық пен ұла­ғатты үлгі танытады. «Же­ңіске қай жағдайда болма­сын өз қар­сы­ласынан жарты са­ғат­тай болса да шыдам­дылық көр­сеткендер жетеді» деген өмір­шең өсиет те бар. Халқы­мыз­дың заңғар жазушыларының бірі, сөз зергері Ғ.Мүсірепов «…елде алтыбақан алауыздық пен тоғышарлыққа жол беріл­меуі тиіс. Ерте дүниедегі ең қа­білетті де талантты халық – ла­тын­­дар­дың түбіне осы жеткен» деп ескертеді жазбаларының бі­рінде.

Ордабай әкеміз де елдің бірлігін сақтап, әр отбасының берекелі шаңыраққа айналуына өзінің хал-қадірінше қомақты үлесін қоса білген аузы дуалы, сөзі уәлі ел ағаларының қата­рын­да болды. Байрақты бабала­рымыз өсиет еткендей, ол кісі «қолының қарындағы күштен гөрі, көзінің қырындағы іске ден қойған» іскер де білімдар аза­­маттардың бірінен саналды. Білімділігі мен іскерлігінің ар­қасында «Құмжиектегі» бас есепшіліктен зейнетке шыққан соң Қазалы қаласына көшіп ке­ліп, жоғарыда аталғандай, әуелі аудандық қаржылық-есеп­теу ор­талығында бөлім бас­шысы қызметін атқарды. Еліміз Тәуел­сіздік алған жылы жеке сақтан­дыру агенттігін құрды. Мұны қайталап отырған себебіміз, ұлттық экономикамыз нарықтық қатынастарға 1993 жылы көшсе, осы күрделі реформаның ажыра­мас құрылымы саналатын сақ­тан­дыру агенттігін халқы көп, өндірісі етек жайған қалалық жерде емес, ауданда ашуы­ның астарында тәжірибелі қар­жы­гердің тауар-ақша қатынас­тары­ның болашақ бағы­тын сараптай алу қабілеті, тәуекелшіл дағды­сы жатқаны кәміл. Қалай десек те, жаңадан жеке қаржы құры­лымын құру сол уақыттағы тең­ге тапшылығы жағдайында ер­лікке пара-пар шешім болғаны даусыз.

Әрине, жұмырбасты пенде­нің арманы таусылмайды. Ол кісіні де өмірден армансыз өтті деу үстірт айтқандық болар. Қан­ша мүмкіндік бола тұра қу тірліктің қамымен «әне-міне» деп жүріп, Ордабай әкеміз көзі тірісінде саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған әке-шешесінің ба­сын қарайта алмағанына қатты өкінеді екен. Осы арманын әу­ле­тімнің туұстары деп Самат баласына аманаттап кетіпті. «Аманатқа қиянат жүрмейтінін» жақсы сезінген Самат атасы мен әжесінің мәңгілік жандары баяз тапқан жерге белгі орнатты. Бұған қоса, әкесі ұзақ жылдар қызмет атқарған, өзі орта мектеп бітіріп, үлкен өмір жолына ат­тан­ған туған ауылына мешіт сал­ды. Асыл бабаларымыз «Орнын­да бар – оңалар» деп осындайда айтқан болар…

Әлем мойындаған қытай ғұламасы, адамзаттың ақылма­ны Конфуцийдің бір ұстанымы мынадай мәнде айтылады: «адам­­дар ертеңгіні көбірек ой­лап, бүгінгіні ұмытып кетеді. Олар бүгінгі күн үшін де, бола­шақ үшін де өмір сүрмейді. Сөй­тіп, өлмейтіндей күн кешеді, ал өлім құшқан сәтте ғана еш­­қандай мәнді өмір сүрме­ген­­дерін түсінеді». Осы қи­сын­­мен қарағанда қазір 100 жас­қа толып отырған марқұм Ор­дабай Кенже­байұлын бүгіні мен ер­теңін сараптап-саралай біл­ген және сол қабілеті арқылы мән­ді-мағыналы ғұмыр кешудің жо­­лын тапқан бақытты әке деп ойлаймын. Марқұмның сұм со­ғыстан тірі қалуынан бастап, ті­рілердің есінде қалар­лықтай қадірін өткізе өмір сүруінің өзі өнеге. Сырдың тумасы, атақ­ты драматург Қ.Мұхамед­жанов­тың «Көктөбедегі кездесу» пье­са­­сында көп қойылатын «Қай­т­­кенде адам қалады, адам бо­­лып?» деген қайсар сұраққа өмір бойы жауап іздеген ізгі­лікті әкенің бақытты екеніне бірі Ас­танадан, екіншілері Павло­дар­дан, үшіншілері Қызылор­да­дан, келесілері аудан мен ауыл­дардан жиналып келіп, әке­­ле­рінің аруағына бағыштап ас беріп, дұға оқытып жатқан ұр­­пақ­тарының ыстық ықыласы куә. Есіл ердің бітім-болмысы елес емес, есте. Ұрпақтарымен бірге!

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми зерттеу жұмыстарын үйлестіру бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты,

«Құрмет» орденінің иегері