Құрбан айт – ұлық мереке

5

0

Облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен көшпелі брифинг өтті. Құрбан айт мерекесінің өту тәртібі, құрбан шалудың шариғи талаптары мен қайырымдылық шаралары туралы ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің бас имамы Дастан Құрманбаев кеңінен айтып берді.

Брифингте Құрбан айт мейрамын жоғары дең­гейде ұйымдастыру, халыққа қолайлы жағдай жасау, мешіттерде мерекелік іс-шаралар өткізу, сондай-ақ qurban.muftyat.kz сайты арқылы онлайн және офлайн форматта жүзеге асатын құрбан шалу рәсімдерін жүйелі үйлестіру мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, мал сою орындарын санитарлық-тазалық талаптарына сай әзірлеу, арнайы штабтар құру, құрбан шалу рәсімдерінің шариғат талаптарына сәйкес орындалуын бақылау, құрбан еттерін әлеуметтік жағдайы төмен және мұқтаж отбасыларға уақытылы жеткізу бойынша нақты міндеттер жүктелді.

– Құрбан айт – тек құрбан шалумен шектелмей­тін, мұсылман қауымын ынтымақ пен бірлікке үндейтін қасиетті уақыт. Бұл күндері мұқтаж жандарға көмек қолын созып, мейірім мен қайы­рымдылықты арттыруымыз қажет. Биыл һижри күнтізбесі бойынша зұлхижжа айы 18 мамырда басталып, 26 мамыр – Арапа күні, ал 27 мамыр Құрбан айттың алғашқы күні болып бел­гіленген. Айт намазы облыстағы барлық мешітте таңғы сағат 6:00-де оқылады, – деді Дастан Жанасұлы.

Сондай-ақ құрбан шалудың үкімі мен тәртібі де түсіндірілді. Құрбандыққа қой, ешкі, ірі қара және түйе шалынатыны, малдың мінсіз әрі белгілі жасқа жеткен болуы шарт екені айтылды.

Бас имамның айтуынша, өңір мешіттерінде мере­кеге дайындық қызу жүргізілуде. Арнайы қасап­ха­налар белгіленіп, еріктілер тобы жасақ­талған. Құрбан шалу рәсімдері санитарлық талап­тарға сай ұйымдастырылып, онлайн форматта да жүзеге асырылады. Ол үшін арнайы платформасы арқылы тапсырыс беруге болады. Бұдан бөлек, тұр­ғындарды күмәнді қорлар мен беймәлім ұйымдардың онлайн құрбандық акцияларынан сақ болуға шақырды. Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен құрбан малдарының бағасын негізсіз қымбаттатпау жөнінде үндеу жасалғанын жеткізді.

– Құрбан айт – жүректерге иман нұрын, көңілдерге шаттық сыйлайтын мереке. Осы күндері көпшілікке жақсылық жасап, елдің алғысын алайық. Өткен жылы облыс мешіттерінің ұйымдастыруымен мыңдаған отбасыға құрбан еті таратылып, қайырымдылық шаралары кең көлемде өткізілген. Биыл да осы игі дәстүр жалғасын табады, – деді бас имам.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»