Жазушы, әскери тілші Илья Эренбург «Правда» газетіне 1942 жылы жариялаған «Қазақтар» деген очеркінде: «Қазақтар иен далада жел жетпес жүйрік мініп жүріп дағдыланған. Қажет болса олар еңбектей де, жүгіре де біледі. Биік тауларға өрмелеп те шығады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды» деп сүйсіне жазған еді.
«Қазақтар – кеңпейіл, ақжарқын ержүрек батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құралса мен әрқашанда риза болар едім» деген генерал-полковник П.Романенко сөзі де ел жадында.
Фашизмнің ордасы Рейхстагқа алғашқы Жеңіс туын тіккен взвод командирі Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов болатын.
Рақымжан 1924 жылы 19 қазанда қазіргі Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңайындағы қыстақта өмірге келген. Небәрі 4 жасында анасынан айырылса, әкесі жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ-та болған. Жанына жалау болатын жанашыр жандарсыз ержетті. Тайтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленіп, 7 жылдық мектепті бітірді. Балқаштағы КТУ-ға түсіп, тәртіп пен қатал өмір мектебінен өткен.
1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Бішкектегі (ол кездегі Фрунзе қаласы) жаяу әскерлер училищесіне оқуға түскен. Осы тұста ГУЛАГ-тан босап шыққан әкесімен қауышады.
Рақымжан 1944 жылдың қазан айынан бастап І Беларусь майданындағы 150-Идрицк атқыштар дивизиясы 674-полктің взвод командирі болып, соғыстың аяғына дейін асқан ерлік көрсеткен.
1945 жылдың көктемінде Қызыл Армия жойқын күшпен Шығыс Еуропа елдерін неміс фашизмінен азат етіп, Германияның шекарасын бұзып-жарып Эльба өзеніне жетті.
Немістер өз шекарасын мықты қорғанысқа айналдырған. Күн санап фашизмнің өз астанасы Берлинді қорғауда тынысы тарылып, жеңіліске ұшырай бастады. Рақымжан взвод құрамында болған 674-полк Берлинді алудағы шайқастарға тікелей қатысқан.
Тарихи деректерде 150-атқыштар дивизиясының органы «Отан жауынгері» газеті «Ерліктің ізі суымай тұрғанда» деген мақаласында былай деп жазған: Лейтенант Р.Қошқарбаев пен қызыл әскер Г.Булатов Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс жалауын қадады». Әскери тілші, белгілі жазушы Борис Горбатов пен белгілі кинооператор Роман Кармен Қошқарбаевтың ерлігіне ерекше сүйсініп, қайран қалған.
Мәселен, Борис Горбатов 1948 жылы 18 желтоқсандағы «Литературная газетада» жариялаған мақаласында «Шынтуайтқа келгенде, біздің армиямыздың жауынгерлерін бүркіт пен қаршығаға теңеу керек. Менің көз алдымда өзге жолдастарымен бірге Рейхстагқа ту тіккен Қошқарбаевқа қандай бүркіт тең келері бар» деп жазған. Соғыстың соңғы сәттерін, Берлинді алып, Рейхстагқа Жеңіс туын тігудегі Қошқарбаевтың ерлігін өз көзімен көріп, батырлығын майдан газеттерінде оқ пен оттың ортасында жүріп жазған дивизия газетінің тілшісі Василий Субботин өмірінің соңына дейін қандыкөйлек дос болған «Майдангер» газетінің суретшісі П.Кричевский «Комсомольская правда» газетіне Рақымжанның суретін салған.
Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында «ҰОС тарихы» атты бес томдық мемуар жарық көрді. Онда соғыстың алғашқы жылдарындағы Қызыл армияның сәтсіз қимылдарына талдау жасалған. Кеңес жауынгерлерінің орасан ерлігінің нәтижесінде неміс фашизмінің барлық майданда ойсырай жеңіліп, Шығыс Еуропа елдерін олардан азат етуі баяндалған.
Тарихи мемуарда соғыс жылдарында майдан газеттерінде жарияланған Кеңес жауынгерлерінің ерлігі жайлы да айтылған. 1963 жылы сол кездегі майдан, армия, дивизия, корпус, т.б. әскери басшылардың, тарихшылардың қатысуымен бүкіл армиялық кеңес өткізілген. Онда соғыста асқан ерлік көрсеткен, түрлі себептермен Кеңес Одағының ең жоғары атағына ұсынылған жауынгерлерге берілмеу себептері жан-жақты талқыланған. Осы жиында 150-дивизияның Берлинді алуға, Рейхстагқа Жеңіс туын тігуге тікелей шабуыл жасаған дивизия командирі В.Шатилов взвод командирі Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Г.Булатовтың Кеңес Одағының ең жоғары атағына ұсынылғаны, бірақ оны алмағаны жайлы жиналысқа қатысқандарды хабардар еткен. «Прошу председателя редколлегии истории Великой Отечественной войны просить Президиум Верховного Совета СССР о награждении товарищей, которые были представлены, но остались не награжденными. Считаю и прошу из 150-й дивизии присвоить звание Героя Советского Союза за штурм Рейхстага» деп алты жауынгер мен бір полковниктің есімдерін жазған. Тізімнің екінші қатарында «Лейтенанту Рахимжану Кошкарбаеву, рядовому Григорию Булатову, я высказываю общее мнение участников совещания. К этому следует добавить, что Кошкарбаев и Булатов в свое время были представлены к званию Героя Советского Союза. Реляция об этом до сих пор лежит в архивах Генерального штаба Советской Армии. (По всей вероятности, ходатайство военным командованием о присвоении звания Героя Советского Союза Р.Кошкарбаеву было отклонено по причине необоснованной репрессии его отца в 1937 году).
Таким образом, свыше 50-ти имеющихся достоверных документов свидетельтвуют о том, что двадцать лет тому назад Р.Кошкарбаев и Г.Булатов действительно одними из первых совершили героический подвиг, водрузив красный флаг над Рейхстагом» делінген мәтінде.
Жиында жасалған ұсынысты қолдап Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Шухов, Ә.Тәжібаев қол қойған. Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының батыры атағын беруге атсалысқан 50-жылдардың басында Қазақ ССР Жоғары Кеңесі төралқасының төрағасы болған ұлтжанды абзал азамат Жұмабай Тәшенов еді.
Ол Рақымжан жөніндегі Бас штабтың архивіндегі материалдарды көтеріп, ұсыныстың неліктен өтпегені жайлы маршал И.Коневтен сұрайды. Ж.Тәшеновтің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Жүгінуге К.Ворошиловқа барады. Климент Ефремович өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Даудың түйіні назардан тыс қалған.
Рақымжан Қошқарбаев туралы «Правда», «Советская Россия», «Красная звезда», «Комсомольская правда» газеттерінде мақалалар мен ол туралы поэма да жазылған. Кәкімжан Қазыбаевтың «Кернеген кек» атты деректі повесті жарық көрген. ТАСС хабар беріп тұрған. Рейхстагтың қаһарманы ретінде 1965-1970 жылдары неміс халқының шақыруымен екі мәрте Берлинге кездесуге барған. Мәскеуде жыл сайын өтетін 9 мамыр қарсаңындағы телевизиялық бағдарламаларға қатысқан. Ғабит Мүсіреповтің басшылығымен Жеңістің 35 жылдық мерекесі қарсаңында республикамыздың белгілі азаматтарының атынан Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының батыры атағын беруді сұрап сегіз адам қол қойып, КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.Брежневке хат жолданған. Оны бас хатшы оқыды ма, оқымады ма, ол жағы бізге белгісіз.
Арада ұзақ уақыт өткен соң Ғ.Мүсіреповтің атына Мәскеуден хат келген. Хатта ҰОС жайлы тақырып жабылған делінген. Қазақстанның досы деп жүрген Л.Брежнев Д.Қонаевқа «несіне тарихты қопара береміз» деп жауап берген дейді.
1992-1995 жылдары Қорғаныс министрі болған армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы С.Нұрмағамбетов өзінің естелігінде: «1995 жылы Жеңістің 50 жылдық мерекесі қарсаңында бір офицер Подольскідегі архивке барып, Р.Қошқарбаевтың Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылғаны жайлы мәліметті анықтап келді. Мен құжаттарды Президент аппаратына табыс еттім. Сонымен қатар үш қазақстандық ұсынылып, батыр атағын алмағаны анықталған.
Президент Жарлығымен Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілді. Оның ерлігі қазақ халқының мәңгілік есінде болады» деп жазған.
Жазушы Кәкімжан Қазыбаевтың повесінде батыр ерлігі баяндалған. «150-дивизияның командирі, генерал В.Шатилов, 79-корпустың командирі С.Переверткин, 3-тегеурінді армияның командирі В.Кузнецов, 674-полк дереу сапқа тұрғызылып, Берлинге Жеңіс туын тігу осы құрамаларға міндеттелді. Армия генералы Кузнецов қысқаша сөйледі.
– Жолдастар, солдаттар, офицерлер!
Халқымыздың титығына жеткен бұл соғысты бітіру керек. Сіздердің ендігі бағыттарыңыз – Берлин, Рейхстагқа ту тігу.
Жауынгерлер:
– Ура-а-а, – деп дауыстады. Жауынгерлердің ортасында Рақымжан Қошқарбаев та бар. Олар Бранденбург қақпасына таяп, қаланың шығыс жағынан келіп қоршаған еді.
Осындай жан алып, жан беріскен шайқас кезінде Рақымжан «сізді комбат шақырады» деген хабар алды. Ол 4-батальонның штабына барғанда бүкіл полктің командалық құрамы толық отыр екен. Полк командирі Давыдов қасыма жақында деп ишарат білдірді. Қарсы беттегі алаңның ар жағындағы қираған ғимаратты нұсқап «Көрдің бе, Рейхстаг!» деді.
Рақымжан біресе Рейхстагқа, біресе комбатқа қарады. Полктің саяси жетекшісі Васильченко күлімдеген күйі қайтер екен дегендей өзіне қадала қарап қалған екен.
– Арман ғып жүрген Рейхстагіміз осы ма?
– Иә, иә. Ендеше сол Рейхстагқа апарып ту тігу керек. Соны сізге тапсырамыз, жолдас лейтенант Қошқарбаев!
– Құп болады!
– Міне, полктен келген барлаушылар тобы. Бұлар да сізбен бірге аттанады, яғни сізді, сіздегі туды қорғаушылар.
Ту да дайын болған екен. Васильченко Рақымжанның қолына берді де:
– Жолың болсын, Рақым! – деп бетін сүйді.
Рақымжанның бойын суық тер басып, сәл босап, бәрімен қоштасқандай болды. Көз алдынан бір сәт туған жер, өскен өлкесі, қазақтың кең даласы елестеп, бұл сапардан аман-сау оралуы екіталай екенін ойға алды.
Рақымжан сабына ораулы туды қойнына тығып алып, сыртқа терезеден атылып шығып, Рейхстагқа қарай еңбектеп жылжыды.
Ал немістер оларға қарсы оқ боратуды тоқтатпады. Тобының қиын жағдайда қалғанын білген полктің артиллерия батальоны Рейхстагты снарядпен ұра бастады.
Осы сәтті пайдаланған Рақымжанның тобы бірінші қабаттағы баспалдаққа табан тіреді. Әлі көздері жойылмаған бірнеше неміс солдатына автоматпен оқ жаудырды. Жоғары қабатқа жеткен Булатовқа Рақымжан:
– Тірісің бе, тірісің бе? – деп дауыстады. Сәл естерін жинады. Булатовқа:
– Шық иығыма! Ал мына туды, – деді. Булатов ыршып Рақымжанның иығына шықты.
– Жолдас лейтенант, қадайтын жер жоқ!
– Суыр кірпішін. Міне, мына тұсың – терезе.
Әлден уақытта Булатовтың:
– Все! – деген дауысы естіліп, жерге қарғып түсті.
Рақымжан екеуінің құшағының қалай айқаса кеткенін білген жоқ. Бірін-бірі сүйіп жатыр. Бұл 1945 жылдың 30 сәуірі, 18 сағат 30 минуты еді.
Кеңес кезінде баспасөз бен кинода, тарихи туындыларда Рейхстаг үстіндегі ту шешімін таппаған, айтысқа толы тақырып болды. Орыс Михаил Егоров, грузин Мелитон Кантария екеуін көрсету керектігін кеңестік насихат шешіп қойған болатын.
Тарихи шындық арада 62 жыл өткенде ашылып, 2007 жылы Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Ресейдің Ұлы Отан соғысы тарихы институты «І Беларусь майданы 3-екпінді армиясының 150-атқыштар дивизиясы 674-атқыштар полкінің взвод командирі Рақымжан Қошқарбаев 30 сәуір 1945 жылы Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тікті» деген құжатты Қазақстан Республикасының мемлекеттік музейіне табыс еткен.
Соғыстан жеңіспен оралған Р.Қошқарбаев партия, кеңес аппаратында жұмыс атқарды. Алматы қаласындағы «Қазақстан» қонақүйінің директоры болған. Жолдасы Рақила екеуі үш қыз тәрбиелеп өсірген.
І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл ту» ордендерімен, «Берлинді алғаны үшін» медалімен марапатталған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы, Рейхстагқа алғашқылардың бірі болып Жеңіс туын тіккені үшін Рақымжан Қошқарбаевқа «Халық қаһарманы» атағы берілген.
Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі





