Арақ, темекі, есірткі… Адамдарды үйіріп әкететін жаман әдеттердің қатарына енді біреуі қосылды. Ол – дүкен сөрелерінде самсап тұрған энергетикалық сусындар. Жасы да, жасамысы да соған әуес. Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты ұлттық зерттеу нәтижесіне сүйенсек, 2023 жылы сергіткіш сусындарды жасөспірімдердің 20,5%-ы тұтынған. Қорқынышты статистика. Содан келіп 2025 жылдың басында елімізде 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға қатаң тыйым салынды. Қоғамды алаңдатқан мәселені заң тетігі арқылы реттеуге мүмкіндік туды. Бірақ басқаларды қайтеміз?
Дәрігерлер мұндай сусынға тәуелді адамды маскүнеммен теңестіреді. Ал зияны одан асып түсетінін айтып отыр. Шаршау, ұйқы жетіспеушілігі мен артық жүктеме кезінде сергектік сыйлайтын қасиеті болғанымен, оны жиі қолдану жүректің жұмысын нашарлатады.
– Бонн университетінде жүргізілген зерттеу кезінде энергетикалық сусын ішкеннен кейін қатысушылардың 1 сағат ішінде жүректің соғу жиілігі күшейген. Сондай-ақ Америка кардиология ассоциациясының зерттеуі бойынша 1 құты энергетик ішкеннен кейін 90 минутта қан қысымы айтарлықтай жоғарылап, жүректің электрлі белсенділігі өзгеретіні анықталды, – дейді көпбейінді облыстық аурухананың дәрігері Рауан Сайлауова.
Америка медицина ассоциациясы журналында зерттеу нәтижесі жарияланды. Соған сүйенсек, энергетик ішкен жастардың 30%-ға жуығы өзін жүрек қағысы жиілеп, басы айналғандай сезінген. Кейбіреулердің тіпті жүрек ырғағы бұзылған.
Мұндай сезімді кейіпкерлеріміз де бастан өткерген. Қызылорда қаласының тұрғыны Бағлан Қалиев сергіткіш сусынға тәуелді болғанын жасырмайды.
– Аптасына екі-үш рет ішіп жүрдім. Кәдімгідей іздейтінмін. Бір күні қатты шөлдеп келіп бір құтысын тоқтамастан қылғытып жібердім. Арада 15-20 минут өткесін жүрегім қатты соғып, мазам қаша бастады. Ұйықтай алмадым. Дем жетпей қиналдым. Содан таза ауа жұтайын деген оймен аулада әрі-бері жүрдім. Тек бір сағаттан кейін денсаулығым түзелді. Ал ертеңіне азанда бізден бір-екі жас үлкендігі бар көрші жігіттің осы бәледен қайтыс болғанын естігенде қатты шошыдым. Марқұм ұйықтар алдында энергетик ішіп, түнімен жүрегі қысылып шығыпты. Осы екі жағдай үлкен сабақ болды. Енді ішпеспін деп өзіме өзім уәде бердім. Мен сияқты тәуелді адамдарға айтарым, дереу бас тартыңыздар, – дейді ол.
Жаңақорғандық Нұрбол Бәкіровтің басындағы жағдай да осыған ұқсас. Кейіпкеріміз мұның пайдасынан зияны басым екенін білсе де адамдар өзіне, денсаулығына жаны ашымайды деп есептейді.
– Мен екі рет зардабын сезіндім. Біріншісінде көлік жүргізіп келе жатқанда ішіп, дереу қан қысымым көтеріліп, бетім қызара бөртіп шыға келді. Жарты сағатта өз-өзіме әрең келдім. Екіншісінде өте ауыр өтті. Ол кезде де көлік тізгінінде едім. Жүрегім қатты соғып, тәлтіректеп дүкеннен көлігіме әзер жеттім. Біраз уақыттан кейін ес жиып, қалпыма келдім, – дейді Нұрбол Бәкіров.
Жалт-жұлт еткен жарнамада сусын құрамындағы кофеин, таурин, гуарану секілді энергетик стимуляторлары мен субстраттар сергектік пен күш сыйлайтыны айтылады. Алайда Австралиядағы Кëртин университетінің зерттеуі басқаны көрсетті. Кофеин мен таурин қосындысы қанның тұтқырлығын арттырып, тамырлардың түйілуіне әкеп соғады. Бұдан адам инфаркт пен ишемиялық сырқатқа шалдығуы мүмкін. Мамандар, әсіресе, жүрек-қан тамырлары ауруы анықталмаған жастардың «моторы» істен шығу қаупін жасырмайды.
– Дәлел үшін айтайын, облыстық аурухананың №2 кардиология бөлімшесіне 22, 32 жастағы және 33 жастағы екі – барлығы төрт науқас түсті. Олар энергетикалық сусын кесірінен жүрек сырқатына, оның ішінде созылмалы жүрек жетіспеушілігіне шалдыққан. Соның екеуі өткен жылы, біреуі биыл өмірден өтті. Біреуінің жүрек миокардының жиырылу қызметі төмендеп, өмір сүру сапасы едәуір төмендеді. Науқастардың бәрі ауруханаға түскенге дейін соңғы бір жыл ішінде энергетикалық сусынды тұрақты пайдаланған. Дәрігерлер тиісті ем-шара қабылдағанына қарамастан, өкінішке қарай дерттен айығуы мүмкін болған жоқ, – дейді Рауан Сайлауова.
Астаналық блогер Таңат Тілеуқабылдың тәжірибесі өзі үшін де, оқырмандары үшін де ой салса, қанеки! Әлеуметтік желіде бір блок сусын ішіп, зиянын дәлелдегісі келген ол өмірімен қош айтыса жаздады.
– Соның бәрін 24 сағатта ішіп бітіруім керек болатын. 7 құтысын бірінен соң бірін ішіп, есімнен танып қалдым. Жедел жәрдем көлігі келіп, мені жан сақтау бөліміне жеткізді. Денсаулығым дұрысталғасын палатаға ауыстырды. Екі апта ем қабылдадым. Асқазаным түгел бүлінген. Тамақ іше алмадым. 7 келіге арықтап кеттім. Жүйке жүйеме зақым келді. Ашушаң болып кеттім, – дейді блогер.
Энергетикалық сусынды жапондық өндірушілер о баста жұмысбасты қызметкерлердің белсенділігін арттыру үшін ойлап тапқан екен. Елімізде оның оннан астам түрі саудада. Қай-қайсысының да құрамында қант көп. Сондықтан оны ішетіндер арасында қант диабеті мен жүрек талмасы көбейген. Энергетикті ішудің де этикасы бар. Мамандардың есебінше, оның тәуліктік нормасы 0,5 литрден аспауы керек. Ал күнделікті тұтыну 3-6 ай ішінде тәуелділікке әкеп тіреуі ықтимал.
– Энергетикалық сусындардың жоғары дозасын үнемі және бақылаусыз қолдану диарея мен құсу, асқазан жарасы секілді ауру түрлерін асқындырады. Әлемнің әртүрлі елдерінде дәрігерлер осы сусынның кесірінен аритмия, инфаркт, кенеттен есін жоғалтудан кейін қайтыс болғандарды тіркеді, – дейді медицина ғылымдарының кандидаты Александр Созыкин «Доктор Питер» порталына берген сұхбатында.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»