Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық, құрылыс, өндіріс және инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жобаларды таныстыруға арналған баспасөз турының екінші күні Жаңақорған ауданында жалғасты. Шара барысында ауданда қолға алынған ілкімді жобалар таныстырылды.
Журналистер алдымен ауданның 5 елді мекеніне жоғары қысымды жеткізуші газ құбырын салу жобасының жүзеге асырылу барысын көрдік.
«Көгілдір отынмен» қамту қарқыны
Жаңақорған ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар баршылық. Соның бірі – Еңбек, Сунақата, Қожамберді, Тақыркөл және Екпінді елді мекендеріне жоғары қысымды газ жеткізетін құбырын салу. Бүгінде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жоба құны – 250 млн 584 мың теңге. Биылға республикалық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмысының бас мердігері – «Сырэнергогазстрой» серіктестігі. Құрылыс-монтаж жұмыстары сәуірдің ортасынан ауа басталған. Бүгінде 4,4 шақырым газ құбыры тартылды, 5 газ тарату пункті жеткізіліп, орнатылуда. Жоба аясында жалпы 7,7 шақырым жоғары қысымды газ құбыры жүргізіліп, 5 ГРПШ орналастырылады.
Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 50 пайызға орындалған. Нысанды осы жылы тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Ауданның батыс бөлігінде газдандыру жұмысы кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алты елді мекенді газдандыру басталып кеткен. Соның ішінде 2024 жылы Төменарық ауылына «көгілдір отын» тартылып, тұрғындар игілігін көруде. Шиелі агресінен бері қарай 35 шақырым жоғары қысымды газ желісі салынған. Оның бойында аталған бес елді мекен орналасқан. Сол ауылдарға газ жүргізу қолға алынып отыр. Бүгінде сол жоғары қысымды газ желісінен әрбір елді мекен тұсына дейін газ қондырғысын орнату аралығындағы желі құрылысы жасалып жатыр. Аудан бойынша жеті ауыл мен аудан орталығы, яғни кент табиғи газға қосылды. Егер осы бес елді мекенді газға қоссақ, халық санына шаққанда табиғи газбен қамту көрсеткіші 64 пайызға жетеді. Жалпы ауданға қарасты 35 елді мекен бар, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапарбаев.
Демек осы жобаның жүзеге асуы нәтижесінде 5 елді мекендегі 6251 тұрғын табиғи газдың игілігін көреді деп күтілуде. Бұл өз кезегінде елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Құс фабрикасы іске қосылар күн алыс емес
Жаңақорған ауданында агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі – құс фабрикасының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде «Абдулла» шаруа қожалығы «Союз Пром Птица» мекемесімен бірлесіп, жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіретін заманауи фабрика салуда. Жоба толық іске қосылған кезде 120 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде құс фабрикасының құрылыс жұмыстары 98 пайызға аяқталған. 12 құс қораның құрылысы, 1 құс сою цехы, 1 балапан ашатын цех, әкімшілік, техникалық қызмет көрсету ғимараты толық бітіп, мұздатқыштары орналастырылған. Нысан осы жылдың шілде айында іске қосылады деп күтілуде.
– 2020 жылы жиырма гектар жерге құс фабрикасы құрылысын «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-дан 2,8 млрд теңге жеңілдетілген несие алып бастадық. Жобаның жалпы құны – 6,2 млрд теңге. Елде пандемия болды, инфляция, басқа да себептермен кешігіп қалдық. Бүгінде құрылыс аяқталды. Бір құс қораға балапан жібердік. Айдың аяғына дейін тағы алтауына балапан жібереміз. Негізгі мақсат – құс етін шығару. Бірінші кезекте 3,8, жақсы болса 4,2 мың тонна жылына ет береді. Құс сою цехымыздың қуаттылығы жылына 30 мың тоннаға арналған. Болашақта ұлғайту жоспарымыз бар. Облыстың сұранысы жылына 16-17 мың тонна екен. Құдай қаласа соған жеткіземіз деген мақсатымыз бар. Өзге де қалалардан тапсырыс аламыз. Қазірдің өзінде Ресейден алғашқы тапсырыс түсті. Қырғызстаннан да келіп, келісім жасап жатырмыз. Бір құс қорасына 25 мың балапан сыяды. Қазір 12 қора жай бар. Алдағы уақытта тағы 12-сін соғу межеде тұр. Құс сою цехын толыққанды іске қосу үшін жалпы 48 құс қора қажет. Балапанды Алматы, Тараздан алсақ, Түркия, Ресей және Өзбекстаннан да жеткізу ойда бар, – дейді «Абдулла» шаруа қожалығының директоры Әбілхан Тәжімбетов.
Жылыжай жұмысын жандандырған
Аудан тұрғыны Наурызбай Айымбетов ауылда өз кәсібін бастаған. 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 3,9 млн теңге жеңілдетілген несие алып, өзінің тұрғын үйі ауласынан жылыжай тұрғызған. Бұл жұмысы нәтижелі болған соң, былтыр аудан әкімдігінен «Саяжай» шағын ауданынан оған 1 гектар жер телімі табысталды, сондай-ақ биыл кәсібін кеңейту үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық 9,8 млн теңге жеңілдетілген несие алып, жылыжай жұмысын жаңа деңгейге көтерді.
Жылыжай – тұрақты табыс көзі. Бұл жерде өскен қияр, болгар бұрышы өнімдері ауыл тұрғындарына қолжетімді бағада сатылып келеді. Өнімге сұраныс бар, демек жұмыс көлемін ұлғайту жоспарланып отыр.
«Жылыжай – бір күндік тірлік емес. Күнделікті күтім, уақытылы бап, тұрақты еңбек қажет. Қазір өзіміз күтіп-баптап отырмыз. Отбасымызбен бірге істейміз. Бастысы – халық разы, өнімге сұраныс бар, – дейді кәсіп иесі.
Жылыжайдың көлемі ауыл сұранысына бейімделген. Жылы мезгілде өнім молырақ алынса, қыста да қажетті өнім шығып тұр.
Бұл кәсіп – тек отбасының табыс көзі емес, ауыл ішіндегі сұранысты өтейді. Ең бастысы, жергілікті әрі жаңа үзілген өнімге жетпейді.
«Ауыл аманаты» жобасының көздеген мақсаты ауылдағы ағайынның тұрмыс жағдайын арттыруға бағытталған еді. Демек, жоба өз нәтижесін беруде.
Ал ауылда отырып-ақ, кәсібін дөңгелентіп, қоғамға пайдасын тигізіп келетін Наурызбай Айымбетовтің игі бастамасы жастардың еңбекке деген көзқарасын өзгертуге сеп болары сөзсіз.
Қызмет көрсетудің заманауи үлгісі
Ауданда кәсіпкерлікті қолдау жақсы. Бірі жылыжай ісін дамытып жатса, енді бірі халықаралық көлік дәлізі бойында заманауи сервистік кешенді іске қосуда. «Caspian Services Asia» ЖШС-нің «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы «В» санатты қызмет көрсету кешені – ерекше талғаммен жасалған бірден-бір жоба. Мұнда қонақүй, қоғамдық тамақтану орны, жанар-жағармай бекеті, монша, автовокзал бар. Жоба құны – 1 млрд теңге. Биыл ақпан айында іске қосылды.
– Кешеннің аумағы бес гектарға жуық. Бұл қызмет көрсету кешені 60-тан аса адамды жұмыспен қамтып отыр. Заманауи үлгіде жабдықталған қонақүй 44 орынға арналған. Барлық жағдайы жасалған монша да жолаушылардың көңілінен шығуда. Жақын уақытта автовокзал іске қосылады. Ол үшін қажетті жұмыстар жасалуда, – дейді кәсіпкер Болат Әшімов.
Кешенде электромобиль қуаттағыш бар. Мұның өзі жетістік. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің дерегінше, ауданда 5 804 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 2022-2025 жылдары барлық қаржы көздерінен 917 жобаға 13,9 млрд теңге жеңілдетілген несие, 876 жобаға 1,1 млрд теңге грант алынған. 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 1,6 млрд теңгені құрайтын 199 жоба қаржыландырылды. Биыл жалпы құны 879 млн теңгені құрайтын 93 жобаны іске асыру жоспарлануда. 210,4 млн теңгені құрайтын 23 жоба қаржыландырылса, 465 млн теңге болатын 36 жоба комиссия қарауына ұсынылған.
Ауызсумен қамтуда ауқымды жұмыс бар
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтуда Жаңақорған кенті «МАИ бекеті» шағын ауданында су тарату станциясының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны – 1,1 млрд теңге.
2024 жылы нысанның жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Былтыр құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Жоба бойынша Жаңақорған кенті «МАИ бекеті», «Алтыкрант» шағын аудандарының тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілетін болады.
Су тарату станциясын қоршау, магистраль желісін салу және электрмен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Су мұнарасы, насостық станциясы жеткізілді. Сонымен қатар сыйымдылығы 2400 м3 екі резервуардың құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары 85%-ға орындалған. Нысан басында 27 адам, 6 техника жұмыс істеуде.
– Кентте кейінгі төрт-бес жылда жаңа аудандар пайда болып, аумағы кеңейді. «Саяжай», «Алтыкрант», «МАИ бекеті» мөлтек аудандары бар. Соған байланысты әсіресе, жаз айларында судың жеткіліксіздігі байқалды. Осындай мәселе туындаған соң былтыр су жіберу станциясы мен қосымша желілерге қосу құрылысы жобасын жасадық. Былтыр тиісті қаржы беріліп, жұмыс басталды. Бүгінде жұмыс 85 пайызға орындалды. Маусым айының алғашқы онкүндігінде су беруді бастаймыз деп отырмыз. Бұл – әлеуметтік мәні де, маңызы да зор күрделі жоба. Жаңақорған кенті жүз пайыз сумен қамтылған. Бірақ жаз айларында су тұтыну көлемі 1,5 есе өседі. Тәулігіне 7-8 мың куб су керек болады. Станция іске қосылғанда судан тапшылық көрмейміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Сапарбаев.
Айта кетейік, «МАИ бекеті» шағын ауданында 773 тұрғын үй (2440 адам) орналасқан. Тұрғын үйлер салынғаннан бері ауызсу берілмеген. Тұрғындар үй ауласындағы құдықтардан су тұтынуда.

2019 жылы Жаңақорған кентінің аумағы кеңейіп, жаңадан мөлтек аудандардың пайда болуына байланысты «Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Жаңақорған кентінің сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту және кеңейту» жобасы жүзеге асырылған. Аталған жобамен магистральдық су желілері салынып, 2021-2022 жылдары сервистік жүйемен қамтылған. Дегенмен, «Тақыркөл» бас су алғышынан №1 сорғы станциясына дейін магистральды су өткізгіш жеткілікті су қорын жеткізе алмаудан бүгінгі күнге дейін ауызсу беру мүмкін болмаған. Енді станциясы іске қосылғанда мәселе шешіледі.
Қайта түлеген теміржол вокзалы
Еліміздегі теміржол вокзалдарының басым бөлігі ұзақ уақыт бойы жөнделмегендіктен, қазіргі кезде ғимараттарды жаңғыртуға және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға баса назар аударылды. Мәселен, жергілікті және республикалық маңызы бар теміржол нысандарында жаңа заманауи талаптарға сай реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр.
Жаңақорған ауданы аумағынан өтетін теміржол желісінің ұзындығы – 128 шақырым. Аудан бойынша 6 станция және 4 разъезд бар. Тәулігіне 40-50 пойыз өтеді.
Ал кентегі теміржол вокзалының ғимараты осыдан елу жыл бұрын, яғни 1976 жылы пайдалануға берілген. Ғимараттың жалпы алаңы – 922,3 шаршы метр.
Вокзалды қайта жаңарту жобасының құны – 1 млрд теңгеден асады. Мердігер «Дәнекер» ЖШС былтыр мамыр айынан бастап құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Бүгінде шатыр, терезелерін ауыстыру, сыртқы қабырғасын қатты травертинмен қаптау, ішкі электр желілері, өртке қарсы дабыл жүйесі, бейне бақылау жүйесін жүргізу мен бірінші қабаттағы бөлмелерді бөлу, іргетасын қаптау, баспалдақтарын салу, сыртқы кіреберістегі бастырма жұмыстары, вокзалдың күту залының ішін және төбесін әрлеу, ішкі ауызсу, кәріз және жылу жүйесін ауыстыру, жылу қазандығын орнату және газ құбырын жүргізу жұмыстары атқарылған. Перрон жағына асфальт және брусчаткалар төселіп, түнгі жарық шамдарын орнатылған
Теміржол платформасынан өтетін аяқжол өткеліне 4 жерден резина төсеніші төселіп, теміржолдың 1-ші және 2-ші жолағына бейнекамералар орнатылуда.
Осындай күрделі әрі заманға сай жөндеуден өтіп жатқан теміржол вокзалы маусым айында пайдалануға берілмек.
– Вокзалдың сыртқы келбеті, ішкі жұмыстары толықтай бітті. Перрондар қайта жасалды. Тәулігіне 150 адам қабылдайды. Соған сай қайта жаңғыртудан өтті. Заманауи келбетке ие болды. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлме де бар. Вокзал түгел заманауи стильде қайта жаңғыртылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды, – дейді бас инженер Ғабит Алмағанбетов.
Медициналық көмек қолжетімді
Біз сондай-ақ аудандық көпбейінді аурухана жанынан салынған қосымша ғимаратты да көрдік.
Кейінгі кезде ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамытуға баса көңіл бөлініп, тұрғындарға медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мән берілген. Ал қосымша ғимарат аудан орталығындағы халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын жақсартуға үлкен мүмкіндік.
Ғимараттың жоба-сметалық құны – 791 795 мың теңге. Бас мердігер – «Дәнекер» ЖШС. Бас жобалаушы – «Қызылорда ВодГазПроект» ЖШС.
– Бұл ғимарат Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жоба аясында салынды. Облыс бойына төрт ауданда осындай қосымша құрылыс жүрді. Ғимарат инсульт орталығы болды. Жылдың аяғына дейін МРТ және ангиограф аппараты құрылады. Қазір КТ-мен жұмыс істеудеміз. Бұған дейін инсульт терапия бөлімі ішінде болған. Орталық 20 орынға арналған. Ғимаратта дәрігер, УДЗ бөлмесі бар, – дейді бас дәрігер Марат Ршымбетов.
Жаңақорғандағы бірқатар жаңалықтар журналистерді осындай деректерге қанықтырды. Сапар әлі де жалғасады.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
Суреттерді түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ





