Тындырымды тірлік табысқа бастайды

863

0

Арал ауданында қай салада да ілгерілеушілік байқалады. Әрине, теңіз төскейінде шешімін күткен мәселе жоқ десек, артық айтқандық болар еді. Алайда, нәпақасын теңізден айырған іргелі қауымның атақонысынан үдере көшкені енді артта қалды. Тұрғындар түйткілді мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетініне үміт артады.

Аудандық мәдениет үйінде өткен Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебіне облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов, облыстық басқарма басшылары мен мамандары, БАҚ өкілдері, аудан активі және тұрғындар қатысты.

М.Оразбаев ауданның әлеу­меттік-эконо­ми­калық жағ­да­йына, Президент Жол­дауынан туындаған мін­дет­терді орындау жолдарына тоқталды.

Соңғы жылдары Арал ау­да­нының экономикасын да­мыту бойынша ауқымды жо­­­ба­­­лар атқарылған. Оны ау­дан­­­ға жыл басынан бері 28,6 млрд теңгеден астам ин­вес­ти­­ция тартылғанынан аң­ғару­ға болады. Өткен жылы өнер­кәсіп орындары 15,3 млрд тең­ге­ден артық өнім өндіріп, са­лыстырмалы көлем индексі 112,3 процентті құраған. 734,9 мың тонна тұз қазылып, 242,4 тонна йодталған тұз өндірілген. Оған қоса, балық, ет, нан және нан өнімдері, кварц топырағы халық қазынасына айналды. Өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына ау­даннан 1,8 млрд теңгенің 4 жобасы енгізілген. Бұған дейін 3 жоба жұмыс жасап келсе, «Қазақстан Аква­культура» ЖШС-ның «Ба­лық қабылдау және өңдеу цехы» жобасы іске қосылатын бо­лады. Индустриялық аймақта жал­пы құны 239,8 млн тең­гені құрайтын 3 жоба іске асырылуда. Жуырда өңірлік индустрияландыру кар­тасына және индустриялық аймаққа жылдық қуаттылығы 130 мың тонна дайын өнімді өндіретін «Qazaq Camel» ЖШС-ның «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау» жобасын енгізу жоспарланған. Теңіз төскейінде Ойсылқара түлігінің өсіп-өнуге бейім­ділі­гін ескерсек, жобаның маңыз­дылығы айқындала түседі.

Тұрғындардың тұрмыс-тір­шілігінің деңгейі бой көтерген жаңа құрылыс нысан­дарынан анық байқалады. Жыл басынан 167 жеке тұрғын үй пайдалануға берілсе, 9 жоба іске асырылуда. Олардың қатарында Арал қала­сындағы қатты тұрмыстық қал­дықтарға арналған полигон, 250 орындық оқушылар үйі бар. Сексеуіл кентіндегі 40 тө­сек-орынды аурухана құрылысы биыл­ғы жылға өтпелі болса, Сек­сеуілдегі № 231 орта мектептің 100 орындық қосымша құры­лысы, Шижаға елді меке­нін­дегі мәдениет үйі және Сек­сеуіл кенті мен Сазды елді мекен­дерін­дегі биотермиялық шұң­қыр­лардың құрылыс-мон­таж жұ­­мыстары толығымен аяқ­та­лып, пайдалануға берілді. Мем­лекеттік-жекеменшік әріп­тестік арқылы Арал қаласынан «Құқықтық қызмет көрсету ор­талығы», Сазды, Шөмішкөл, Қо­саманнан медициналық бе­кет­­­тер салынып, ел игілігіне беріл­се, №83 орта мектебінің қосымша құры­лысына және №13 орта мек­тебіне ағымдағы жөндеу жасалған.

Аудан аумағынан өтетін «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» халықаралық транзиттік көлік дәлізі бойынан 3 жолбойы сервистік нысаны қызмет көр­сетіп келген. Оған қосымша жеке кәсіпкерлер Г.Жұмағазиева мен Т.Әбибуллаевтың «С» са­натты сервистік нысандары биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сондай-ақ, авто­көлік дәлізі бойынан жеке кәсіп­кер Т.Жалғасбековтың баста­масымен «С» және «Д» санатындағы жолбойы сервистік қызмет көрсету орталығының құрылысы жүріп жатыр.

Аудан аумағында балық ша­руа­шылығы үшін маңызды Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сыр­дария өзені және 20 көл бар. Теңіз төскейінде жылдық қуат­тылығы 19900 тоннадан аса­тын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Зауыттардың тең жарымы балықты тереңнен өң­десе, қалғаны балықты қатыру, мұздату, ыстаумен айналысады. Сондай-ақ, «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС мен «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік беретін «Еврокод» бел­гісін иеленген. Былтыр ба­лық өнімдері  Ресей, Қытай, Гер­мания, Польша, Нидерланды, Грузия, Украина, Әзербайжан, Қыр­ғызстанға  экспортқа шы­ғарылды.

Аудан әкімінің жылдық есебі барысында тұрғындар Арал қала­сындағы темір жол үстінен аспалы көпір салу, аудандық маңызы бар «Қаратерең-Жаңа­құрылыс» бағытындағы авто­көлік жолы, Сексеуіл кентін газ­дандыру, басқа да өзекті сауалдарды қамтыған мәсе­лелерді қозғады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<