Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шарль Мишель брифинг өткізді

424

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишель келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Брифинг барысында Мемлекет басшысы Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отырғанын айтып, өзінің шақыруын қабыл алғаны үшін ризашылығын білдірді.

«Келесі жылы Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толады. Сондықтан Шарль Мишель мырзаның сапары осы мерейлі меже қарсаңында өтіп отырғаны ерекше қуантады. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Президент Мишельдің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосып отырған сүбелі үлесін жоғары бағалаймыз. Біз екіжақты ықпалдастығымызды жаңа сапалы деңгейге көтеру үшін кең ауқымды әрі мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Кездесуіміз өзара сенім және түсіністік рухында өтті. Біз мазмұнды саяси диалогтың қарқынын одан әрі күшейтеміз деп уағдаластық. Сондай-ақ Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы стратегиялық әріптестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді  растадық», деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

Айта кетсек, 30 жыл ішінде Қазақстанға Еуропадан тартылған инвестиция көлемі 160 миллиард доллардан асқан. Ал биылғы 8 айда Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдері арасындағы тауар айналымы 43 пайызға өсіп, 26 миллиард долларға жетті.

Мемлекет басшысы Шарль Мишельмен кездесу барысында энергетика, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика салаларындағы іс-әрекетімізге оң баға бергендеріне тоқталды. Президенттің айтуынша, тараптар өзара тиімді іс-әрекетті одан әрі күшейту үшін бірлесіп жұмыс істеуге келісті.

«Әсіресе, аса маңызды шикізатты тасымалдау және жасыл сутегі энергетикасын дамыту мәселесінде мол мүмкіндігіміз бар Сонымен қатар, халықаралық көлік дәліздерін дамытудың маңыздылығын атап өттік. Бұл – қазіргі геосаяси жағдайда өте өзекті мәселенің бірі. Сондай-ақ, Еуропалық Одақтың «Транскаспий халықаралық көлік бағытын» қолдау мүмкіндігін қарастырдық. Бұдан бөлек, Еуропа санкцияларының Қазақстан экономикасына ықпалын болдырмау мәселесін талқыладық», Деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<