БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ТАРИХИ ҚАДАМ

224

0

Университеттердің ел экономикасының бәсекеге қабі­леттілігін арттыруда, интеллектуалды ұлт қалып­тастыруда рөлі айтпаса да түсінікті. Оның ішінде өңірлік университеттерге артылар жауапкершілік өте ауқымды.  Соның бірі осыдан 20 жыл бұрын құрылған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Сыр өңірінің мәдени-әлеуметтік ілгерілеуіне, білім беру ісі мен жергілікті ғылымның  уақыт талабына сай дамуына қызмет етіп келеді.
1997 жылғы 1 қазанда Тәуелсіз еліміздің тарихындағы алғашқы ұзақмерзімді мемлекеттік даму бағдарламасы – «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланғаны белгілі. Онда Қазақстанды дамыған 50 елдің деңгейіне жеткізетін стратегиялық міндеттер қатарында  білім жүйе­сіндегі реформаларды жүзеге асыру қажеттігі атап көрсетілген болатын. Жоғары оқу орындарын біріктіріп, заман талабына сай қайта құру ісі аясында 1998 жылғы 24 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №256 қаулысымен Қызылордадағы гуманитарлық уни­­верситет пен политехникалық инс­­титут біріктіріліп Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті құрылды. ҚР Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрінің 1998 жылғы 25 наурыздағы бұйрығымен жаңа көпсалалы аймақтық университетке ректор болып техника ғылым­дарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов тағайындалды.
Сөз жоқ, осы тағайындау жаңа басшыға зор жауапкершілік артқаны белгілі. Өйткені, бұрынғы екі оқу орындарының бірігуі астарында үлкен талап пен мақсат жатқан болатын. Ол – аймақтағы екі білім мен ғылым ошағының бұрыннан келе жатқан өңірге деген ықпалын еселеп өсіру, мамандар сапасын жоғары деңгейге көтеру, өңірге бірінші кезекте өте қажет деген мамандықтар ашып, оларды жуық арада дамыту, жаңадан құрылған жоғары оқу орны ғалымдарының ғылыми ізденістерінің нәтижелілігін арттыра отырып облыс экономи­касының түрлі салаларын одан әрі дамытуға қолайлы ықпал жасау.  
Осы жерде ерекше жайтты ескеру қажет. Екі оқу орнын қосуды тек біріктіру деп түсіну аздық етеді. Біздіңше, сол кезеңде осы біріктіру арқылы қазақтың туын тіккен өңірдің білім мен ғылым өкілдерінің шығармашылық күші мен қарымын қосу арқылы олардың аймаққа, елге берер шығармашылық мүмкіндігін барынша еселеп өсіру еді. Тоқсан сегіздің наурызынан Сыр бойының жоғары оқу орны үшін жаңа тарихи кезең басталды десе де, артық айтқандық бола қоймас. Өйткені, осыған дейін жеке-дара тірлік жасап келген екі дербес жоғары оқу орындары алдарына ерекше мақсат пен бағдар ала отыра, екі тізгінді біреу етті, сөйтіп өңірдің рухани құндылығы мен әлеуетін бір бағытта, бір сарында, бір арнаға біріктіріп өркендеуге жол ашылды.
Сөз жоқ, жаңадан ашылған іргелі оқу орнының алға қарай өзгеше дамуының жағдайы мен қарқыны, өміршеңдігі мен қойылған талаптарға барынша сәйкестілігі жаңадан тағайындалған басшының өресіне, қабілетіне, білімдарлығына, ыждағаттылығына, қайсарлығына, шыдамдылығы мен табандылығына да байланысты еді. Үлкен ұжымның келе-келе жеткен табыстары сол қойылған басты мақсатқа ие болуда университет ректорының жоғары талапқа лайық болғанының дәлелі.
Қуанарлығы, өңіріміздегі ірге­лі жоғары оқу орнына облыс жұртшылығының, өңір азамат­тарының және аймақ басшыларының көзқарасы мен ілтипаты ыстық және жоғары. Осының айғағы ретінде 2013 жылы университеттің Қамқоршылық Кеңесі құрылғанын айтуға болады. Кеңеске төраға болып сайланған аймақ басшысы өңірдің одан әрі дамуының кепілі осы оқу ордасының заман талабына сай жұмыс атқара алуымен байланысты екенін, алдағы уақытта республикада жоғары оқу орындары бәсекесінде алғашқы бестік қатарына кіруіне барлық қолдан келер істің атқарылатынын жеткізді. Бұл университет ұжымы үшін  үлкен қолдау болды. Сонымен қатар оқытушылар мен студенттерге үлкен сенім еді. Бұл университеттің одан әрі дамуының күрделі бір кезеңі болғаны  рас. Беделді ірі университеті бар өңірдің өзі де мықты, рухани әлеуеті жоғары, эконо­микалық қарымы күшті аймақ­қа айналатыны белгілі.  
Жиырма жыл ішінде университет айтарлықтай мол жетістіктерге иелік етті. Соның ішінде туған өлкенің рухани және мәдени құндылықтарын құрметтеуде, ежелгі өркениеттер орталығы болған өңірдің тарихын студент жастардың санасына сіңіруде көп жұмыс атқарылғанын айту парызымыз. Сыр өңірі халық өнеріне деген айрықша ілтипатымен ерекшеленеді. Осыған орай 1998 жылы республикадағы алғашқы «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы бізде ашылды. Онда кәсіби орындаушы термеші-жыршылар дайындалуда. Бұл өңірдің көнеден келе жатқан қасиетті өнерін бүкіл елге насихаттау мен таратудың кепілі болған шығар.  
Университет әлемнің көптеген беткеұстар білім және ғылым орталықтарымен тығыз байланыс орнату арқасында бұрын ойымызға кірмейтін білім беруді халықаралық деңгейге көтере білді, тәрбиелеп жатқан түлектеріміздің жоғары бәсекелестікке дайындығын көтеріп, нығайтты.
Аймақта өтіп жататын көп іс-шаралардың биік деңгейде ұйым­дастырылуына, облыстық түрлі сала­сының жаңарып, дамуында жаңадан ашылған көпсалалы университет ғалымдары мен түлектерінің лайық­ты, қолайлы орны айқындала бастады. Мәселен, Қызылорда аты­рабын арнайы экономикалық аймаққа айналдыру әдістемесі мен жолдарын жасап, қалыптастыруға университет ғалымдары өз кезінде мол үлестерін қосқаны белгілі.
Өткен кезеңді ойша артқа тастап, біз бүгін сол жиырма жыл бұрын жергілікті екі жоғары оқу орны бірігіп, іргелі университет ашылғаны дұрыс шешім болғанын қадап айтқымыз келеді. Ол қазір өңірдің барлық салаларына оң ықпалын тигізетін ықпалды күшке айналып отыр. Осында өңірдің, елдің көкейкесті мәселелері турасында өздерінің салмақты, білікті, табанды ойлары мен пікірін білдіретін мамандар жүр. Оларды дұрыс бағытпен ілгері тартқан  өзінің жұртқа айтар өнегелі сөзі мен көрсетер жақсы ісі бар басшысы бар. Осы іргелі ұжымда қазір ғылым мен білімге еңбегі сіңген ғалым-ұстаздар, ғылым мен білімді өмірлік ұстанымы мен мақсаты деп таңдаған көп талапты жастар шоғырлануда. Соның арқасында өңірдің  рухани және өндірістік мәселелері өзінің лайықты шешімін табуда.  
Университет қазір еліміздің көпсалалы жоғары оқу орындары арасында алдыңғы ондыққа кіріп отыр. Бұл – жоғары табыс, әрі бұл университеттің соңғы жылдары атқарған мол жұмыстарының әділ бағаланғаны. Сондай-ақ, осыдан жиырма жыл бұрын өңірдің білімі мен ғылымына жасалған тарихи қамқорлық қадамының сәтті де дұрыс болғанының айқын дәлелі.
 Серікбай  ҚОШҚАРОВ,
                        Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры.